19 там, 2016 сағат 17:57

Кәрім Мәсімов: Ғылымдағы тың жаңалықтар өндіріске батыл енгізілуі тиіс

Премьер-Министрдің жұмыс сапары


Еліміздің Премьер-Министрі Кәрім МӘСІМОВ жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды. Үкімет басшысы облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге Семей, Өскемен қалаларындағы, Абай және Глубокое аудандарындағы әлеуметтік, ғылыми-өндірістік нысандарды аралап, аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. 


Семейдің әуежайына күрделі жөндеу қажет

Кәрім Мәсімов: -Ғылымдағы тың жаңалықтар өндіріске батыл енгізілуі тиіс


Премьер-Министрдің жұмыс сапары Семейден басталды. Үкімет басшысына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ мұндағы әуежайдың, теміржолдың ахуалы, автовокзалдардағы қауіпсіздік шаралары туралы кеңінен ақпарат берді. Шығыс Қазақстан облысының әуе қатынасын Семей және Өскемен қалаларындағы екі әуежай атқарады. Семейдегі әуежайда жолаушыларды тіркеудің заманауи жүйесі бар. Мұнда жолаушы азаматтардың заттарын тексеруден өткізу озық технология арқылы жүзеге асырылуда. Осылар жөнінде жан-жақты дерек берген аймақ басшысы:

 - Семей қаласының әуежайын жаңғырту үшін қомақты қаражат керек. Әуежайды қайта қалпына келтіруге арналған дайын жобалық-сметалық құжаттар бар. Оның жобалық құны -10,5 млрд. теңге. Қаражат 2017 жылдың республикалық бюджетінде қарастырылған. Бұл ретте 2017 жылға дейін әуежайды қайта қалпына келтіруге инвесторларды тарту ойластырылып отыр, - деп алдағы жоспарлармен таныстырды.

Кәрім Мәсімов: -Ғылымдағы тың жаңалықтар өндіріске батыл енгізілуі тиіс


Осылайша, жетістіктермен қатар проблемалық тұстардың да бар екендігін аңғартқан облыс әкімі әуежайдың кемшін тұстарына да тоқталып өтті. Аймақ басшысының айтуынша, бұл жерде күрделі жөндеу сонау Кеңес үкіметі тұсынан бері қолға алынбағандықтан, ғимараттың ескіріп, тозып кеткендігі жасырын емес. 

 - Бірақ авиациялық қауіпсіздік бізде қалыпты деңгейде, жолаушылардың бұл тұрғыда ешқандай қам жемеуіне болады, - деді әуежай директоры Нұртай Оспанов,- ғимаратымыз ғана тозып тұр. Бұл Қазақстандағы ең ескі әуежай болып саналады. 1982 жылдан бері жөндеу көрмегендіктен авиарейстердің қатары сиреген. Сондықтан бүгінде Семейден ұшақпен Алматы, Астана, Мәскеу және Өскеменге ғана бара аласыз. Бірақ кез келген халықаралық бағыттағы ұшақ, осы жерге қонып, жанар-жағармайларын толтырып ала алады. 

 Мұнан кейін Премьер-Министрге қаланың ең ірі жылу көздерінің бірі ЖЭО-1 жөндеу барысы таныстырылды. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аталмыш мәселені шешу үшін жаңа ЖЭО-3 салу керектігін атап өтті. Жоба әзірлену және келісу кезеңінде тұр.

- Семейдегі осы ЖЭО-1 мен 17 жылу қазандығы кесте бойынша қысқа дайындалып жатыр,-деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ, - «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалпы 3 млрд. 45 млн. теңге сомаға 10 жоба жүзеге асырылуда. Қуаты 342 Гкал/сағ болатын ЖЭО-1-дің жұмыс көлемі айтарлықтай, маңайындағы тұрғын үйлердің 70 пайызын және сол жақ жағалаудың әкімшілік ғимараттарды, атап айтқанда, 324 мың көпқабатты үйді, 41 әлеуметтік нысанды, 21 974 тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді. Жылу желілерінің ұзындығы 86,3 шақырымды құрап отыр.

Қаладағы осынау ең ірі ЖЭО-1-де қайта жабдықтау жобасы аясындағы жұмыстар аяқталуға жақын. Сол жағалау тұрғындарын жылумен толықтай қамтамасыз етіп отырған нысанда 2011 жылдан бері ауқымды жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, ЖЭО-дағы тозығы жеткен су ысыту қазандықтары ауыстырылған. Ондағы қазандықтар жаңғыртылып, заманауи құрылғылар қойылған. Сондай-ақ, 12 мВт болатын жаңа турбина орнатылған. Сол сияқты су тоғандары мен химиялық су тазарту жүйелері, автоматтандырылған жылу беру құрылғылары, өндіріс қалдықтары алаңдары да қалпына келтірілді. Даниал АХМЕТОВ ЖЭО-1 мен «РК-1» жылу орталығындағы 12 мВт болатын жаңа турбина іске қосылғаннан бастап, енді біршама қаражат үнемделетіндігін атап көрсетті. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков жақын аралықта турбиналар іске қосылған жағдайда жалпы көлемі 111 млн. теңгенің үнемделетінін тілге тиек етті. Жалпы, Семей қаласын жылумен қамтуда ешқандай да бір мәселе туындамайтынын жеткізген Даниал АХМЕТОВ ағымдағы жылы жылу желілері мен қазандықтарға тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

Семейде екі бірдей ірі ЖЭО қаланың сол жағалауында орналасқан. Бұған Үкімет тарапынан осыдан бірнеше жыл бұрын тиісінше қаражат бөлінгендіктен аталмыш орталықтарды қайта жөндеуден өткізу мен жаңғырту жұмыстары 2009 жылы басталған екен. Дмитрий Гариковтың айтуынша, ЖЭО-1 қайта құруға 24 млрд. теңге жұмсалған.

-Үкімет бөлген қаржыға қаладағы 2011 жылы іске қосылған су жылыту қазандығы құрастырылды. Сонымен бірге 1963 жылдан бері қолданыста болған бес қазандық алмастырылды. Бүгінгі күні жылу орталығының 97 пайызы толықтай жаңғыртылды,-деп нақтылады ол.

РК-1 құрылысын қайта жаңғыртуға бүгінгі күні 11 млрд. теңге жұмсалған. Мұндағы үш жылу қазандығы алмастырылған. 

ЖЭО-1 директоры Расылхан Жолдасовтың айтуынша, бүгінде ЖЭО-1 электр энергиясына тәуелді. Бұрындары айына 90 млн. теңге электр энергиясына жұмсалған екен. Бұл кәсіпорын үшін тиімсіз, ал Семейдегі жылу тарифі Қазақстан бойынша ең арзан болып табылады. Жылуға қарыздардың саны азаймай отыр. ЖЭО-1-дегі алғашқы турбинаның іске қосылуы жағдайды біршама өзгертері анық. 


Ұлылар рухына тәу етті


Кәрім Мәсімов: -Ғылымдағы тың жаңалықтар өндіріске батыл енгізілуі тиіс


Бұдан кейін Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВ пен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ат басын Абай ауданына бұрды. Ұлылар еліне сапары барысында мәртебелі меймандар «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайында болып, Абай, Шәкерім мен Мұхтардың рухтарына тәу етіп қайтты. 

Жидебай мұражайында Үкімет басшысына бірегей мемориалдық кешеннің экспонаттары таныстырылып, туысқандары мен достары арқылы сақталып қалған ұлы ақынның жеке заттары көрсетілді. Оның ішінде араб, парсы, түркі және орыс тілдеріндегі қолжазбалары, әр жылдағы фотоқұжаттары, ақынның үш ішекті домбырасы мен тұрмыстық заттары бар.

Бүгінде жалпы ауданы алты жарым мың гектарды құрайтын қорық аумағында 16 ескерткіш пен тарихи орын бар екенін айта кеткен орынды.

Кәрім Мәсімов: -Ғылымдағы тың жаңалықтар өндіріске батыл енгізілуі тиіс


Сонымен қатар, Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ Абай ауданының жұртшылығымен кездесу өткізді. Премьер-Министрмен әңгіме барысында тұрғындар халқымыз үшін маңызы зор тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау мәселесіне ерекше тоқталды. Ауданның абыз ақсақалдары елімізде атқарылып жатқан жарқын істерге ризалықтарын білдіріп, Елбасы мен Үкіметке алғыс айтты. Абайдың тікелей ұрпағы болып келетін 80 жастағы Манатай Балтақайұлы ақсақал ел тұтқасын ұстаған азаматтарға халқының игілігі үшін атқарып келе жатқан қызметтеріне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Кездесуде, сонымен қатар, «Қасқабұлақ» серіктестігінің басшысы Асқар Мұқатаев сөз сөйледі.
– Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, бүгін сіз қадам басып тұрған Абай елінің негізгі тірлішік көзі – мал шаруашылығы. Қазірде елімізде іске асырылып жатқан бірқатар мемлекеттік бағдарламаның арқасында мен сияқты қарапайым шаруалар өз ісін дамытуға тамаша мүмкіндік алуда. Менің шаруашылығымда бүгінде бес мыңнан астам қой, үш жүздей ірі қара, 700 жылқы, жүзден артық түйе бар. Тоқсаннан астам адамды жұмыспен қамтып отырмын. Орташа еңбекақылары 65 мың теңгені құрайды. Шаруа адамдарына жасалған осындай көмек үшін Елбасына рақмет айтамыз, – деді Асқар Мұқатаев.

Оның айтуынша, осыдан біраз бұрын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы өзі жетекшілік ететін шаруашылықтағы ірі қара малын бордақылайтын алаңға электр желісі мен су құбыры тартылыпты. Сондай-ақ, ол «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 120 бас сиыр сатып алып, мал басын асылдандырған екен. Соңғы үш жылда 22 миллион, биылдың өзінде тоғыз миллион теңге субсидия алыпты.

Ал «БАСТ» акционерлік қоғамының директоры Ілияс Көпей мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында аталмыш кәсіпорын Абай ауданы аумағындағы мыс кен орнын барлап, игеру мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті.

– Былтыр жылына 200 мың тонна кен байытуға қуаты жететін фабрикамызды іске қостық. Ал биылғы бірінші тоқсанда «Мақсұт» мыс-никель кенішінде кен игеру жұмыстарын бастап кеттік. Қазірде фабрикамыз айына 600 тоннаға жуық мыс концентратын өндіреді. Кәсіпорында Абай ауданының 120 тұрғыны еңбек етуде. Қазір өндіріс қарқынын арттыруға күш жұмсаудамыз. Жақында, атап айтсақ, шілде айында қашықтығы 25 шақырымды құрайтын электр желілері тартылды. Алдағы мақсатымыз – байыту фабрикасының қуатын жылына 400 мың тоннаға дейін жеткізу, – деген кәсіпорын басшысы келешекте жылына бір миллион тонна кен игеруге мүмкіндік беретін жаңа зауыт салу жоспары да бар екенін айтып, осының арқасында жұмыс орындарын 500-ге дейін жеткізуге болатынын жеткізді.

Өз кезегінде Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВ осындай талабы таудай кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қашан да зор қолдау көрсетілетінін айтты.

Сондай-ақ, кездесу барысында Абай аудандық ауруханасының дәрігері, жас маман Жанна Ерғазимова да сөз сөйледі. Ол «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының маңызы туралы айта келіп, Премьер-Министрден «Жидебай-Бөрілі» мұражай-қорығының, Абай Құнанбайұлы кесенесінің күрделі жөндеуден өткізілуіне қолдау көрсетуін сұрады.


Ешбір жоба назардан тыс қалмауы керек

 

Кәрім Мәсімов: -Ғылымдағы тың жаңалықтар өндіріске батыл енгізілуі тиіс

Түстен кейін Өскеменге келген Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВ Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша инженерлік-техникалық кадрлар даярлау үдерісімен танысты және мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жүйесін дамыту арқылы өндірісте ғылыми әзірлемелерді пайдалану мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Мемлекеттік органдар мен өндіріс өкілдері қатысқан кеңес барысында ғылым мен өндірістің жеткіліксіз интеграциясы, сондай-ақ, осы мәселені шешу үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жүйесін дамыту қажеттігі басты назарға алынды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында әртүрлі салада ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз ететін және индустрияландыру үшін кадрлар дайындайтын 10 жоғары оқу орнын атап өткен-ді.

2015-2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы әртараптандыруды ынталандыруға және 14 экономика секторында және металлургия, химия, мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдары, тағам өнеркәсібі сынды алты басым салада өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Елімізде өткен жылдың қорытындысы бойынша екінші Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 150 жоба енгізілді және 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Биыл 120 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 14 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.

– Өндірістің бəсекеге қабілетін арттыру бағытындағы аса маңызды міндеттердің бірі – ғылым мен өндірістің тығыз байланысын қамтамасыз ету. Отандық ғылымның жетістіктері нақты технологиялық міндеттерді шешуге бағдарлануы, шынайы экономика секторына батыл түрде енгізіліп, оны дайындаушыларға пайда əкелуі тиіс. Сондықтан, біз ғылым мен шынайы экономика секторының байланысы негізінде жоғарғы технологиялық өндіріс құру мəселелерін қараймыз, – деді Кәрім МƏСІМОВ.

Шығыс Қазақстандағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар туралы кеңеске қатысқандарға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов мәлімдеді.

Өткен жылдың күзінен бастап Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті аймақтың ірі кәсіпорындарымен жалпы инвестиция құны 5,7 миллиард теңгені құрайтын он ғылыми-техникалық жобаны іске асыруды бастады. Олардың ішінде «Магнитті-резонансты томографқа арналған аса жылдам өткізу технологиясын құрастыру», «Тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар шығару», «Қазцинк» серіктестігінде қорғасын және мырыш алу процестерін жаңарту», «Шығыстүстімет» серіктестігі байыту фабрикаларының өңдеу технологияларын әзірлеу», «Титан-Магний комбинатының хлорлы қалдықтарын жою технологиясын әзірлеу» сынды аса тиімді әрі заманауи жобалар бар.
Қазірде университет қызметкерлері және өнеркәсіптік кәсіпорын мамандары бірлесіп төрт ғылыми-зерттеу бағдарламасын жүзеге асыруда.

Екінші Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2015-2017 жылдарға бөлінген орындар саны 124-і құрайды, соның ішінде «Металлургия» және «Машинақұрастыру» мамандықтарына 62 орыннан бөлінген. Аталған бағыттар бойынша түсті, асыл, сирек кездесетін және сейілген металл алу инновациялық технологиялары, автомобиль құрастыру және тау-кен өндіру машиналарын шығарудағы инжиниринг және инновация сияқты білім беру бағдарламалары іске асырылуда.

Жиында медицина, өндірістік және технология саласындағы түрлі ғылыми жобаларды дамыту бойынша Үлбі металлургиялық зауыты тантал өндірісінің директоры А. Цораев, жоба жетекшілері С. Плотникова, Ж. Оңалбаева, М. Дудкин, «Қазмырыш» ЖШС металлургия атқарушы директоры К. Видякин, «Шығыстүстімет» ЖШС жобасының жетекшілері Р. Быков, Г. Нұршайықова, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесі Тау-кен институтының директоры А. Кондратенко, жоба жетекшісі А. Жылқышинова баяндама жасады.

Кеңеске қатысушылар ғылыми-техникалық әзірлемелерді коммерцияландырудың негізгі элементі нақты экономиканың секторына енгізу екенін атап өтті.

Айтылған жобаларға Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев өз пікірлерін білдірді.

Мемлекеттік органдардың өкілдері міндетті түрде механизм құрып, ғылыми жобаларды және салалық министрліктер бағдарламасын дайындау және жүзеге асыру кезінде атқарушы органдармен, өңірлік техникалық университеттермен және өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынаста болуы керектігін айтты.

Кәрім Мәсімов: -Ғылымдағы тың жаңалықтар өндіріске батыл енгізілуі тиіс


Жиынның екінші бөлігі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөніндегі кеңеске қатысушылар жаһандық дағдарыс жағдайында аталған әріптестіктің мемлекеттік міндеттемелерді орындау тиімділігін бюджет шығыстарынжәне экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ұлғайтпай-ақ қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидасын дамыту мәселесі туралы «Бәйтерек» АҚ басқарушы директоры А. Қуатова, өңірлік Еуропа қайта құру және даму банкінің бас экономисті А. Прейманис, концессиялық жобаларды өкілі, «Global Construction Technologies» ЖШС директоры Г. Уатаев сөз сөйледі.

Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне айтылған жобалар туралы барлық мәселелерді жинауға және Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия қарауына ұсынуды тапсырды.


– Ешбір жоба назардан тыс қалмауы қажет, – деп айырықша атап өтті Кәрім МӘСІМОВ.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту негізгі міндет екенін, оған Үкімет тарапынан займ бойынша мемлекеттік кепілдік, инфрақұрылымдық құнды қағаздарға мемлекет кепілдігі, заттай гранттар ұсыну, мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларын қаржыландыру, мемлекеттің тұтынуына кепілдеме беру сынды барлық қолдау көрсетілетінін айтты. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдану аясы кеңейіп, келісімдердің жаңа түрін пайдалану мүмкіндігі туады. Одан өзге жергілікті атқарушы органдардың дербестігі артып, облысқа осы саладағы жергілікті және концессиялық жобаларды әзірлеу, сараптау және жүзеге асыру өкілеттігі беріледі. Бүгінде Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығымен бірге экономиканың әр саласындағы жобалардың типтік конкурстық құжаттамалары мен келісімдерін әзірлеуде.

Премьер-Министр университеттегі екінші Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында кадрлар дайындау процессімен және инновациялық технологиялар зертханалардың жұмысымен де танысты. Атап айтсақ, ол «Түсті, асыл, сирек кездесетін және сейілген металл металлургиясы», «Iргетас», «Мехатроника және өндірісті автоматтандыру» зертханаларын, Плазмалық шаңдату және жоғары жылдамдықпен плазмалық кесу тәжірибелік учаскесін, «Festa» роботтандырылған желі учаскесін аралап көрді.

Сапар соңында Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ Глубокое ауданындағы «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің даму әлеуетіне баға берді. Кәсіпорын өсімдік және мал шаруашылығы салаларында заманауи технологияларды пайдаланады, ғылыми негізде селекция жұмысымен айналысып келеді. Отандық агроөндірістік кешенді дамытуда осындай шаруашылықтарға баса назар аударылмақ.

Заманауи шаруашылықтың осындай үлгісі – «Астана-Бизнес» агрохолдингінің құрамына енетін «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ЖШС.

Мұнда дәнді және майлы дақылдар өсіріліп, сүт және ет өндіріледі, сондай-ақ, отандық шаруаларды жоғары сапалы тұқымдармен қамтамасыз етеді.

Бұдан өзге шаруашылық тритикале, яғни күздік бидай мен қарабидайдың гибриді және күздік рапс сияқты жаңа дақылдар өсіреді. Гибридтік қарабидайдың өнімділігі шаруашылық алқаптарында гектарынан 60 центнерден асады, бұл – өңірде бұрын-соңды болмаған нәтиже. Сондай-ақ, мұнда ірі қара малдың тұқымын асылдандыру ісімен айналысады.

Тәжірибелік-селекциялық алқапты аралау барысында «Астана-Бизнес» серіктестігінің директоры Фарид Әбітаев Премьер-Министрді кәсіпорын қызметінің нәтижелерімен таныстырды.

Тәжірибелік шаруашылық ғылыми бөлімінің жетекшісі Сергей Шербань күнбағыс, соя секілді майлы дақылдар сұрыптарының селекциясы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

600 мал бас ірі қара бар тауарлы сүт фермада Кәрім МӘСІМОВКЕ сиырларды машиналы сауудың заманауи кешені қалай жұмыс істейтіндігі көрсетілді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков Премьер-Министрге облыстағы агроөндірістік кешеннің дамуы жайында баяндады.


Раушан Нұғманбекова,
Нұржан Кенжеұлы,
Ержан Әбіш

"Дидар" газеті