27 ақп, 2025 сағат 13:44

"Қазақфильмнің" көздегені не? Бір топ өнерпаз киностудияның жұмысына шағымданды

Фото: Qazaqstan.tv

Жуырда Еуропадағы халықаралық кинофестивальде жүлделі орындар алған "Әбіл" фильмінің режиссері Елзат Ескендірді "Қазақфильм" киностудиясы ғимаратына кіргізбей қойған. Бұл туралы өнертанушы Ерлан Төлеутай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ult.kz.

"Рухани ашаршылыққа ұшырату саясаты"

Ерлан Төлеутай студия басшылығы өнерпаздарды жеңіспен құттықтайды деп күткен, алайда ешкім хабарласпаған. Сол себепті олар «Қазақфильмге» өздері баруға шешім қабылдаған, алайда күзет ішке кіргізуден бас тартқан.

"Шынтуайтында біз «Қазақфильмге» ерігіп бармаған едік. Еуропадан соң «Қазақфильм» басшылығынан хабар күткелі аптаның жүзі болған-ды. Алайда А.Омаров біздей халықаралық кинофестиваль жеңімпаздарын құттықтамақ түгілі хабарласуды бойына ар санады білем – хабарласпады", – деп жазды Төлеутай.


Сондай-ақ, ол студияда «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Астанаға көшіру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Оның пікірінше, бұл шешімнің артында киностудия жерін сату мүддесі тұр, себебі «Қазақанимация» ұжымы бұған қарсы болып келген.

"Мұның артында қазақ сәбилерін рухани ашаршылыққа ұшырату саясаты жатыр", – деп сенеді ол.


Ерлан Төлеутай мәдениет қайраткерлері мен қоғамды киногерлерге қолдау көрсетуге және ұлттық анимацияны сақтап қалуға шақырды.

Жарияланған бейнежазбада Төлеутай мен Елзат Ескендірдің киностудия қақпасының алдында тұрып, ішке кіре алмай тұрған сәті көрсетілген. Телефон арқылы сөйлескенде, біреу күзетке оларды кіргізбеуді тапсырғанын айтқан.

Айта кетейік, «Әбіл» фильмі Франциядағы халықаралық кинофестивальде үш мәртебелі марапатқа ие болған еді.

Кім кінәлі?

Кейін «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудия» АҚ Ерлан Төлеутайдың жазбасына қатысты түсініктеме берді. Ұжымның пікірінше, фильм авторлары тым ерте қамданып қойған. Сәл күтсе, құттықтау да жететін еді.

"Киножобалардың авторларын құттықтау бойынша жүйелі жұмыс бар – бұл әлеуметтік желілерде міндетті құттықтаулар. Және киностудия ұжымы міндетті түрде бірнеше фестивальдердің қорытындысы бойынша фильмді айдың соңында құттықтайды", - делінген хабарламада.


Ал фильм авторларының іссапарына қаржы бөлінбегені - мердігер компанияның өз міндеттерін орындамағанынан болды деп отыр.

"Бұл фильм бойынша серіктесіміз «Танарис» ЖШС кинокомпаниясы фильмнің коммерциялық сатылымынан пайда табу мақсатында фильмді халықаралық кинонарықтар мен кинофестивальдерде ілгерілету бойынша қаржылық міндеттемелерді мойнына алған. Осыған орай, киностудия келісім шарттарына сәйкес шығармашылық топтың сапарын қаржыландыру үшін «Танарис» ЖШС кинокомпаниясына хабарласқан, алайда бүгінгі күнге дейін «Танарис» ЖШС кинокомпаниясынан жауап келген жоқ", - дейді киностудия.


Ал неліктен ғимаратқа кіргізбегені туралы сұраққа "Қазақфильм" авторлармен бұған дейін кездескенін жеткізді. 

"Жер сатылатыны туралы ақпарат жалған"

Киностудия "ғимараттың жерін сатпақ" деген ақпарат жалған дейді. Сонымен қатар, мұндай әрекеттер студияның даму мүдделеріне қайшы келетінін және қазіргі басқару саясаты аясында жоспарланбағанын жеткізді.

"2025 жылдың 25 ақпанында «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы» АҚ ғимаратының алдында (Алматы, Әл-Фараби даңғылы, 176) өткен рұқсат етілмеген митингіге қатысты айтатынымыз: митингке жиналғандар Қазақстандағы анимация саласын одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарға наразылықтарын білдірді. Анимация саласының даму болашағын түсіндіру мақсатында жиынға жиналғандарға Киностудия басшылығы түсініктемелер беріп, келіссөздер қорытындысы бойынша анимация саласының өкілдерімен кеңейтілген жиын өткізу туралы шешім қабылданды", - деп жазды "Қазақфильм" өкілдері.


Киностудия «Қазақанимация» ШБ-ні Астана қаласына көшіру мәселесі қаралып жатқанын және кәсіби қоғамдастықпен міндетті түрде талқылайтынын жеткізді.