27 қаң, 2022 сағат 00:17

Қаралы қаңтар: Адам құқықтары ұлттық орталығына 39 шағым түскен


Еліміздің Адам құқықтары ұлттық орталығына 39 шағым түсті. Бұл туралы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтардың 13-24 күндері аралығында өңірлік топтар Қазақстанның 16 өңіріндегі 81 тергеу, уақытша ұстау, қабылдау-тарату және арнаулы қабылдау орнында болды. Азаматтардан құқығының бұзылғаны туралы 39 шағым түсті. Оның ішінде 20-сы - зорлық-зомбылық таныту және қатігездік көрсетуге қатысты жазбаша шағым», - деді Эльвира Әзімова Еуропалық одақ елдерінің адам құқықтары жөніндегі 10 Елшісімен онлайн кездеу барысында. 

Оның атап өтуінше, қалған шағымдар негізсіз ұстауға, әкімшілік жазаға тарту туралы сот шешімімен келіспеуге, медициналық көмек көрсетпеуге, адвокаттарды жібермеуге қатысты болды. 

«Дегенмен, әлеуметтік желілерде құқық бұзушылыққа қатысты қоңыраулар мен хабарламалардың саны біршама көп. Кеше Бас прокуратура прокуратура органдарына құқық қорғау органдары тарапынан тергеу жүргізу барысында тыйым салынған әдістер мен азаматтар құқығының бұзылуына қатысты 109 шағым түскенін жариялады. Тексеру нәтижесінде 21 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде біреуін ғана - арнаулы прокурор, ал қалған 20-сын - жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп жатыр», - деді ол.