23 қыр, 2016 сағат 17:32

Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілуі тиіс – Д.Баймұсынов

Мемлекет басшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» мақаласында адамның құқығын қорғау, оған өндірісте алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызу, елге сіңірген еңбегіне орай құрмет көрсету міндеттелген. Бұл бағытта атқарылған істер жайлы Ақмола облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Дүйсенбек Баймұсынов BNews.kz тiлшiсiне айтып берді.

Жыл басынан бері Ақмола облысының мемлекеттік еңбек инспекторлары 821 өтінішті қараған. Оның 778-і еңбек қатынастарына, 39-ы өндіріс қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға, 4-уі жұмыспен қамтуға қатысты. Сонымен бірге 399 кәсіпорын мен ұйымға тексеріс жүргізіліп, оның 51-де 2064 қызметкерге 236,7 миллион теңгенің жалақысы төленбегені анықталып отыр.

«Мемлекеттік еңбек инспекциясының ұйғарымымен 1946 қызметкерге 221,3 миллион теңгенің жалақысы өтелді. Алайда, әлі де борышкер кәсіпорындар баршылық. Мысалы, биылғы жылдың шілде айында «Подлесное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Каменское өңдеу зауытының 7 жұмысшысы жалақысын ала алмай жүргені туралы шағымданған болатын. Тексеріс барысында аталған кәсіпорында сәуір-маусым аралығындағы жалақы қарызы 508 296,32 теңге екені анықталды. Соған орай серіктестіктің заңды тұлғасы әкімшілік жауапқа тартылып, 80 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл төледі. Жұмысшылар өзінің жалақысын толық көлемде алды. Сондай-ақ, тамыз айында Н.Айықпаев деген азаматтан «Көкшетау Автодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен маусым, шілде айларының жалақысын алмағандығы жайлы арыз түсті. Тексеріс барысында оның шындыққа саятыны анықталды. Бұл кәсіпорынның да заңды тұлғасына 60 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынып, жұмысшыларға жалақысы төленді»,–деп атап өтті Дүйсенбек Баймұсынов.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы жазатайым оқиғаларға қатысты туатын дауларды да шешуге қатысады. Мысалы, жыл басынан бері осындай 77 жағдай тергелді. Өткен жылы өндіріс орнында 11 адам көз жұмған болса, биылғы саны – 6.

«Оның басым бөлігі қауіпсіздік шараларын сақтамаудан болады. Егер жазатайым оқиғаға кәсіпорын басшылары кінәлі болса, олар көз жұмған адамның отбасына қаржылай қолдау көрсетуге міндетті. Балалары бар болса, оларға 18 немесе 23 жасқа дейін жәрдемақы төленеді. Жазатайым оқиғаларды азайту мақсатында 2000 лауазымды тұлға еңбек қауіпсіздігі бойынша арнайы курстан өтті. Бұл өз кезегінде адам өмірін сақтап қалуға үлкен сеп»,–дейді еңбек инспекторы.

Алайда, еңбек инспекторларының өздері шеше алмайтын мәселелер де бар екен. Оның басты себебі, жұмысшылардың кәсіпорын иелерімен келісімшартқа тұрмауына байланысты болып отыр. Жай сөзбен келісе салып, іске кірісіп кетеді де, жұмысты аяқтағаннан кейін жалақысын ала алмай жүреді. Ондай жағдайлар әсіресе, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында жиі кездесетінін айтады еңбек инспекторы.

«Тараптар келісімшартқа отырмағасын бізге жұмысшының құқығын қорғау қиынға соғады. Ол істі сотқа бергеннің өзінде қарапайым адамның жеңіп шығуы неғайбыл. Өйткені, құжатта рәсімделіп, мөрі басылмаған, яғни еш дәлел жоқ. Сондықтан бір жерге уақытша жұмысқа орналассаңыз да міндетті түрде келісімшарт жасасыңыз, сонда ғана өз құқығыңызды қорғай аласыз. Елбасы кез келген мекеме, кәсіпорын өз қызметкерлеріне жалақысын әр айдың 10-ынан кешіктірмей беруді тапсырғаны белгілі. Алайда, оны толық орындамайтын жауапсыз басшылар да бар»,–дейді ол.

Президент ұсынған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» идеясы еңбек адамына деген көзқарасты өзгертті. Соның арқасында қарапайым жандар құрметке бөленуде. Бұл бағытта еңбек инспекциясы бірқатар шараларды қолға алған.

«Биыл маусым айында «Еңбек жолы» конкурсы ұйымдастырылды. Ол «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістегі үздік жас маман» және «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымдары бойынша өтті. Нәтижесінде аумақтық байқаудың жеңімпаздары болып теміржолшылар Серік Құлымбетовтың әулеті танылды. Сондай-ақ, «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамының жас маманы Әрсен Сәлімгереев пен жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп келе жатқан «Ижевский» өндірістік кооперативінің жетекшісі Ибрагим Жанғоразов республикалық байқауға жолдама алды. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова 2015 жылдың 30 қазанында «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясы аясында жасалатын шаралардың жоспарын бекіткені белгілі. Соған орай биыл біз барлық мекемелерге, жекеменшік кәсіпорын иелеріне қыркүйектің соңғы жексенбісіне сәйкес келетін Еңбек күнін атап өту және ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттау туралы ұсыныс-хаттарымызды жолдадық. Сол арқылы қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілсе екен дейміз. Ең бастысы, жұмыс орындарында оқыс оқиғалар орын алмаса деген тілегім бар»,–деп  түйіндеді Дүйсенбек Баймұсынов.