19 мау, 2017 сағат 10:44

Ардақ Нұрғазы. Қараңғыдағы мәтін

Мадина Омарова шығармаларындағы алғадайлық ерекшелiк

Әлемдi түсiндiру үшiн әуелi оны түсiнiп алу керек. Ендеше, әлем деген не? Түсiну деген не? Түсiндiру деген не? Бүгiннiң түсiнiгiмен айтқанда, бұның үшеуi де сөз. Адам баласының санасында малтыққан түйсiктiң сөз теңiзiнен тасқап шығарған мағыналары. Мағына деген — сыртқы әлемге бастайтын жол немесе ұлы дария. Адам осы дарияның бiр тамшысы, нақтырақ айтқанда, ең кiшi бөлшегi. Содан да адам мен сөздi бөлiп қарауға болмайды. Олар теңгенiң екi бетi сияқты. Ол теңгенiң аты — болмыс. Болмыс пенде баласының бiлетiн және бiле алмайтын шексiз-шетсiз сыртқы әлем мен дәл сондай iшкi рухани әлемнiң түйiскен тұсында тұр. XX ғасырда бас көтерген болмысшылдықтың түп атасы саналатын Ф.Ницшенiң: «Әлемдi түрлiше түсiндiруге болады. Онда жасырын тұрған ештеңе жоқ. Қайта, ол шексiз мағынаға ие» дегенi бар.

Бүгiнге дейiн адам баласы дүниенi түсiндiруге тырысудан, өз болмысына үңiлуден жалыққан емес. Сонау есте жоқ ескi замандардан бүгiнге дейiн дүниенi дiн, философия, ғылым, түрлi «измдер» мен идеологиялар өзiнше түсiндiрiп, бiр қортынды шығаруға тырысып келедi. Алайда, бұлт етпей тұрмайтын дүниеде түсiндiру жаңа түсiндiрумен сабақтасып кетедi де, қалыптасқан түсiнiк ақырында өзгерiп тынады. Айталық, кез келген дiн сияқты ақырғы өзгермейтiн ақиқатты айтқандай, кеңес идеологиясы түпкi болмысты қатып-семген шектi мағынамен қаңтарып ұстады. Партия, Отан, халықтар достығы, күн көсем, интернационалдық рух, кеңес адамының махаббаты, өзге үшiн өзiн құрбан ету, т.б. сөздер үстемдiк құрды. Белгiлi мағынадан алғанда осынау сөздер ағын судың iлуде бiр кездесетiн иiрiмiнде топталған көбiк сияқты шынайы болмыспен еш қатысы жоқ едi. Кеңес билiгi кезiнде жоғарыдағы атаудың кез-келгенi өзгенiң еркiн баса билеп, қан төгiп, ұлт пен ұлыстан тартып жеке адамның тағдырына дейiн тәлкек етiп, қасiреттi қолдан жасап тұрып, қасiреттiң мүлде керi мағынасына ие болды. Бұны сөздiң әуелгi мағынасының жоғалуы немесе сөздiң өлуi демей, басқа не деуге болады?ө Әсiлiнде, сөз бен болмыс қақ жарылған жерде мағынасыздық мән алады. Тәуелсiздiктен кейiнгi қоғамда белең алған рухани құлдыраудың түп себебi де осында жатыр. Адам өз болмысына жақындаған сайын сөздiң дәмiн сезiне түседi. Болмыс деген өзiңнiң жер басып тұрғаныңды шынайы сезiну. Ф.Кафканың: «Адам екi табаны тиiп тұрған жердiң көлемiнде ғана өмiр сүредi» дегенi бар. П.Сллан: «Қол алысу мен поэзияның арасынан еш айырмашылық көрiп тұрғаным жоқ» деп жазды. Екеуiнiң де айтпағы бiр сөз. Түйсiну де мiне, осы тұстан басталады. Түсiну басталған жерде сөз тiрiледi. Кеңес қоғамының жаңбырдай жауған жансыз сөздерiнiң iшiнен берi келген тәуелсiз кезеңнiң жазушылары үшiн сөздi қайта тiрiлту ең басты мiндет болды. Кеңес идеологиясы алып құрылыстар салып, қала тұрғызып қана қойған жоқ, өз идеологиясына қалқан етiп ұстайтын сөзден тау да тұрғызды. Қарапайым сөз тiркесiнен басталып, ұзын-ұзын құрмалас сөйлемдерге ұласатын кеңес әдебиетiнiң құрсауынан босаудың басты жолы алдымен осынау сөйлемдерден азат болу немесе сөйлемдi қайта құрудың жолын қарастыру екенiн посткеңестiк елдердiң тәуелсiздiктен кейiн әдебиетке келген жазушылары бәрi дерлiк аңғарды.

Ол диванда теледидар көрiп отыр. Футбол. Ешнәрсесi түсiнiксiз, мағынасыз футбол. Не деген ұзақ, бiтпейтiн нәрсе. Жайлап барып алдына отырып алған. Есiл-дертi экранға ауған ол қолын тартқаны болмаса, мән бере қойған жоқ. Бетiне қарады. Кiрпiктерi ұзын. Қоп-қоңыр. Үлпiлдек. Саусағын тигiздi… 

(Мадина Омарова. «Маххабат»)  

Кеңес әдебиетiнiң көзiмен қарасаң, жоғарыдағы жолдарда көп кемiстiк бар. Тiптi, оны басы бүтiн прозалық шығарманың басталуы деуге келмейдi. Баспасөзде Мадина Омарованың атына айтылатын сынның негiзi де жазушы шығармаларында қысқа, жалаң, тiптi, бiр сөзбен аяқталатын сөйлемдердiң бар екенi, бұл тiлдi меңгере алмау, қала бердi, прозаға дайындықсыз келген дегенге барып саяды. Мұнда шешен сөйлейтiн Мұхтар мен Сәбит те, жазба тiлмен сөйлейтiн Қалихан мен Дулат та, тiптi сөйлемдердi қамшының сабындай қысқа алатын Оралхан да көрiнбейдi. Кеңес әдебиетiнiң өлшемi тұрғысынан айтқанда, бұл мүлде жат нәрсе. Ықшам, жинақы түскен жоғарыдағы жолдардың табиғаты монологқа, уақыт пен кеңiстiктiң арасындағы қиысуды баса сезiнуге, содан туындайтын болмыстағы үнсiздiк пен бостықты көрнектiлендiруге бейiм. Бұлар қортынды шығарудан жалтара отырып, мәтiннiң ашықтығы мен көп негiздiгiн қамтамасыз етедi. Шығарма тiл тұрғысынан баяндаудан гөрi сөздiң поэзияға тән табиғатына жақындайды. Айғай ақиқат болудан қалған дәуiрде сөздiң бұндай бүркемелi түс алуын Юнг «Қаламгердiң баса билеген тәртiпке көрсеткен қарсылығы» деп түсiндiрген болатын. Мадина Омарованың шығармалары сөйлем құру дағдысымен ғана емес, жанр тұрғысынан да өзгеше. Жазушының «Ана ғұмыр» («Жалын» баспасы, 2009 ж) жинағына кiрген шығармалары «мөлтек романнан» бастап бәрi дерлiк қысқа, берiсi жарым бет, арысы екiүш беттен ғана тұрады. Жазушының «мөлтек роман» дегенiн «қиықтардан тұратын роман» деп түсiнуге де болатын сияқты. Әсiлiнде, қиық-қиқымнан тұру Мадина Омарованың жалпы шығармаларының басты және ортақ ерекшелiгi деуге болады. Бұның тасасында жазушының дүниенi түсiнудегi таным ерекшелiгi тұр. Мәңгiлiк өзгермейтiн ақиқаттан тұрған қоғамның шаңырағы ортасына түскеннен кейiнгi кезеңде бас көтерген бұндай таным ақылдың сыртқы әлемдi шектi көлемде танитынын, ақиқаттың көп жақтылы болатынын, оны түйсiну үшiн жан тереңiне бойлау керектiгiн аңғартып тұрады. Бұл түйiн автордың эстетикалық талғамына әсер еткен. Содан да Мадина Омарованың қаламынан туған жоғарыдағы мәтiндi жасандылығы жоқ, Тәуелсiздiктен кейiнгi жаңа қоғамның шынайы туындысы деуге әбден негiз бар. Бұл арада Мадина Омарова шығармаларының поэзиялық түсi басым екенiн ерекше атап өтуге тиiспiз. Бұл жағынан Оралхан Бөкейдiң әңгiмелерi көз алдыңа келедi. Алайда, екi жазушы элегиялық сарында үндестiк тапқанымен, жазушылықтың мәнi, мәтiнде көздеген мақсат тұрғысынан бөлектенедi. Айталық, Оралхан Бөкей шығармаларында жазушы немесе «мен» кейiпкер көп жағдайда өзi әңгiме ететiн ортаны сырттай бақылаушы немесе естiп-бiлген адам ретiнде сөз етедi. Бұндай сөз алыста жазушы өзi бiлетiн әңгiмесiн бiлмейтiндерге (әлi естiмегендерге) айтып отырғанын, жұртқа үлкен жақтан таныс дүниенi өз тұрғысынан бағалап, сабақтап, қортындысын да шығарып (жазушы өзi қорытып, бағасын бередi) отырғаны аңғарылып тұрады. Ал, Мадина Омарованың кейiпкерлерi көлденең көк атты бiреу емес, сөз еткелi отырған ортаның туындысы, бастысы тағдырмен тайталасқан, болмыстың өзi сияқты күрделi, өткенi қандай екiұшты болса, келешегi де сондай болжаусыз пенде болып келедi. Онда таным-түйсiк те, сезiм де, ой да тiкелей сол сәттiк ортадан бас көтередi. Сырттан тықпалаған ештеңенi таппайсың. Оралхан Бөкей оқырманға майын тамызып тұрып әңгiме айтып берсе, Мадина Омарова сезiм мен түйсiнудi жеткiзедi. Осыдан барып бұл әңгiмелер оқиғасы жағынан солғын, поэзияға тән нәзiк, сыршылдыққа бейiм. Мадина Омарованың прозасын қазақ әдебиетiнiң жас, алда шапқан алғадай буыны деп қарауға болады. Бұл бұтақ балауса, балғын, әлсiз көрiнгенiмен, бәрiбiр бiздi болашаққа бастайтын жас өркен. Көктемде қайта бүрлеген қарт емен ағашы да өн бойындағы тiршiлiктiң өмiршеңдiкке толы күш-құдыретiн әйгiлегенде осылай бұлқынады. Тамырда қуалаған тiршiлiк нәрi күн көзiне, биiкке ұмтылған сайын өзiнiң балауса бұтағына зор үмiт артады. Бұл тамыр мен бұтақтың тереңде жатқан көзге көрiнбейтiн ерекше махаббаты. Мадина Омарова былай деп жазады:

Мен бұлбұлдың сайрағанын ешқашан естiген емеспiн. Естiген күннiң өзiнде қасымда оның басқа емес, бұлбұл екенiн түсiндiретiн адам болмаса, танымасым анық. Бiрақ, маған бәрiбiр бұлбұл ұнайды. Әбден жауыр болған, ғасырлар бойы айтыла-айтыла ескiрген атағымен, әсiресе мен үшiн беймәлiмдiгiмен…

(Мадина Омарова. «Қоңыр әуен»)

Жаңа заманның өте сезiмтал, қырағы жазушысы ретiнде Мадина Омарованың атына айтар сын болса, менiңше, ол жазушының түйе боталағандай аз жазатыны. Сонымен бiрге өзiнде бар мүмкiндiктердi толық пайдалана отырып, жаңа бiр баспалдаққа көтерiлуге құлықты еместiгi. Таң қараңғылығын бұлайша соза беруге болмайды.

Мен «Ана ғұмыр» кiтабын қолыма ұстап отырып, жазушының жан сыры ағаш арасына түскен теңбiл көлеңкедей бiр сәт тыным алмайтын, өз-өзiне сөйлеуге құмар, өз балшығымен өздерiн жасаған кейiпкерлерiн көз алдымнан өткiздiм. Кенет, ойыма француз жазушысы А.Камюдың «Бөгде» новелласындағы бас кейiпкердiң бiр бейнесi келдi. Шығармада өмiр бойы айнала қым-қуыт ортаның дүрмегiнде қақпақыл болып жанұшырып жүрген бейшара оқыстан адам өлтiрiп, өзi де өлiм жазасына кесiлген шағында басын көтерiп аспанға қарайды да, таңқалады. Себебi, өмiр бойы басын көтерiп көрмеген пенде аспанның көк болатынын бiлмей өткен ғой. Бұл түсiндiру. Мадина Омарова шығармаларына да сондай бiр бас көтеру қажет сияқты.

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

әдебиеттанушы, ақын