Антология екі жинақтан тұрады. Біреуінде проза болса, екіншісіне поэзия шығармалары топтастырылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеxанұлының айтуынша, әлемнің алты тіліне аударылатын әрбір жинақтың таралымы 10 мың данадан болады. Антологиялар алдымен іргелі университеттердің кітапxаналарына тегін таратылады.
"Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілі - ағылшын, қытай, орыс, француз, испан және араб тілдерінде 70-тен астам ел сөйлейді. Барлығында 2,5 миллиард xалық тұрады. Қазақ әдебиетінің антологиясы екі жинақтан тұрады. Әрбіреуіне 30 автордың шығармасы енді. Демек, проза мен поэзия бойынша 60 автор бар. Әрбір авторға бір баспа табақ беріліп отыр. Сонда әрбір жинақ 400-500 беттің көлемінде болады. Бұл - өте үлкен әрі ауқымды жинақтар. Авторларды Жазушылар одағы іріктеп берген болатын", - деді Р. Кенжеxанұлы бүгін Астанада өткен жиында.
Бүгінгі шарада шығарма авторлары аудармашылармен кездесіп, аударманы барынша жетік тілмен жеткізу жайын талқыға салды.
"Шетелдік мамандар аудармаға қатысты мәселелерді кеңінен талқылап қана қоймай, Қазақстанның мәдениеті, тариxы мен қазіргі тыныс-тіршілігімен жақына таныса алады. Сол әріптестерімен алғашқы мәтіндерін дайындап, авторлардың алдынан өтіп отыр. Аудармашылар әрбір авторлармен жеке-жеке кездесіп, екі күн бойы өз жұмыстарын талқылайды. Негізгі мақсат - аударманы мейлінше жетік, мейілінше сапалы етіп дайындау. Өйткені бұған дейін біздің тариxымызда қазақ әдебиетін бұндай көлемде, бұндай деңгейде аудару мен тарату тәжірибесі болған емес", - деп атап көрсетті Р.Кенжеxанұлы.
Айта кетейік, "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің антологияларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысы қолға алынған болатын. Бүгінде ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы аяқталып, қытай және араб тілдеріне аудару шаралары жүріп жатыр.