19 қыр, 2025 сағат 12:02

«Қазақша сөйлемеу – намысқа сын» – Максим Споткай

Фото: Facebook/Максим Споткай


Кеше сайтымызда «Көп ортада үштілділік көрініс тапқаны қуантады» – Өзге ұлт өкілдерінің тіл туралы пікірі қандай?» деген тақырыпта материал жарияланған болатын. Онда мемелекеттік тіл мен өзге тілдерді меңгеру туралы еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің ел алдында жүрген азаматтарымен тілдесіп көрген едік. Осы мақалаға орай, Сенат Аппаратының басшысы Максим Споткай да өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.


Қазақстанда тұрып қазақша сөйлей алмау – ар-намыстың мәселесі екенін айтқан ол өзінің бірнеше тілді меңгергенін жеткізді.


«Бұл жерде Қадыр Мырза Әлі ағамыздың әйгілі өлеңі еске түседі: «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» деген өлеңінің мәні терең. Біздің елімізде алуан этнтстардың өзара сыйластықта, толерантты, бейбіт қатар өмір сүруі – Қазақстан қоғамының басты байлығы. Біздің елімізде өз тілінде сөйлеп жатқан этнос өкілдеріне тыйым салып жатқан ешкім жоқ. Барлық этностар өз тілінде сөйлеуге еркі бар, бірнеше тілде білім беретін мектептер бар, газеттер шығады.
Бірнеше тілді білетін адамдар біздің елімізде ерекше құрметке ие. Әсіресе, өз этносынан өзге тілде сөйлей алған адамдарды қадыр тұтамыз, құрметтейміз. Көбінесе, көп тіл білген адам қоғамда белгілі тұлғаға айналады, танымал болады, жоғары лауазымға ие болады. Ол баспасөзде, теледидар мен радиода, әлеуметтік желілерде көрініс тауып отыр. Бұл жастарды, балаларды өзге тілдерді үйренуге ынталандырады деп есептеймін. Сондықтан, тіл үйрену әркімнің өз еркі болса да көп тіл білу – құрмет пен мәртебеге ие болу жолы. Оңай болмаса да тіл білуге ынталанбау мүмкін емес.
Өзім бірнеше тілді жақсы білемін. Сондықтан – өзіміздің елімізде тілді үйренейік, білейік, сөйлейік. Бұл жерде мемлекеттік тілдің ерекше орны бар екенін түсіну керек. Қазақстанда тұрып қазақша сөйлей алмау – ар-намыстың мәселесі. Өз тілінде сөйлей алмайтын отандастарымызды көрген шетелдіктердің бәрі біздің жерлестерімізге күле қарайтыны жасырын емес», деді Максим Споткай.

 

Қазақстанда көпұлтты қоғамда тілдердің қатар қолданылуы көңіл қуантады. Дегенмен, Сенат Аппаратының басшысының айтуынша, екеттік басқару органдарында мемлекеттік тілді қолдануға тиіспіз.


«Бүгінгі таңда Қазақстан қоғамы көп тілді. Оны автобусқа отырсаңыз, таксиге отырсаңыз, ұшаққа мінсеңіз анық көзіңіз жетеді. Ұшақтарда әуежайларды үш тілде жариялайды. Автобустарда аялдамаларды екі тілде айтып тұрады. Такси жүргізушілері тіпті таяу шетел тілдерінің бәріне сөйлей береді. Тілдердің қатар қолданылуы деп осыны айтар едім.
Ал мемлекеттік басқару органдарында мемлекеттік тілді қолдануға тиіспіз. Ол бәріміздің басты міндетіміз. Мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі – тіл екенін жақсы білеміз. Сондықтан оған еш ренжімей, мемлекеттік тілде сөйлеп, оны құрметтеу – бәріміздің парызымыз», деді Максим Споткай.