Фото Tengrinews.kz/Алихан Сариев
Полиция, әкімшілік ғимараттарына, әлеуметтік нысандарға шабуылдау – экстремизмнің белгісі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Таяуда өткен брифинг барысында Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы оңтүстік астанадағы оқиғалардың өрбуіне қатысты толық хронологияны ұсынды. Оның сөзінде қарулы шабуылдарға, ойран салу мен тәртіпсіздіктерге жалпы 20 мыңға дейін адам қатысқаны атап өтілді. Әрине, бұл радикалдардың қатысуымен орын алды. Ойран салу, полиция, құқық қорғау органдарының ғимараттарына шабуыл жасау, әкімшілік ғимараттарды басып алу, бейбіт тұрғындарға, әлеуметтік нысандарға, оның ішінде ауруханаларға шабуылдау – мұның барлығы зорлық-зомбылық экстремизмінің белгілері», - деді Мемлекеттік хатшы «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, дәл осындай зорлық-зомбылық іс-әрекеттерін ақтауға болмайды.
«Көптеген өзге елде, оның ішінде Еуропадада мұндай, тағы да қайталап айтамын, зорлық-зомбылық іс-әрекеттері зорлықшыл экстремизм және терроризм деп біржақты сипатталады. Бұл жалпы қабылдаған анықтама. Сондықтан бұл жерде қандай да бір пікірталас болмауы керек сияқты. Мемлекетте де, қоғамда да бір ғана әдіс болуы тиіс. Неліктен мұндай әдіс болуы тиіс? Біз мұндай іс-әрекеттің жолын кесуіміз қажет. Мұндай зорлық-зомбылық идеологиясына, зорлықшыл экстремизм идеологиясына тосқауыл қоюымыз керек. Бұл оқиғалар терроризм актісі ретінде сөзсіз бағалануы тиіс»,- деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік хатшының атап өтуінше, террроримді наным-сенім жүйесі ретінде қарамау керек. Терроризм – бұл халықты үрейлендіру және қорқыту стратегиясы, әдісі.