11 мам, 2026 сағат 14:44

Каспийде теңіз ортасына кетіп қалған ер адам аман құтқарылды


Фото: ТЖМ


Каспий теңізінде қатты желдің салдарынан ашық суға кетіп қалған ер адам дер кезінде құтқарылды. Ол жағадан шамамен 400 метр қашықтықта болған, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.


Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жағалау бойында патрульдеу кезінде теңіз ортасында қалып қойған адамды байқап, жедел әрекетке көшкен. Құтқару тобы оқиға орнына тез жетіп, қайықтағы азаматты жағаға аман-есен жеткізді.


Анықталғандай, ер адам моторы жоқ қайықпен суға шыққан. Кенеттен соққан қатты жел қайықты ағысқа ілестіріп, ашық теңізге қарай алып кеткен. Соның салдарынан ол өздігінен жағаға қайта орала алмаған.

Құтқарылған азаматқа медициналық көмек қажет болмады.


ТЖМ мамандары мұндай жағдайлардың алдын алу үшін суға шығар алдында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, ауа райы болжамын алдын ала тексеру, құтқару кеудешесін кию, тек техникалық жарамды қайықтарды пайдалану және қатты жел кезінде суға шықпау қажет.