Баку сапарынан жолжазба
Баку бізді жылы қарсы алды. Екі мағынасында да. Біз түскенде Бакуде жаңбыр себездеп, он градус жылылық көрсетсе, Әкбар Қошалы бастаған қарсы алушылар қос бетімізден сүйіп, «кардашым» деп төс түйістіргенде жылылық цельсийдің жүз градусына жетіп, түркі қанымыз бұрқ-сарқ қайнап жатқан...
Әзірбайжанның ғимарат салу мен мәдениет саласындағы артықшылығы әуежайынан бастап сезілді. Біз Астанадан жаңа әуежай салғанымызбен, Әзербайжанның ескі әуежайынан асып кете алмаппыз. Әлбетте, біздікі де осал емес. Өзіміз қит етсе салыстырып үйренген Өзбекстан мен Қырғызстанның қасында көш ілгері. Бірақ, Гейдар Әлиев атындағы Әзірбайжан әуежайының ақ мраморы мұнтаздай жылтырап, еденіне қарасаң екбетінен құлай үңілген өз бейнеңді көресің. Сол құлағы қалқиған бейнең таңданысын жасыра алмай тұрғанын тағы байқайсың. Бізге ендігі жерде Өзбекстан мен Қырғызстанды жайына қалдырып, Әзірбайжанмен бой түзеу керек-ау деген ой сол сәтте жылт еткен.
Бізді таң қалдырған екінші дүние – әзірбайжандық жастар. Әкбар Қошалының қосынына еріп келген жастардың бірді-екілісі болмаса, өңгесі орысша білмейтін болып шықты. Бұл қалай? Өзімізбен қатар егемендік алған ел емес пе? Біздің жастар ана тілінен жеріп, орысша шүлдірлеп жүргенде бұлардікі орысшаның бір сөзін «аңламайды». Есесіне түрікше мен ағылшыншаға бар. Ішкі түйсігіміз латын қарпіне ертерек көшкенде біз де осылардай болар ма едік дейді. Бар мәселе осында шығар. Әйтпесе, бұл бауырлар да Ресеймен қоңсы қонып, алыс-беріс жасап отырған ел.
Бір дүкенге сауда жасай барып, алар затымызды сатушы қарындасқа түсіндіре алмай қиналған сәтте мосқалдау әзірбайжан көмекке келді. «Жастарыңыздың орысша білмейтініне сүйсініп тұрмын» дегеніме, «есесіне әзірбайжанша жақсы біледі» деп жауап қатты. Бұл оны мақтанышпен айтты. Іс-қағазы ана тілінде жүрмейтін, жұртының жартысы өз тілін білмейтін һәм білгісі келмейтін қазақстандықтың алдында мақтанды. Латын қарпіне жедел көшуіміз керек екеніне лажсыз сендік осы сәтте. Қазақ зиялылары бір-бірімен айтысып, қит етсе Өзбекстаннан мысал айтып уақыт озғызып жүр. Латын қарпіне байланысты айтар тағы бір жайт бар. Біз балақтағы үтірді басқа шығарып, кезінде Ахмет Байтұрсынұлы қолданған «Ә» таңбасынан бас тартып «А» таңбасының төбесін түрттік. Ал әзірбайжандықтар оны 1992 жылы латын қарпінің қатарына қосып, әлі күнге дейін тиімді пайдаланып келеді. Осы мәселе қайта қаралса һәм «ә» таңбасы қаз-қалпында қалса әdemi болар еді. Кирилицада да «ә» қарпі болған емес. Өзіміз қосқанбыз. Яғни, бұл біздің төл қарпіміз.
Әзірбайжанда 1 доллардың құны 1 манат, 50 тиын. Біз 1 долларды 333 теңгеге сатып алып едік Ақтаудан. Экономикалық жағын экономистер білер, бірақ, ақшасы құнды. Бәлкім, осының әсері болар, көшесіндегі қоғамдық көліктен бастап, полициясы мінген «сүржекейге» дейін кіл жаңа еуропалық. Біздікіндей иулап-қиулап УАЗ мінген тәртіп сақшыларын көрмедік. Көшедегі қараша халық та көңілді көрінеді. Жөн сұрасаң жолға салып әбігер. Туризм саласында тағы бір ұтқан жері бар. Ол туристке меймандостықпен қарап, қатты тайраңдап кетпесе айыппұл салу атымен жоқ. Бір жағы бауырлас елде жүргендіктен, екінші, турист есебінде болғандығымыздан өзімізді еркін сезіндік. Армения мен арадағы қақтығысты айтсаң кез-келген әзірбайжандық жанып түседі. Біз ондайда «Елбасымыз сіздерді қолдап, Арменияда өткен жиынға бармай қалған. Бұл жаппай қазақ жұртының ұстанымын білдіреді. Біз қарындас жұртпыз» дейміз. Олар түбі «Түркі одағын құру керектігін айтады.» Ойымыз осы жерде түйісіп, түркі жұртының кеткені мен келерін ұзақ әңгіме етеміз. Олардың қазақ ақындарын тәржімәлап, түркі жұртының жас ақындарын Бакуда жинауының да басты себебі осы ғой. Бауыр жұртқа жақын болу. Біздің тегіміз бір, тілегіміз бір, жүрегіміз бір...
Хош, Бакуге барғандағы мақсат – поэзия фестиваліне оралайық. Өз басым түркі жұрты жастарының поэзия фестиваліне осымен екінші рет қатысып тұрмын. 2015 жылы Татарстанда өткен Ғабдолла Тоқай атындағы жиынға барғанбыз. Сол жерден тапқан достармен Бакуде қауышып мәре-сәре болдық. Әсіресе, «біз де түріктің бір баласымыз» деп жүретін Жақұттан келген саха жігіттері Гаврил Андрос пен Рүстем Кажекин. Сөздерін түсінбесек те өздерін жазбай ұғып, ниетіміз бір екенін Қазан қаласында-ақ байқағанбыз. Бұл достардан жақұт елінде Шыңғыс ханды Құдай санатына қосатынын естіп қайран қалдық. Бұлар да өз елінде Шыңғыс хан біздікі деп айтатынын іш сезеді. Елдің бәрі біз емес қой, қағаны мен қағынан жеріген. Бұл бауырлар түбі бір тәуелсіздік алып, байрақ желбірететініне өз басым имандай сендім. Идиологиясы Шыңғыс хан болған ел бодан боп тұра алмас...
Біз «Жаңа Баку» деген қонақ үйге аялдадық. Он тоғыз қазақ шәйірі. «Абылайдың асында шаппағанда...» дегендей, Әзірбайжанда қазақ ақындарының антологиясы шығып жатса, омалып қалай жатпақ? Осы антологияның шығуына күндіз отырмай, түн ұйықтамай еңбек еткен Танагөз Толқынқызы бастап, біз де Каспийдің арғы жағалауынан бірақ шыққанбыз. Фестиваль бағдарламасы бойынша Әзірбайжанның тыныс-тіршілігімен жете таныстық. Ханға лайық құрмет көрсетілді. Бұл елде біздегідей емес, бір палаталы парламент екен. Сол парламент үйінде бірінші рет өзге елдің ақындары қонақ болды. Ол - біз. Бұдан да бөлек бірнеше мекемеде, бірнеше сыйлы ағаның алдында қабылдауда болдық. Әзірбайжанның аға буын ақындарымен кездестік. Жыр оқылды, нұр төгілді.
Әзірбайжанның қазаққа ықыласы ерекше. Көшедегі көлденең өткені «кардашым» деп құшатынын жоғарыда айттық. Бауырмал Һәм өз тарихын тасқа басып, ұмытпауға серт еткен ел екен. Бізге ұлт зиялылары жатқан пантионатын көрсетті. Бұл бір иран бақ. Сәмад Вургунның басына тағзым етіп, бет сипап, гүл шоғын қойдық. Атақты әнші Мүслім Магамаев те өз аманаты бойынша осы жерге жерленіпті. Біздің Астанада салынатын пантионат та осыдан бір кем болмаса екен дейсің. Ұлт зиялыларын бір қорымға жерлеу әуелде қазақтан басталмап па еді? Қожа-Ахмет Йассауи кесенесі айғақ. Одан әріде сақ пен ғұн қорымдары бар...
Біз бұдан әрі 1990 жылы ұлт тәуелсіздігі үшін шаһит кешкен әзірбайжандық бауырлыр рухына қойылған ескерткішке бардық. «Қаралы қаңтар». Қаптаған ескерткіш тақтаның ішінен 14 жасар баланың бейнесін көргенде жүрек соғуын бірер секундқа тоқтатқандай, демімізді ішке тартып тұрып қалдық. Бұл ел тәуілсіздікке дәл біз секілді қан төгіп жетті. Дәл біздей қасіретпен жетті. «Сендерде де осындай қырғын болды ғой 1986 жылы» дейді әзірбайжандық достарымыз. Бас изедік. Есімізге енді түскендей. Біз түбі сол шаһиттарымызды ұмытып тынатын шығармыз. Ұмытып барамыз... Он алтыншы желтоқсан кімнің есінде? Біз бұл уақытта қалаларда шырша жағып, жаңа жылға қамданып жатамыз. Қайсымыз мешітке барып құран оқыттық шаһиттерге? Әзірбайжандықтар Бакудың ең көрнекті жеріне, туристердің ең көп келетін жеріне қан менен жас аралас тарлан тарихын тасқа қашапты. Бұл жер 1918 жылдан бері шаһиттер алаңы аталса керек. Бірінші бұл жерге Әзірбайжанды Арменияның тепкісінен арашалауға жеткен түрік бауырлар жерленіпті. Бірақ, Кеңес үкіметі орнай сала шаһиттердің мүрдесін далаға тастап, бұл жерге Сергей Киров атында саябақ ашқан екен. Ал 1990 жылдың 20 қаңтарында бұл саябақта 120 қабір қазылып, саябақ қайтадан шаһиттер алаңына айналып, қаңтар айы «қаралы қаңтар» аталған-ды. Біздің тарих әлі күнге дейін «ауыз әдебиеті» секілді «ауызша тарих» болып қана келе жатыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы мен Астанада шаһиттер алаңын ашып, 1986 жылғы қырғынды «оқиға» емес, «Ұлт азаттық көтеріліс» деп статус беретін кез келген жоқ па? Рухани жаңғыру – жад жаңғырту болса керек-ті.
Екінші күні бізді Сумғайт қаласына апарды. Кеңес үкіметі кезінде әр бесінші тұрғыны сотты болған бұзық қала деп оқығанымыз бар-тын. Көз алдымызға өзіміздегі тентек қалалар елестеген. Жоқ, сотқарлықтың ізі де жоқ. Каспийдің жағалауындағы әдемі, ақ мәрмар қаланың бірі екен. Оның үстіне жиһангез ақын Дәурен Берікқажыұлының айтуы бойынша жер жүзінің бірінде жоқ дүние осында бар. Ол – поэзия үйі. Дәл Гейдар Әлиев орталығының алдында, шағын ғана әппақ үй. Поэзияның өзіндей қарапайым, поэзияның өзіндей ұлы! Ішінде Низами бастаған шәйірлердің кітап мұқабасының кісі бойындай макеті қойылыпты. Шіркін, осындай поэзия үйі біздің Қарағандыда болса деп арман қылдық. Сумғайт та Қарағанды секілді ғой. Тура Астананың іргесінде. Біздікі армандап қалу. Облыс әкімі Ерлан Қошановтың құлағына жетсе, кім біледі, ұлтжанды азамат қой, арман орындалып қалуы да кәдік.
Үшінші күні де біз қаланың біршама абатты жерін адақтап, Бакудың сұлулығына сұқтанумен болдық. Әзірбайжан деген сөз – алау, от дегенді білдірсе, Баку сөзі – жел дегенді білдіреді. Осы мағыналы суреттер Әзербайжанның елтаңбасында да бедерленіпті. Бакудың орталық көшелерінде жанған отқа ұқсайтын үш бұтты алау бейнелі ғимарат бар. Бұл Астананың символына айналған «Бәйтерек» секілді Бакудың символы.
Фестивальге келген Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Жақұт бауырлармен қоян-қолтық араласып, поэзия мерекесі берекелі күндермен жалғасты. Әр қайсымыз әр ұлттың өкілі болғанымызбен бір атаның балаларындай бір жүрдік. Қазақ мұндайды «бүйрегі бұрды», «қанына тартты» дейді. Бұл біздің Алаш зиялыларының арманы. Үш күннен кейін әзірбайжан бауырларды аудармашысыз-ақ түсіне бастағанымызды да атап айтайық.
Ататүріктің "Біздің бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз. Бірақ, өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан өнер адамы біздің (биліктегілердің) емес, біз өнер адамының қолынан сүюге тиіспіз!" деп келетін сөзі бар. Баку шаһарында әр ұлттың ақылман ақындары жиылып, «Түркі одағы» жайлы арман айтыстық. Бұрынғы қаһарлы түрік қағанаттарын еске алдық. Пантюркист деп жалалы болған Алаш зиялыларын айттық. Елбасыларымызға береке-бірлік, тәупіқ тілестік. Қоштасарда бауырлас жұртты қимай, «кездескенше қош-аман» десіп құшақ айырдық. Түріктің ақындарындағы ынтымақты түрік жұртына берсін дестік. Осындай кездесу ұйымдастырып, түбі бір түрік бауырлармен қауыштырған Әкбар Қошалы мырзаның жеті атасына рахмет жаудырдық. Ал ол болса бізді шығарып салып тұрып, жылап қалды...
P.S Бакуден – Ақтау, Ақтаудан – Астана ұшып елге жеттік. Қызық Қарағандыға жеткен соң болды. Біз мінген таксидің жүргізушісі егде адам екен. Әзербайжаннан келе жатқанымызды естіп, мұрты кірпідей жыйрылып, біз мақтаған елге мұрын шүйірді. Бара-бара бүкіл түркі жұртын Қазақстаннан қуу керек дегенді айтып, бір тепсінді. Біздің шыр-пыр болып, олар бізбен тағдырлас, туыс халық екенін айтқанымызға құлақ асар түрі жоқ. Қазақ «кардаштарын» төредей күтіп, бауыр санап отырған өзге түрік милләтінің алдында мына ісіміз ұят-ты. Осы сәт Кеңес үкіметінің идиологиясына әбден уланған адаммен дауласып келе жатқанымызды түсіндік.
Әзірбайжан халқы да орыс басқыншылығының құқайын көріп баққан. Бұл күнде Әзірбайжанда он миллион әзірбайжан тұрса, Иранда отыз миллион әзірбайжандық бар. Босып көшкен ел емес. Кезіндегі Аққойлы мен Қарақойлы мемлекетінен қалған жұрт. ХІХ ғасырдағы Ресей мен Иран шекара бөліскенде «Гүлстан келісімінде» кеткен қасіретті қателік. Екіге бөлінген ұлттың бірлігін аңсап Кеңес үкіметі кезінде әзірбайжан ақыны Бахтияр Вагабзаде «Гүлстан» дастанын жазды. «Гүлстан келісімін» жазғыра жазды. Сонысы үшін қуғындалды. Ататүріктің «Түріктің түріктен басқа досы жоқ» деген сөз осы сапар бойы көкейден бір кетпей қойды. Таксист ағамызға айттық. Құлақ аспады. Құбыласы Мәскеу екен. Соған қыбы қанып тұр.
Мен үнсіз қалып, Каспийдің арғы бетінде жылап қалған Әкбар бауырды ойладым. Ол сірә, түрікті Мағжандай сүйген ақын-ау. Әйтпесе неге жылайды?
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ
АСТАНА – АҚТАУ – БАКУ