22 қар, 2018 сағат 12:13

«Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» атты тарихи-танымдық экскурсиялар сериясы басталды

Түркістанда шетелдік отандастарымыздың қатысуымен «Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» атты еліміздегі киелі жерлеріне тарихи-танымдық экскурсиялар сериясы басталды. Шара «Отандастар» Қоры» КЕАҚ, ҚР Қоғамдық даму министрлігі мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының бірлесіп ұйымдастыруымен, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімшіліктерінің қолдауымен іске асты.

Жоба аясындағы алғашқы тарихи-танымдық экскурсия түркі әлемінің астанасы Түркістан қаласында өті. Шараға 15 шақты алыс-жақын шетелдерден келген (Австрия, Англия, Франция, Швеция, Иран, Қытай, Түркия, Монғолия, Тәжікстан, Ресей, Белорусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан) 30-ға жуық отандасымыз қатысты. Оларға Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан Баб кесенелері мен өңірдің басқа да көрікті жерлері таныстырылды.

«Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» жобасы аясында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақстанның киелі жерлері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Отандастар Қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев Атажұртқа жиналған қандас бауырларға сәлем беріп, олармен өткен кездесуі үшін алғысын білдірді. Қор басшысы бас қосу орны ретінде Түркістан қаласын таңдауда ерек мән барына да тоқталып өтті.

«Туған жерге тағзым» іс-шарасы Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген Шетелдегі қазақтарды қолдау жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Яғни, біз Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды ешқашан естен шығарған емеспіз. Осыған дәлел ретінде өздеріңіз бүгін халқымыздың рухани мұрасының сарқылмас қазынасы – Түркістанды араладыңыздар, Арыстанбаб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне зиярат жасадыңыздар. Осының барлығы мемлекет басшылығының, облыс әкімшілігінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде, шетелден 1 миллионға жуық қазақты елге көшіріп алып, қолдан келер барлық көмегімізді жасадық. Бүгінде сол бауырларымыз Қазақстанның азаматы атанып, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 5 миллионнан астам қандасымыз шет мемлекеттерде тұрып жатыр» - деді «Отандастар» қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев.

Нұртай Әбіқаев шетелдік қандастарды қолдауға бағытталған «Отандастар Қорының» мақсат-міндеттерімен, алдағы уақытқа жоспарымен таныстырды. Сондай-ақ, тарихы тереңде жатқан киелі мекенде ұйымдастырылған «Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» шарасына қолдау көрсеткені үшін Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевқа алғысын білдірді. Өз кезегінде, облыс әкімі отандастарды өңірге шақырып, Түркістанда орын алып жатқан елеулі өзгерістер турасында сөз қозғады.

«Елбасымыз биылғы жылдың 19-шы маусымында Түркістан облысы жайында жарлығын жариялады. Ресми сапармен келіп кетіп, біздегі Яссауи кесенесін, Түркістан қаласы ғимараттарын әрі қарай дамыту жайлы үлкен міндеттер жүктеді: кесененің айналасында амфитеатр, су бұрқақтары, мәдени демалыс орындары, «Визит» орталығы, Күлтөбе қалашығы, ашық аспан астындағы мұражай салынады. Сондай-ақ, қорықтың айналасында «Қазақ хандары мен билері» орталығы, Шығыс моншасы, «Ұлы дала елі» орталығы, Түркі әлемінің орталығы, «Қожа Ахмет Яссауи» орталығы, «Астана» саябағы, бейнелеу өнері мұражайлары салынатын болады. Сондықтан да, құрметті бауырлар Елбасымыздың Түркістанды түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындауда нақты жұмыстар атқарып келеміз» - деді Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев.

ДҚҚ төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков 2017 жылғы Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы V құрылтайында Елбасы тапсырған 7 тапсырманың орындалуы тұрғысында есеп берді. Тікелей Президент тапсырмасымен «Отандастар Қоры» құрылып, бүгінде өз жұмысын жүргізіп жатқандығы және шетелдік қандастарымызға баспана мен жұмыс мәселесін қамтамасыз ететін арнайы бағдарлама даярланып жатқандығы туралы айтып өтті.

«Біздің міндетіміз – балалар ана тілін, қазақтың дәстүрін ұмытпауы. Соның төңірегінде біраз шара қолданып жатырмыз. Жыл сайын «Балдәурен» демалыс орнына шетедік отандастарымыздың балаларын шақыртып, елдегі балалармен араластырамыз. Олардың екі аптадан кейін қоштасқанын көрсеңіздер: бір-біріне бауыр басып, енді қашан көрісеміз деген шермен, көздің жасын тамызып тарқасады. Осы бағдарламаны біз әрі қарай жалғастырамыз. Одан бөлек осы «Отандастар Қорының» есебіменен тағы бір үлкен тірлік жасаймыз. Қазақстанда Назарбаев зияткерлік мектептері бар. Солардың негізінде алдағы жазда әр елдегі жақсы оқитын дарынды қазақ балаларын шақырсақ па дейміз. Сөйтіп, оларды ел азаматтарының қатарына қоссақ» - деді Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Сонымен қатар, дөңгелек үстелге Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ Президенті Болатбек Абдрасилов, ҚР Ұлттық мұражайының «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев және Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев сынды белгілі сарапшылар қатысып, «Қасиетті Қазақстан», «Мемлекетті тілді дамыту», «Қазақтың салт-дәстүрлері» тақырыптарында баяндамалар оқыды.

Шара барысында шетелдік отандастарымыз «Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» арнайы жобасына қатысу мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, өздерін толғандыратын бірқатар мәселелері мен ұсыныстарын да айтып өтті. Мәселен, Франциядағы Мұстафа Шоқай француз-қазақ достық қоғамының басшысы Яшар Динч мырза Наурыз мейрамын әр жылы әр елде өткізуге ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, бірлесіп өткізген ұлттық мейрамның шетелдегі қазақтар үшін салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтауында маңызы зор болмақ. Сонымен қатар, франциялық отандасымыз тіл мәселесінің де өте өзекті екенін жеткізіп, шетелдегі ұстаздар қатарын көбейту керектігін айтты.

Тіл мәселесіне қатысты алаңдаушылықты Тәжікстан еліндегі қазақ диаспорасының өкілі Зәуре Саминова да білдірді. Сонымен бірге, тәжікстандық отандасымыз қазақ тілінде шығатын оқулық-кітаптардың басылымдық нұсқаларына қол жеткізсек деген ниетін айтты. Бұған басты себеп – Тәжікстанның ауылдық жерлерінде жарықтың тәулігіне 2 сағат берілетіндігінен электронды оқулықтарды тұтынудың мүмкін еместігі екен.

Моңғолия-Қазақстан достық және ынтымақтастық одағының төрағасы Ағыпарұлы Бәкей мырза шетелдік қазақтардың басты мәселесі ұлттық-рухани құндылықтарды сақтауға саятынын айтты. Осы ретте дүние жүзінде тарыдай шашылған қазақтардың мәселелері мен мұқтаждарын ғылыми тұрғыда зерттеуді ұсынды.

«Отандастар Қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев ұсыныстардың толық тыңдалғанын, олардың мәселелерді шешу барысында ескерілетіндігін жеткізді.

«Отандастар» Қоры», Қоғамдық даму министрлігі және Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы «Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» тарихи-танымдық экскурсияларын алдағы бес жыл ішінде еліміздің өзге де өңірлерінде жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Келесі ретте жоба Ақтау, Павлодар, Алматы және т.б. қалаларды қамтитын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, киелі жерлерді жақыннан танып, жіті зерттеу арқылы шетелдік қандастар тарихи отанының өткеніне үңіліп, еліміздің мәдениетіне, өнеріне және халықтық дәстүрлеріне жақындай түседі.

«Туған жерге тағзым» тарихи-танымдық экскурсиялар жобасы «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Жоба бағдарламасына «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» көпфункционалды виртуалды картасы нысандарымен танысу кіреді. Аталмыш идея Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында бұл бастаманы басымдық міндеттердің бірі ретінде белгілеген болатын. Қазір Қазақстанның тарихи жерлері тізіміне 185 жалпыұлттық және 500 өңірлік деңгейдегі нысандар енгізілген.