Мемлекет басшысының халыққа ревакцинация науқанын жүргізу жөніндегі тапсырмасы аясында Қазақстанның Қарулы Күштерінде жеке құрамды COVID-19-ға қарсы қайта вакцинациялау жалғасуда. Бүгінгі таңда бұл процедурадан 23 мыңнан астам әскери және азаматтық персонал өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде коронавирус сырқатының күрт өскенін атап өткен болатын.
– Мемлекет басшысы коронавируспен күресті жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар бұл маңызды міндеттердің бірі. Жеке құрам күнделікті қызметте. Бізге әскери қызметшілерд денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов.
Әскери дәрігерлердің айтуынша, вакцинация курсынан өту және уақтылы өткен ревакцинация – инфекциядан өзіңді қорғаудың сенімді тәсілі. Қорғаныс министрлігінің әскери емханалары мен тіркелген жеріндегі азаматтық емдеу мекемелерінде, сондай-ақ әскери және азаматтық емдеу мекемелерінің көшпелі егу бригадаларының күштерімен COVID-19 ревакцинациясы ұйымдастырылды.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге жұмылдырылған әскери қызметшілер орналасқан жерде медициналық қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Әскери дәрігерлер жеке құрамның денсаулық жағдайын қадағалауда.