16 нау, 2021 сағат 07:30

Қазақстан 174 млн доллардың дәрі-дәрмегін экспортқа шығармақ

Қазақстан биыл 174 млн доллардың дәрі-дәрмегін экспортқа шығармақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Биыл фармацевтика саласының өндіріс көлемі 105 пайыз деңгейінде жоспарланған. Негізгі өсім дәрі-дәрмек өндірісінің 10,2 пайыз ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіледі. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндірісін және 5 жаңа өндірістік қуатты іске қосу оң әсер етеді», - деді өңдеу өнеркәсібін дамыту жайында баяндаған Бейбіт Атамқұлов. 

Оның атап өтуінше, Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын одан әрі іске асыру саладағы өндіріс көлемін 2,5 есеге, яғни 92 млрд теңгеден 230 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. 

«Дәрі-дәрмек экспорты 3 есе артып, 58 млн АҚШ долларынан 174 млн АҚШ долларына дейін жетеді», - деді ол.