
Қалам мен қаруды қатар ұстап, қанды қырғынға қатысқандардың ішінде қазақтың ақын-жазушылары аз емес. Жеңіс күні қарсаңында майдангер ақын-жазушылардың қаламынан туған шығармаларды дәріптеп, Алтын қордағы дауысын тыңдарманға жеткізу мақсатында «Қазақ радиосы жаңа жоба ұсынбақ.
«Батырлар рухына тағзым» атты он күндік бағдарламалар топтамасы аясында 1-10 мамыр аралығында күн сайын сағат 17:45-те Қазақ радиосының әуе толқынынан арнайы хабарлар беріледі.
«Батырлар рухына тағзым» хабарынан қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш ұшқыш Хыйуаз (Хиуаз) Доспанованың, поэзия мен соғыс қаһарманы Хамит Ерғалиевтің, отты жылдарды өлеңмен өрген Сырбай Мәуленовтің, майданның алдыңғы шебінде ән салған Роза Бағланованың, қырыққа жуық кітап жазған соғыс ардагері Қалмұқан Исабаевтың, Мәншүк жайлы жыр авторы Әзілхан Нұршайықовтың сыр-сұхбаттарын, соғыс жайлы өздері айтқан естеліктерін тыңдай аласыздар.

«Мен қазақпын» деп жырлаған Жұбан Молдағалиев пен әйгілі партизан Қасым Қайсеновтің де ертеректе Алтын қорға жазып алынған үн таспалары әуе толқынынан таратылады. Әйгілі «Солдат соғысқа кетті» автобиографиялық романының авторы, жазушы, соғыс ардагері Кемел Тоқаев туралы Әбілфайыз Ыдырысовтың Алтын қордағы естелігі мен Әбу Сәрсенбаевтың майдан жырлары эфирден беріліп, батырларымыз тыңдарманмен қайта қауышады.
«Жеңісті жақындатқан жандардың ерлігін құрметтеп, рухына тағзым ету ұрапаққа жүктелген зор міндет. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл. Осынша уақыт өтсе де қан майданның сұрапыл күндері талай жүректерде сызат қалдырып, қаншама шаңырақты ортасына түсіргені ешқашан ұмытылмайды. Соғысқа аттанған 1 миллион 200 отандасымыздың жартысына жуығы ұрыс даласында қаза тапты, елде қалғандары тылда еңбек етті, 500-ден астам қазақстандық Кеңес одағының батыры атанды»,- делінген Қазақ радиолары таратқан ақпаратта.
