07 там, 2017 сағат 16:03

Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдығына арналған ақындар айтысы өтті

Қазақтың көрнекті айтыс ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халық ауыз әдебиетінің мұраларын жинақтауда мол еңбек сіңірген Қалихан Алтынбаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған республикалық ақындар айтысы бұл жолы Жарма ауданының орталығы Қалбатауда қанат жайды. Қалихан ақынның қазақтың төл өнерін төрге оздыруда көп тер төккені тәптіштей айтпасақ та белгілі. Ең бастысы ұлттық құндылықты ұрпаққа жеткізуде ұмытылмастай із қалдырған таланттың есімін ұлықтайтын ескерткіш ашылды.

Алаштанушы ғалым, белгілі жазушы Тұрсын Жұртбай, ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, айтыс өнеріндегі жүйріктердің бапкері Жүрсін Ерман бастап Қалихан Алтынбаевтың шығармашылық жолына кеңінен тоқталды. Соның ішінде сүбелісі күні кешегі кеңестік дәуірде аясы тарылып, ұмытылуға шақ қалған айтысты қайта тірілтуде Сыр бойындағы Манап Көкеев, Оңтүстіктегі Көпбай Омаровтармен қатар шығып сүбелі үлесін қосты. Тағы бір ғажабы Көкпекті мен Қалбатаудың ғана емес, Шыңғыстаудың қойнауына да тыңнан түрен салып, небір дастандарды тудырған эпик ақын. Соның ішінде Абайдың 150 жылдық тойындағы айтысты ұйымдастыру ісінде де Қалиханның өшпесі ізі бар. «Ақынбыз деп кеудемізді ұрып жүрген біздерді жолда қалдырып, «Мамай батыр» поэмасын жазып, Шыңғыстауды жырлаудың үлгісін көрсетіп кеткенін мойындауымыз керек» деген абайлық ақын Төлеген Жанғалиевтің сөзі де босқа айтылмаса керек. Осы тұста қара сөздің қасиетін таныған аудан әкімі Нұрлан Сыдықовтың Жарма өңіріне қазақы леп әкеле бастаған білікті басшы екендігіне де ешкімнің таласы болмаса керек,

Хош, сонымен түске жақын шымылдығы түрілген сөз өнерінде кіл мықтылар бірінен-бірі өтуге тырысып бақты. Алғашқы сөз сайысында Ринат Зайытов пен Фархат Маратұлының сөз қағысулары бірін-бірінің қайынжұртын түгендеп, жезде-балдыз арасындағы әзіл-қалжыңнан шығандап кете қойған жоқ. Әрине, Қалбатаудың қойнауындағы артықшылықтарды сөз еткен қос дарынның сөз саптауында қоғамдағы жайлар да қозғалмай қалмады. Ринаттың:

Орыс пен қытай қысып бір жағымнан,

Жағымпаз жасық елмін нұр жамылған,-деген ащы шындығы жұрттың көкейіндегісін дөп басты. Осы тұста Жүрсіннің өзі «билікке жақпай жүрген ақын» деп мойындаған Ринат Зайытовтың келесі айналымда кеңінен көсіле алмай қалғанын да айтпай кеткен жөн болмас. Елдің болашағы, Қытайдың алаңдатуы сирек те болса айтылды. Ал, енді Қалиханның әкесі Қалиасқардың да көз қарақты зиялы болғандығы «тері шапан киіп келген» тегеурінді ақын Шұғайып Сезімхан мен Қазақ Ұлттық университетінің «физигі» Қазырет Бердіханның айтысында жақсы айтылды. Әсіресе, әкесінің о баста Алаштың атын ардақтап, баласының есімін «Әлихан» деп қоймақ болғандығы, бірақ, оның ар жағы өзіне қауіп боларын аңдап, Қалихан деген атқа тоқталғанын Қазырет тамаша жеткізді.

Қылтиып Қалиханның ар жағынан,

Көрінер Әлихандай сұсы алыптың.

Әкесі де текті ғой бір әріппен,

Ауызына құм құйған үш әріптің, - деп жырлағанын Қалихан ақынның өміріндегі бір жаңалық деуге әбден болады.

Осы Қазырет Бердіханның айтыс қорытындысында Бас жүлдені жеңіп алғандығы қазылар алқасының өте әділ шешім қабылдағанын көрсетті. Қытайдағы қазақтардың қазіргі тағдыры туралы да Қазыреттен асырып батыл көтерген ақын болмағанын молйындаған жөн боар. Ақынның ұлттың өрістеуіне құрық салып отырған алып көршіміздің жымысқы саясатын әшкерелеген мына жолдарына қалайша тебіренбессің:

Күншығыстан естимін күнде айғайды,

Білмеймін кім жылайды, кім қарғайды?

Қытайдағы мұсылман бауырлардың,

Басына қауіп төніп тұнған қайғы.

Осылай кете берсе ол жақтағы,

Екі миллион қазақтан дым қалмайды.

Оны айтсаң «Ол Қытайдың өз ісі» деп,

Өкімет қозғалмайды, ырғалмайды.

Қазақстан азаматы емес қой деп,

Қанша айғайласаң да тыңдалмайды.

Қазақстан заңы егер қорғамаса,

Қазақтың азаматын кім қорғайды?

Осындай кесек сөз, баьыл ойларымен шоқтығы биік көрінген Қазыретті қазақтың қазіргі айтысындағы жаңа есім ретінде де көрермен анық таныды.

Бұл айтыста бірінің ойын бірі қайталаған ақындар да көзге шалынбай қалған жоқ. Кейбірі атын мен даңқына сеніп келіп, жұрт күткен деңгейден көріне алмай қалса, енді бірін қарсыласынан басым түсіп тұрғанын көре тұра қазылар алқасы қапы қалдырды.

Сонымен сөз сайысының қорытындысында 12 ақынның 7-і ынталандыруды қанағат тұтса, 350 мың теңгеден ІІІ орынды Әсем Ережеқызы (Семей) мен Еркебұлан Қайназаров (ОҚО бөлісті. Ал 800 мың теңге көлеміндегі ІІ орынды Серікзат Дүйсенғазин (Астана) иеленді. Ал 1 млн. теңгеге бағаланған  І орынның жүлдесі керекулік Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Ал 1,5 млн. теңге тігіліген Бас жүлдені Қытайдағы 2 млн.қазақтың зарын айтқан Қазырет Бердіхан жеңіп алды.

Сәтжан Қасымжанұлы,

Шығыс Қазақстан облысы