06 нау, 2025 сағат 13:02

Қазақша комикс кітаптарға сұраныc артып келеді

Фото: pexels.com
Ағылшын тілінен аударғанда суреттегі әңгіме, суреттегі оқиға деген мағынаны білдіретін комикс жанрындағы шығармалар сонау орта ғасырлардан тамыр тартса да, бүгінде әлемдік деңгейде енді ғана кең тарай бастады. Соңғы жылдары бұл жанрдағы шығармаларға деген сұраныс арта түскені жасырын емес. Мұндей тенденция біздің елде де байқалып отыр. Әсіресе аниме жанрындағы қызықты оқиғаларды бүгінгі буын қызығып оқитын болған, деп хабарлайды Ult.kz.

Комикс кітаптардың кең тарауына соңғы жылдардағы ақпараттық технологиялардың дамуы мен баспа ісіндегі безендіру тәсілдерінің түрленіп, жетілдірілгені де түрткі болып отыр. Себебі баланы бояуы солғын, суреттері сұрықсыз кітаппен еш қызықтыру мүмкін емес. Бүгінде баспагерлер кітап безендірудің түрлі тәсілдерін меңгерген. Сол арқылы комикстің де нешеме түрін ұсынып отыр.

Әлем әдебиетіндегі комикстер туралы әңгіме басқа. Ал еліміздегі комикс жанрындағы шығармаларға келсек, олардың қарасы қалың емес. Дүкен сөрелерінде самсып тұрғандары көбіне аударма өнімдер. Оларды орыс тіліндегі кітаптармен салыстырсақ, басымдық басқа тілдің жағына шығып кетеді. Әрине бұған біреуді кінәлап отырған жайымыз жоқ. Бүгінде кітап шығаруға да әжептәуір ақша кететіндіктен, шығармашылықпен айналысу да біртіндеп бизнеске айналып бара жатқаны рас. Яғни комикс кітаптардың да бүгінгі аяқ алысы ұсыныс пен сұранысты реттеп отыратын нарықтың заңдарына тәуелді. Десек те соңғы уақытта оқушы жастардың қолынан комикс кітаптарды жиі байқап жүрміз. Демек, әлеуметтік желідегі қас қағым сәттік контенттерді ғана көріп, соған еті үйренген жасөспірімдер тұтас бір кітапты қамтитын романдарды, ол тұрмақ 40-50 беттен тұратын повестің өзін оқығаннан гөрі минимализмге негізделген қысқа да нұсқа мәтінді комикстерге қызығады.

Біз сөзге тартқан елордалық оқушы Айару Ақылша кітапты аса бір жоғары талғаммен оқымаса да, көбіне комикстерге көңілі ауып тұратынын жасырмады.

"Әрине, өзіме ұнаған жас оқырмандарға арналған кітаптарды ата-анама алдыртып оқып тұрамын. Бірақ көбіне комикстер ұнайды. Себебі ондағы сюжет суретпен сүйемелденіп отырады да, соңына жеткенше шарықтай түсіп, өзіне баурап әкетеді. Комикс сонысымен қызық. Оның үстіне үй жұмысын орындау, қосымша сабақтарға бару да уақытты алатындықтан үлкен повестерді оқуға уақыт көп бола бермейді.  Шынымды айтсам, кітап оқығым-ақ келеді, бірақ ұзақ оқиғаны баяндайтын роман, көлемді повест оқуға әлі дайын емес сияқтымын. Мүмкін үлкен кітаптарға деген құштарлығымды осы комикске деген қызығушылығым ашатын шығар", – деген Айару отандық комикстер де көптеп шықса деген қалауын айтып қалды. 


"Мен әлі қазақстандық жазушылар жазған комикс кітаптарды оқымадым, анығы әлі кездестірмедім. Көбіне шетелдік өнімді аламын. Әсіресе түрік әдебиетінің комикстері ұнайды. Қазақша аудармасы да түсінікті, оқуға жеңіл. Десек те комикс шығармалардан өзіміздің қазақ кейіпкерлерін көргім келеді. Жақында еліміздің даңқты спортшылары туралы комикс шыққанын естіп қуанып қалдым", – дейді Астана қаласындағы №87 Абай атындағы мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Айару Ақылша.


Әрине, қазақ тіліндегі комикстер жоқ деп бірден кесіп айтудан аулақпыз. Khancomics компаниясына қарасты «Жеті әлем», «Еркетай», «Физика», «Жетісу», «Ермек батыр», «Орда», «Kz-komiks», «Алты адам» деп аталатын балаларға арналған комикс журналдар бар. Бірақ бұл басылымдардың аты қазақша болғанымен, мәтінінің бүйрегі көбіне орысшаға бұрылып тұр. 
Qazcomics-тің де өнімдері баршылық. «Еңлік-кебек», «Кенесары-Наурызбай», «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сынды лиро-эпостық жырлар мен хас батырларымыз жайлы  өнімдер де сатылып жатыр. Бірақ батырлар жырымен ғана бұл мәселені толық шешіп тастау жеткіліксіз. Бүгінгі сұраныстағы, заманауи трендтер төңірегіндегі шығармаларға да көбірек мән берген жөн-ақ.

Бұл пікірімізбен атыраулық студент, болашақ журналист Гүлнәсіп Бейсембаеваның да ойы үндесе кетті. Оның айтуынша, бүгінде жасөспірім балалардың қолынан түспейтін комикс кітаптар шыққалы ата-аналардың да көңілі көтеріңкі екен.

"Ең бастысы бұл кітап ұялы телефон қажеттілігін азайтты. Балалар комикс оқуға асық болса, ата-аналар баласының осы қадамына қуанып жүр. Тіпті әлеуметтік желілерде ата-аналардың комикске қатысты жазған пікірлерінен-ақ мұндай кітаптың ерекшелігін байқауға болады. Бірақ комикс кітабының қазақша нұсқалары өте аз. Және осы олқы тұстың орнын толтыру үшін қазір қазақ қаламгерлері әрекет жасап жатыр екен. Алда қазақша нұсқадағы комикстер көптеп шығады деген үміттеміз", – дейді атыраулық студент Г.Бейсембаева.


Жақында белгілі тележурналистер Азамат Әбілқайыр мен Аслан Қаженов төл әдебиетіміздің қоржынын қазақша комикстермен толтырғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Осы ретте жас жазушы, қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі өкілдерінің бірі Азамат Әбілқайырдың «Facebook»-ке жазған пікірін бөлісуді жөн көрдік.

"Форматы шағын, мазмұны тартымды, суреті баурап алатын комикс кітаптар дүкендерде самсып тұр. Бірақ солардың басым бөлігі қай тілде? Әрине, осы сұраққа келгенде мүдіріп қаламыз. Ойын баласын жалт-жұлт еткен қызылды-жасыл суретімен, бас алмай оқитын қызғылықты сюжетімен елітіп әкететін қазақша комикстер өте аз. Тіпті, жоқтың қасы. Сөз бен сурет өнерін бір арнаға тоғыстырған комикстер бәсекесінде есеміздің кетіп жатқаны қынжылтады. Бірақ солай екен деп қарап отырмадық, әрине. «Біз не істей аламыз?», «Балалар әдебиетіне қалай үлес қосамыз?», «Ана тілімізде қайтсек комикс шығарамыз?» деген ниеттен туған бастамамыз «Қазақ чемпиондары» атауымен жарыққа шықты», –дейді А.Әбілқайыр. 


Спорт жұлдыздарына арналған аталған баспа өнімдерінің бас-аяғы бес кітап.

Онда Елдос Сметов, Демеу Жадыраев, Назым Қызайбай, Нұрбек Оралбай, Геннадий Головикн сынды чемпиондарымыз бен жүлдегерлеріміздің бала шағы, кәсіби спорттағы қызықты жайттары балдырған тіліне, танымына ыңғайлап берілген. Автордың айтуынша, кітаптағы оқиғалардың бәрі шынайы оқиғаға негізделген. 

«Төл әдебиет мен мәдениетті, тарихымыз бен құндылықтарымызды комикс түрінде жеткізіп, дәріптеу – өте ұтымды тәсіл. Себебі, комикс – балаларға арналған әдебиеттің жас, заманауи жанрларының бірі», деген жазушы Азамат Әбілқайыр не себепті спортшыларды таңдаған сырымен де бөлісті. 

«Кезінде алаштықтар «бабамыз керемет еді», «батырларымыз шетінен дүр еді», «өткен күнім тамаша еді, аталарым-ай» деген сыңайда шығарма жазып па еді? Аз. Бірен-саран. Мағжанның «Батыр баяны» бар. Онда да адам хақы көтерілген. Бабаны шеттен тыс ұлықтау, тарихымен мақтану жоқ. Бәрі де өз замандастарының мұңын, қуанышын, жеңісі мен жеңілісін шығармасына ту етті. 

"Қазақ чемпиондары» комикс кітаптарының кейіпкерлерінің барлығы өткен уақыттың адамдары емес. Бәрі де біздің замандастарымыз, ортамызда жүрген азаматтар. Иә, Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовті комикс кейіпкері қылып, өскелеңге өнеге етудің себебі бар. Ол қалай десеңіз де бүгінгінің батыры, мыңдаған жас елдостардың кумирі. Жер-жаһандағы джудошылары мойындаған ірі спортшы. Тірі тарих, аңыз адам. Яғни, қай саланың адамын жазбайын, кейіпкерім менің замандасым болуы шарт. Адамды тірісінде құрметтеп, айбынын асырып, кішіге өнеге қылайық деген месседж де бар", дейді А.Әбілқайыр. 

Алда өзге де жоспары барын жеткізген жас жазушы бұйыртса ғалымдар жайлы да комикс кітап шығаруды мақсат тұтыпты. Жалпы, кімді жазса да, қандай жанрда ұсынса да, көздегені – балалар әдебиетіне қызмет қылу екенін айтты.


Жасұлан Бақытбек

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік желіге тәуелділік қауіп төндіруде: "Балалардың 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізеді"