21 жел, 2020 сағат 09:30

Кәсіпорындар озық технологияларды енгізуге мүдделі болады – Экология министрі

Ең озық қолжетімді технологияны енгізген ірі кәсәіпорындар ластаушы кейпінен арылып, эмиссия үшін төленетін төлемдерден босатылады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасында Салық кодексіне және Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы Заңға келесідей мәселелер бойынша түзетулер көзделген. Ең озық қолжетімді технологияларды енгізу арқылы кешенді экологиялық рұқсатты алған жаңа объектілердің операторларына қатысты эмиссия үшін төленетін төлемдерден босату бойынша тиісті түзетулер ұсынылды. Сонымен қоса, қолданыстағы кәсіпорындар үшін де осындай тетік қарастырылған. Эмиссия үшін төленетін төлемдерден босатылуы үшін олар экологиялық тиімділікті арттыру мен ең озық қолжетімді технологияларды енгізу бағдарламасын әзірлеп, оны жүзеге асыру керек», - деді министр «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне (және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Заңына экология мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында. 

Оның айтуынша, кешенді экологиялық рұқсатты алмаған бірінші санаттағы қолданыстағы объектілер бойынша қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы мөлшеріне 2, 4 және 8 есе ұлғайтылған коэффициенттер қолданылады. Бұны кешенді экологиялық рұқсатқа көшуді ынталандыратын қосымша бір шара ретінде қарастырамыз. 

«Бұл ретте, бірінші санаттағы 50 ірі кәсіпорын үшін мұндай ұлғайту 2025 жылдан, ал бірінші санаттағы қалған нысандар үшін 2031 жылдан басталады. Айта кетерлік, 3 жыл сайын ұлғайту коэффициенттері 2 еселеніп тұрады. 

Яғни, қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған әрбір ірі кәсіпорын ертең өз еркімен таңдау жасайды. Не осы қалпында қоршаған ортаға кері әсер етіп, жылдар сайын еселенетін экологиялық төлем төлейді. Немесе ең озық қолжетімді технологияны енгізіп, ластаушы кейпінен арылып, эмиссия үшін төленетін төлемдерден босатылады», - деді Мырзағалиев. 

«Салықтық реттеуді жетілдіруге қатысты келесіні айта кету керек. Түзетулер енгізілгеннен кейін қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемдер бойынша міндеттемелердің орындалуына салықтық тексерулерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган емес, салық органдары жүргізеді. 

Сондай-ақ, төртінші санаттағы объектілердің операторлары салықтық реттеуден шығарылатын болады. Өйткені олардың тарапынан эмиссиясы қоршаған ортаға әсер етуі аз көлемде байқалады», - деді ведомство басшысы.