Қазақстан студенттер альянсының басшысы Ілияс Түстікбаев Президенттің бүгінгі Жолдауына қатысты өз пікірін білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Ілияс Түстікбаевтің айтуынша, бүгін альянс мүшелері жиналып, Президенттің бүгінгі Жолдауын бірге тыңдады. Әсіресе, білім саласына қатысты сөзі ешкімді бей-жай қалдырмады.
«Білім саласы Президенттің биылғы Жолдауында өзекті орын алды. Мемлекет басшысы бұл жолы да білім мен ғылымға ерекше басымдық берді, назардан тыс қалдырмады. Атап айтар болсам, мұғалімдердің жалақысын көтеру,ғалымдарды қолдау, осал топтан шыққан балаларға грант тағайындау. Бұл ғылым мен білмге үлкен серпіліс береді деп ойлаймын. Сонымен қатар халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз және жүлдегер болған оқушыларға бірреттік ақшалай сыйақы тағайындалып, жоғары оқу орындарына конкурстан тыс түсуі үшін гранттар ұсынылатын болды. Бұл балалар үшін үлкен қолдау деп білемін», - дейді Ілияс Түстікбаев.
Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы көтерген ЖОО-дағы реформаға да тоқталды.
«Жолдауда Жоғары оқу орындарындағы реформа сөз болды. Қазір расында білім мекемелері түлектерінің қолына диплом ұстата салады, әрі қарай жұмысқа орналастыру, білімін одан әрі шыңдауға еш араласпайды. Енді ЖОО- на жауапкершілік жүктелді. Бұл өте дұрыс. Сонымен қатар, тағы бір қуантқан нәрсе. Ол- кәсіптік бағыт бағдар бойынша жұмыстар жүргізу. Шынымен де қазір республика бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Түлектер жоғары оқу орнын таңдауда қателесіп жатады немесе ата- анасының кеңесін тыңдайды. Әртүрлі себептермен қателісіп мамандық таңдап жатады. Осыған байланысты Президент жауапты министрліктерге арнайы жұмыс жүргізу керектігін баса айтты. Бұл бастаманы Қазақстан студенттері альянсы да көтерген болатын. Осы жолдауда қолдау тапқаны қуантты», - дейді ол.
