Менiң есiме дәл қазiр бұдан он-он бес жыл бұрын «халқым» деп сөйлесе қабырғасы қақырап сөгiлiп кететiн қадiрлi бiр азаматпен арамызда болған әңгiме түсiп тұр. Әдебиет айналасынан өрбiген ол әңгiме ұлғая-ұлғая барып, Абайға барып тiрелген едi.
Екеумiздi әңгiменiң әбден елiктiрiп алып кеткенi сонша, сол отырыста бiр-бiрiмiзге ойымызға қордаланып жиналған пiкiрдi армансыз шешiп, жанымызға шемен боп қатқан шердi алғаусыз ағытқан едiк. Ондай кезде, әрине, бiр сөздi бiр сөз сүйрелеп, бiр шердi бiр шер қозғап, жаныңның қыртыс-қыртысындағы қырындыға дейiн қалдырмай, сыртқа алып шығары сөзсiз. Сондай бiр тұста әлгi қадiрлi азамат: «Абай, әрине, ұлы ақын, қайталанбас құбылыс. Оған ешкiмнiң де дауы жоқ. Бiрақ мен ұлы ақындықты күрескерлiк деп бiлемiн. Әлбетте, Абайда күрескерлiк жоқ қой дей алмаймын. Ол да ұлы күрескер. Дегенмен, күрескерлiктiң де күрескерлiгi бар. Мен, ақын үшiн ең ұлы күрес – елiнiң азаттығы мен бостандығы үшiн күрес деп ұғам. Ал Абай, ең алдымен, ұлы ағартушы, реформатор. Оның өлеңдерiнде Ақтамбердi, Бұқар, Махамбет өлеңдерiндегiдей «азаттық» деп айқасып, «бостандық» деп шайқасып жатқан күрескерлiк жоқ. Қанша қайталап оқысаңыз да, сiз Абайдан «жауға аттанам», «азаттық үшiн күресем», «бостандық үшiн жан берем », «отаршылдық –кiсен, бодандық бұғау«? деген сияқты сөздердi таба алмайсыз. Ал Абайдың өмiр сүрген тұсы Ақтамбердi, Бұқар, Махамбет өмiр сүрген кезеңдерге қарағанда мамыражай ма едi?
Қайта, Абай өмiр сүрген тұс– отаршылдықтың әбден меңдеп, кiрiп алған тұсы емес пе едi? Әрине, мен бұл сөздердi айтқанда, Абайды тiптi де кемiтiп отыр деп ойламаңыз. Абай– Абай! Қайталап айтам, ол– ұлы тұлға, қайталанбас құбылыс! Бiрақ менiң сөзiме де ден қою керек деп бiлем. Оған көз жеткiзу үшiн Абайды тағы бiр оқып шығыңызшы«, – дегенi.
Мен сол әңгiмеден кейiн Абайды бiр емес, әлденеше рет оқып шықтым. Әрине, әлгi қадiрлi азаматтың айтқан пiкiрiне көз жеткiзу үшiн емес. Өйткенi мен Абайда Ақтамбердi, Бұқар, Махамбет өлеңдерi сияқты аттандап тұрған өлеңдердiң жоқ екенiн ол әңгiмеге дейiн де жақсы бiлетiнмiн. Тiптi, мен, сол тұста-ақ, азаттықты аңсап, отаршылдыққа жаны күйiнiп, опынып сөйлейтiн өлеңдердiң Абайдан кейiнгi ақындарда да – Мұрат, Мағжандарда да жеткiлiктi екенiнен азын-аулақ хабардар едiм.
Дегенмен мен, ешуақыта да, ұлы Абайдың халқымыздың өзiне дейiнгi сан ғасырлар бойы ой-қазыналарын бойына қорытып алған, мүлде жаңа рухани дүние, мүлде жаңа әдеби әлем әкелген Алып екенiне күмән келтiрген емеспiн. Солай бола тұра, әлгi қадiрлi азаматтың «Абай, әрине, ұлы тұлға, қайталанбас құбылыс деп, алып, «оның өлеңдерiнде Ақтамбердi, Бұқар, Махамбет өлеңдерiндей «азаттық» деп айқасып, «бостандық» деп шайқасып жатқан күрескерлiк жоқ» деуi ұзақ жылдар бойы құлағымның түбiнен ызыңдап кетпей қойғаны рас. Ол сөздер құлақ түбiнен кетер де едi, егер сол қадiрлi достың, ашық болмаса да, әлдененi тұспалдап айтқан сөздерi басқа жандардың пiкiрлерiнен де әр жер-әр жерден қылаң берiп қала бермесе. Әрине, «азаттық», «бостандық» сияқты аса қастерлi, қасиеттi сөздер айтылып жатқан ол тұспалды пiкiрлер талайды-ақ елiктiрерi сөзсiз. Өйткенi «азаттық», «бостандық» деген сөздер кiм-кiмге де, жер басып жүрген жұмыр басты ұлылардың қай-қайсысына да үлкен сөздер ғой. Қарап тұрсаңыз, бәрi дұрыс.
Жырауларды оқып көрiңiзшi:
Жиембет жырау:
Қол-аяғым бұғауда,
Тарылды байтақ кең жерiм!
Арманда болып барамын,
Қоштасуға аял жоқ,
Қалқаман, Шолан ерлерiм!
Ақтамбердi жырау:
Дұшпаннан көрген қорлығым.
Сары су болды жүректе.
Он жетiде құрсанып,
Қылыш iлдiм бiлекке.
Жауға қарай аттандым,
Жеткiз деп, құдай, тiлекке.
Бұқар жырау:
Егер шүршiт келмесiн,
Егер шүршiт қаптаса,
Алып бiр жейдi ақтарып
Көмулi көрден денеңдi.
Махамбет:
Қатын-бала, мал бағып,
Үйде отырман өлем деп.
Қорлықта жүрген халқыма
Бостандық алып берем деп...
Мiне, бұл жолдардың қай-қайсысы да «елiм», «жерiм» деп, «азаттық», «бостандық» деп қылыштары жарқылдап, қалқандары қаңғырлап тұрған нағыз сардар, сарбаз жолдар емес пе?! Бұл жолдардың қай-қайсысы да «өлсем, өлем, бiрақ берiлмен» деп тұрған жоқ па? Ал дәл осы жерде әлгi қадiрлi доспен, яғни онымен пiкiрлестер: «Мiне, көрдiңiз бе, ұлы жыраулар жаумен алысқан, ал Абай өз қағазымен алысқан», – деп шыға келуi мүмкiн. Ондай сөз бола қалған жағдайда, ойы тайыз, бiлiмi таңқылау жандар мен буыны бекiп, бұғанасы қатпаған жасөспiрiмдердiң селт етiп, елiге қалуы ғажап емес. Өйткенi қалай болғанда да, «азаттық», «бостандық» деген ұғымдар Абай деген ұлы тұлғадан үлкен. Оған кiм-кiмнiң де көзi жетсе керек. Мiне, осының өзi-ақ сыбырға тiлi жүйрiк, сыпсыңға құлағы түрiктердiң қызба желдерiн қыздырмалап кетер сөзсiз.
Әрине, ақырын байқап, аңлап сөйлемесе, кез келген салыстыру қауiптi. Ондай кезде екi шоқып, бiр қарамасаң, салыстыру салыстыру болып шықпайды, салыстыру бiрiне бiрiн қарсы қою, бiр-бiрiмен салғыластыру болып шығады. Олай болса, Бұқар, Махамбет, Абайларды бiр-бiрiмен салыстырулар арқылы емес, салғастырулар мен жалғастырулар арқылы қарастырған жөн. Әрине, мұны айтқанда, әр таудың өз биiгi, әр мұхиттың өз тереңi бар екенiн ұмытпау керек. Абай – Абай! Ол мүлде ерекше ұлы дүние! Онымен кiм-кiмдi де қатар қою барып тұрған күпiрлiк болып шығады. Дегенмен, Абай тақыр жерге өздiгiнен пайда бола қойған жоқ едi. Абай деген алып бәйтеректiң ұлы тұлғалар жатқан құнарлы топырақтан тамыр тартқанын ешкiм де жоққа шығара алмайды.
Солай бола тұра, Абайдың «азаттық», «бостандық» туралы отаршылдыққа қарсы бiр ауыз сөз айтпауы, айтса да, алыстан орағытып айтуы қалай? Елi үшiн жандасып, жерi үшiн қандасқан, ұлт азаттығы үшiн күрескен, артық туған ерлердiң, ең болмаса бiреуiнiң есiмiн атамауы несi?! Бұл сұрақтарды мойнын iшiне тыққан жандардың, ашық болмаса да, әр жер-әр жерде қойып жүргенi рас. Әрине, бұл сұрақтар – iшкi астарсыз, қауқарсыз, жалаң сұрақтар. Өйткенi Абай даналығына, Абай құдiретiне, тереңiрек үңiлсеңiз, мүлде басқаша ойға қаласыз.
Менiңше, Абай азаттық пен бостандықтың қадiрiн өз тұсындағы жандардың қай-қайсысынан да асып бiлген. Ақтамбердi, Бұқар тұстарында қазақ жерiне отаршылдық әлi кiре қоймаған, тiптi, Махамбет заманында да отаршылдық Абай кезеңiндегiдей әбден тырнағын батырып, ендеп кетпеген едi. Ақтамбердi, Бұқар кезеңдерiнде де, кейiнiрек Махамбет тұсында да қазақ халқы азаттықтың мәнiн, бостандықтың дәмiн көп-көп кезеңдерден жақсы бiлетiн. Сондықтан да олар азаттық үшiн шабысты. Ал Абай тұсында ше? Ол тұста отаршылдықтың әбден күшiне енiп, қанды балақ, шұбар төске айналған кезi ғой. Ал отаршылдықтың халыққа қарсы қолданатын ең үлкен қаруы – қараңғылық пен сол қараңғылық кiндiгiн кескен надандық. Көзiн қараңғылық пен надандық байлап алған кезде халықтың азаттық пен бостандықты қорек ете қоюы қиын. Абай қазақ халқын дәл солай қараңғылықтың қалың тұманы тұмшалап алғанда өмiр сүрдi.
Абай халықты азаттық пен бостандыққа қарай алып шығу үшiн алдымен оны қараңғылықтың отарынан, надандықтың боданынан құтқару керек деп ұқты. Қараңғылықтың бұғауы мен надандықтың кiсенiнен азат болмаған ел ешуақта да азаттық алмайды деп бiлдi. Сондықтан да ол «азаттық» деп айқайлаған жоқ, «бостандық» деп бұлқынған жоқ.
Қараңғылық – бар бәленiң бастауы. Қараңғылық тұсында ел iшi зымиян iс, сұрқия жүрiске толып кетедi. Қара шоқпар, ақ сойылды зорлық-зомбылық, жұлын үзiп, омыртқа опырған озбырлық, малымен қосып арын сатқан билiк құмарлық, не иманы, не ұяты жоқ екiжүздi сатқындық, әзәзiл күлкiлi, әзiрейiл сықпытты жексұрындық, ел түгiлi, екi адамның басын қоспайтын алауыздық пен алакөздiк, елдiң берекесiн кетiрiп, ырысын қуған бұзықтық пен бүлiкшiлдiк – бәрi-бәрi сол қараңғылықтың құрсағынан шығып, надандықтың жөргегiнде өсiп-өнген аса қауiптi, қатерлi құбылыстар. Мiне, Абай қазақ халқының көзiн тұмшалап, бойын еңдеп жайлап алған осы аса қатерлi құбылыстармен күрестi. Ол қатерлi құбылыстармен күресу, ол құбылыстарды халық бойы мен ойынан қуып шығу – жауға аттандап шапқаннан қиын болмаса, оңай болмаса керек. Керек десеңiз, Абайдың қараңғылықпен күресi әлi де жалғасуда!
Абай бүкiл iлiм-бiлiмiн, бүкiл жан жылуы мен қызуын, бүкiл күш-қуатын өз халқын сол қараңғылық құрсауынан азат ету жорығына жұмсады. Ол жорықта оның сарбазы да, сардары да болған жоқ. Ол жалғыз жүрiп мыңмен алысты. Ол мыңдар «ала жылан, аш бақа күпiлдектер» едi. Ал қаптаған күпiлдектердi сөзге ден қойғызып, уәжге тоқтату мүмкiн бе? Ол қаптаған күпiлдектердiң бәрiне емес, бiреуiне ғана көз салып қараңызшы:
Барып келсе Ертiстiң суын татып,
Берiп келсе бiр арыз бұтып-шатып –
Елдi алып, Едiлдi алып есiредi,
Iсiп-кеуiп, қабарып келе жатып.
Бұтып-шатып бiр арыз бергенiнен масаттанғаны сондай, «Ел менен Едiлдi қатар алып кеткендей iсiнген» көрмәдiк, өркөкiрек, шексiз даңғойлық дұрыс сөзге, сiрә да, құлақ қояр ма? Өйткенi онда сана, санаға түсер сәуле жоқ қой. Тас қараңғы ғой. Тасқараңғы адамның құлағы да таскерең. Мықты болсаң, тасқараңғы, тас керең адаммен алысып көр!
Қараңғылық пен надандықтың табиғатын арғы-бергi заманда ешкiм де Абайдай терең зерттеп, Абайдай жете бiлмеген. Ол қараңғылықтың бiр қатпар, бiр қуысын да қалдырмай, түгелiмен айқара ашып көрсетiп бередi. Мәселен, надан адамның «сұм, сұрқия, қу« атанбаққа құмар болатынын бүкiл әлемдiк әдебиетте алғаш рет кiм айтты? Тек Абай айтты. Тағы да қайта-қайта айтты. Надандықтың сол портретiн ол мына жолдармен тағы да нақтылап бередi:
Сабырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ.
Өтiрiк, өсек, мақтанға
Ағып тұрса бейне су,
Ат, шапаннан кем көрмес,
Бiреу атын қойса «қу«.
«Сұм-сұрқия», «қу» деген сөздер–кiм-кiмдi де, егер ол өзiн сыйлай алатын адам болса, намыстан шарт сындыратын сөздер. Ал сондай қорлау сөздерге әлiгiндей күпiлдектердiң мақтау естiгендей марқайып, құс жастыққа сүйенгендей шалқайып қалатыны нелiктен? Әрине, қараңғылығынан, надандығынан. Бұл қолдан жасалынған, қиылдан алынған портрет емес. Өмiрден алынған портрет. Ол қараңғы надандықтың сарқыншағы, несiн жасырамыз, әлi де бар. Олай дейтiнiмiз, көбiмiз-ақ, «о қу-ай« десе, жалпайып күлiп жайраңдап, «о, сұм-ай« десе, шалқайып күлiп марқайып қалатынымыз өтiрiк пе? Апыр-ай, надандық деген, ұлттық намыс түгiлi, адамдық намыстың өзiн жеп қоятын жебiр екен ғой.
Абай надандықты қолына ұстап отырған заттай аударыстырып, төңкерiстiрiп, бар мүйiс-бұрышынан, бар бүйiр, бар тұсынан қарастырып қана қоймайды, оны қақ жарып, қанын сорғалатып тұрып, өзегiне дейiн ашып бередi. Тiптi, ондайда надандықтан тура даңғойлықтың өзi әлденеше трге енедi. «Сұм-сұрқия, қу атанбаққа құмар« даңғоймен бiрге:
Ит көрген ешкi көзденiп,
Елерме жынды сөзденiп
кететiн даңғоймен де кездесемiз. Абай, сонымен бiрге өзiнiң жиырма алтыншы сөзiнде: «... надан қуанбас нәрсеге қуанады және, қуанғанда да, не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзi бiлмей, есi шығып, бiртүрлi мастыққа кез болып кетедi. Және ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды«, – дейдi. Бұл–адам болмысының бейшара күйге түсуi, адам жанының қараңғылықтың ең қапас түбiне дейiн құлдырауы ғой. Мұндай қара талақ надандық сенiң азаттығыңды, бостандығыңды неғылсын. Мұндайда, ең алдымен, адамды қараңғылықтың қапасынан құтқарып алу керек.
Қараңғы надан– тек сөз ұқпайтын таскерең ғана емес, сонымен бiрге ол ештеңенi көре алмайтын, жақсыны жақсы деп, жаманды жаман деп айырып бiлмейтiн көрмәдiк те! Ондай көрмәдiк жан:
Самородный сары алтын,
Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезiне.
Асылды, алтында тани алмайды. Жез бен алтынды айырып бiлмейтiн неткен көрсоқырлық десеңiзшi! Ондай жан кiмнiң қадiрiн бiлiп, кiмнiң ұшпағына шықпақ. Кiмдi құрметтеп, кiмдi төрге оздырмақ? Оған алтын да бiр, қамқа да бiр, бөз де бiр. Не адамның басын, не атаның жасын құрметтей алмайтын, асыл мен алтынның қадiрiне жетпейтiн ондай адамнан не үмiт, не қайыр? Ондай көрмәдiк жан кiмнiң намысын жыртып, кiмнiң сөзiн сөйлей алмақ? Ұлттың ба? Ұрпақтың ба? Ондай жан кiмге қорған, кiмге пана болмақ? Көз алдында асылын алып, ардағын жағып бара жатсаң да оған бәрi бiр. Оған өзi аман болса, өзiнiң өзегi талмаса болды. Ол жан– рухани өлексе жан.
Тағы да, Абай надандық жайлап алған адамды қайырым дегендi бiлмейтiн, қаны қатып қалған қатыгез, мейiрiм дегендi сезбейтiн тасжүрек деп бiледi.
Қазақтың өзге жұрттан сөзi ұзын,
Бiрiнiң бiрi шапшаң ұқпас сөзiн.
Көздiң жасы, жүректiң қаныменен
Ерiтуге болмайды iште мұзын.
Неткен қатыгездiк! Неткен тасжүректiк! Көзiңнiң жасы көл болып төгiлiп, жүрегiңнiң қаны сорғалап тұрғанда да селт етпейтiн, мiз бақпайтын ол жанға ешкiмнiң күнiн салмасын. Бұл екi жалғанда ондай жанның алдыңда басыңды ауыртып, балтырыңды сыздатып бардың ба, ол бәрiбiр қайрылмайды. Қайта, қаһарына мiнiп, суға батырып, отқа лақтырып жiбередi. Өйткенi ол көздiң жасына да, жүректiң қанына да iштегi мұзы ерiмейтiн тасжүрек, қатыгез. Ең бастысы, ондай жанның қолына ел мен жердiң тағдыры түсе көрмесiн деңiз!
Абай тек хат танымаған адамды ғана надан демеген. Егер иманы болмаса, құдайдан қорықпаса, онда ол бәрiбiр надан болып қалады деп бiлген.
Балам закон бiлдi деп,
Қуанар ата-анасы.
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Мұндағы шариғатқа шалалық деген сөз – иманшартқа шалалық деген сөз, құдай алдындағы парызға дүмшелiк деген сөз. Ондай жандардың:
Ойында жоқ бiрiнде
Салтыков пен Толстой.
Я тiлмаш, я адвокат.
Болсам деген бәрiнде ой.
Шен мен шекпен қуған бiлiмдi бола ала ма? Ондай жан өзiнен басқа өзгенiң де қамын жей ала ма? Өзгеге нұры түспейтiн, шапағаты тимейтiн бiлiмнiң керегi бар ма? Абай ондай шен-шекпен үшiн алынған бiлiмдi халықтың өзiне қарсы жұмсалатын қатерлi қару деп бiледi. Тағы да, Абай Жиырма бесiншi сөзiнде: «... осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы да қазақты аңдысам екен дейдi», – деуi сондықтан. Бiз кеше ғана емес, бүгiн де иман шарттарынсыз, ұлттық дәстүрсiз орысша бiлiм ап, орысша iлiм жинаған, өз халқына қарсы қарау әрекеттерге дейiн баратын кейбiр рухани опасыздарды, бiлiмдi надан мәңгүрттердi, әрине, аз көрiп жүрген жоқпыз. Бұл да бiздiң ұлттық, қасiретiмiз! Ол қасiреттi дана Абай, ұлы Абай сонау заманда-ақ байқаған.
Бұл жерде Абай тек адамдық мiнездi ғана емес, ұлттық, халықтық мiнездi де айтып отырса керек. Өйткенi жеке адамның мiнез берiктiгi ұлттық, халықтық мiнез берiктiгiмен ұштаспаса, онда ол түптiң түбiнде қарақан басының ғана қамын күйттеп кетерi сөзсiз. Ұлттық, халықтық мiнезге ие бiлiм ғана ұлт пен халық мүддесiн қорғай алмақ. Сонда ғана ол бiлiм «қазақты аңдып» отыратын бiлiм емес, қазақтың қамын жейтiн бiлiм болады.
Абайдың тағы бiр өзегiн өртеп, жанын жаралы ететiн, «аузынан жалын бұрқ еткiзiп, көзiнен жас шығаратын iштегi қалың дертi» – елдiң бойын жайлап алған қызғаншақтық, күншiлдiк, бақастық, билiкқұмарлық, парықсыздық:
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып құрып барасың, –
дейдi ол. Досын жау көргiзiп, өзiн өзi қор еткiзген сол талас-тартыс түбi неде? Соған көз салыңызшы:
Қыран бүркiт не алмайды салса баптап,
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Қыран шықса қияға, жiбередi
Олар да екi құсын екi жақтап.
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстiнен шықылықтап.
Өзi алмайды, қыранға алдырмайды,
Күнi бойы шабады бос далақтап.
Мiне, бiздi халық етiп қалыпқа түсiрмей, ұлт етiп ұжымаққа шығармай жүрген тағы бiр қасiрет! Қыранның қыран екенiн бiле тұра, топ-тобыр, жалған намыстың құлы болып, оған қабаттастырып қарға мен күйкентайымызды қосамыз. Алды-артын бiрдей орап, құр далақтап шауып жүрiп, түу аспаннан сорғалап түсетiн «қыранымызға» алдырмаймыз. Бұл кеше ғана болған, бүгiнде бар. Бүгiнгi әрекетiмiз кешегiден әлдеқайда қауiптi. Кеше қыранымызға алдырмасақ, бүгiн қыранымыздың тұғырын талқандап, топшысын қиып жiберуге әзiрмiз. Ол тұғырға қарға мен күйкентайды ғана емес, елдiң көзiн ойып, елдiң желкесiн шоқитын құзғын мен сауысқанды да отырғызбақ болып жанталасамыз.
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркiм бiр ит сақтап жүр ырылдатып.
Бұл да сол қара күншiлдiк пен қызғанышқа қор болған кешегi де, бүгiнгi де болмысымыз. Бүкiл ұлттық бой мен ойымызды болмыс жайлап алған тұста, одан әлi арылмай тұрған кезде ел партия-партияға бөлiнсе, не болар екен? Онда Абай айтқандай:
Болды да партия
Ел iшi жарылды, –
болып шығады екен.
Өйткенi бiздiң санамыз үлкен ұлттық деңгейге толық көтерiле қойған жоқ. Мүшелерiнiң санасы ұлттық деңгейге көтерiле қоймаған партия ұлттың емес, топ-тобырдың туын көтередi. Жиырма төртiншi сөзiнде: «Бiрiмiздi бiрiмiз аңдып, жаулап, ұрлап, кiрпiк қақтырмай отырғанымыз. Жүз қараға екi жүз кiсi сұғын қадап жүр ғой, бiрiн бiрi құртпай, құрымай, тыныш таба ма?» – деп күйiнгендей, әлi күнге бiз сол күйкентай мүдде мен қарға мақсатты баптап жүрген жоқпыз ба? Ал ондай қарқылдаған мақсат пен шықылықтаған мүдде бүкiл елдi күйiкке ұшыратып, күйзелтiп кетпей ме?! Ел iшiне бүлiк кiрмей ме?
Ұлттық сана толық жетiлмесе, ол әлi шикiлi-пiсiлi кезеңде тұрса, онда демократия дегенiңiз кез келген партияның қолшоқпарына айналады. Ал ол шоқпар, ең алдымен, сол ұлттың басын жарып, маңдайын қақ айырады.
Қанша бөлiнбе, қанша сөгiлме десе де, бөрлiккен қойдай жарылып бара жатқан елдi көрiп:
Барымта мен партия –
Бәрi мастық жұрт құмар.
Сыпыра елiрме, сұрқия,
Көп пияншiк ненi ұғар, –
деп амалы бiтiп, айласы таусылып, «құйрығы шаян, бетi адамдардан» түңiлiп қапаланады. Ұлы Абайдың қапаланып, қабаржуы тек осы ғана ма? Айтып-айтып өз сөзiн өз халқының етiнен өткiзiп, сүйегiне жеткiзе алмаған ол:
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,
– деп бүк түссiп, белi үзiлiп, омыртқасы опырылғандай күдерiн үзедi.
Қырық бiрiншi сөзiнде Абай: «Қазақты я қорқытпай, я қараламай, ақылменен не жерлеп, не сырлап айтқанменен, еш нәрсеге көндiру мүмкiн де емес. Етiнен өткен, сүйегiне жеткен, атадан мирас етiп алған, ананың сүтiменен емген надандық әлдеқашан адамшылдықтан кетiрген. Өздерiнiң ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуiлдегi бар ма, дүрiлдегi бар ма – сонысынан дүниеде ешбiр қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да, көңiлi не көзi алаңдап тұрады. «Ендi не қылдық, не болдық?» – деп тұйыққа тiрелiп қалың қасiретке батады...
Абай әлi қасiреттi.
Ендi бiз, бүгiнгi ұрпақ, Абай қасiретiн жеңiлдете алар ма екенбiз? Абай қасiретiн жеңiлдету – қазақ қасiретiн жеңiлдету ғой.
Темірхан Медетбек
Ұқсас жазбалар: