Таяуда Қырғыз Республикасының Балықшы қаласында ТМД елдері достастық армиялары арасындағы ІІ әскери-спорттық ойындары өтті.
«Эдельвейс» оқу орталығының базасында өткен ойындарға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз, Тәжікстан Республикалары мен Ресей Федерациясынан 300-ден астам әскери қызметші қатысты. Олар армиялық қол жекпе-жегі ұрысы, гир спорты, әскери-спорттық кешен көпсайысы, офицерлік үшсайыс және табельдік қарудан ату бойынша медальдар жиынтығын сарапқа салады. Ойындардың ашылуына қатысқан Қырғыз Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Кубанычбек Орозматов жарысқа қатысушыларға сәттілік пен жеңістер тіледі.
Сонымен қатар, осындай іс-шаралардың мемлекеттер арасындағы әскери ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың жарқын мысалы екенін атап өтті. Ойын барысында еліміздің әскери қызметшілері алдарына жан салмай, жеңімпаз атанғандары да бар. Мысалы, ТМД елдері достастық армиялары арасында өткен ІІ әскери-спорттық ойындар шеңберінде Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері армиялық қол жекпе-жегі ұрысы бойынша өзгелерден озық көрінді.
Сөйтіп, 65 келі салмақ дәрежесінде финалдық бәсекеде қырғыз спортшысы Рүстем Ибрагимовты жеңген сержант Әли Баттал жеңімпаз атанды. Тәжік Хусейн Муминшоевтан басым түскен аға лейтенант Вадим Федосеев құрама қоржынына тағы бір алтынды салды. 80 келі салмаққа дейінгі дәрежеде сынға түскен аға лейтенант Жасұлан Мүсеркенов чемпион атанса, 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық әскери қызметші сержант Арман Ерменбет финалдық бәсекеде қырғыз спортшысынан басым түсіп, ел қоржынындағы алтын санын арттырды. Сонымен қатар, Қазақстан құрама командасының қоржыны қола медальдармен де толықты. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ефрейтор Ерзат Сетербаев, 58 келіден жоғары салмақ дәрежесінде аға сержант Жақсыбек Шынықұлов қола жүлдегер атанды.
«Біз бұл жарысқа бірнеше ай бойы дайындалдық. Оқу-жаттығу процесі Панфилов ауылындағы АОСК базасында өтті. Ол жерде әскери қызметшілер тактикалық жауынгерлік тәжірибе жинақтау, физикалық төзімділік мен рух күшін нығайту бойынша баға жетпес тәжірибе жинақтай алды. Жаттығулар күніне үш рет өткізіліп тұрды. Жаттығу процесі спортшыларға да, жаттықтырушыларға да оңайға түскен жоқ. Осындай жемісті жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі жеңіске қол жеткізіп отырымыз», - дейді команда жаттықтырушысы капитан Олжас Ақбаев.
Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанып, кубокты иеленсе, Ресей Федерациясының әскери қызметшілері екінші орында тұрақтады. Үшінші орын Қырғыз Республикасы құрама командасының еншісінде.