08 қаз, 2024 сағат 19:44

Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы табиғи өрт сөндірілді

Фото: ҚР ТЖМ

Қазақстан ТЖМ бөлімшелері Павлодар облысының аумағындағы дала өртін сөндірді. Жағдайдың тұрақталуына байланысты Баянауыл ауданы Желтау ауылының эвакуацияланған 18 тұрғыны үйлеріне оралды. Бұл туралы Ult.kz ҚР ТЖМ өкілдеріне сілтеме жасап хабарлайды.

Қарағанды облысының аумағындағы өрт оқшауланды, өрттің ауданы анықталып жатыр. Қатты екпінді жел, рельефті таулы және батпақты жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатқаны айтылады.

"Қазіргі уақытта Қарағанды  облысының аумағындағы өрт ошақтары сөндіру жұмыстары жерүсті және әуе көлігімен жүргізу жұмыстары жалғастырылуда", - дейді ТЖМ өкілдері.


Қарағанды облысының Айыр және Атантай елді мекендері ауданындағы өртті сөндіруге 2 жауынгерлік учаске анықталды.

ҚР ТЖМ Командалық орталығы мен облыстардың ТЖД жедел штабтары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі уақытта өрт сөндіру жұмыстарына 557 адам мен 88 бірлік техника, 6 ұшқышсыз ұшу аппараты, ҚР ТЖМ және ІІМ ҰҰ 4 әуе кемесі жұмылдырылған.

Өртті сөндіруге Қарағанды, Ақмола, Абай облыстарының, Астана қаласының құтқару топтары, ТЖМ 52859, 68303 әскери бөлімдерінің және жергілікті атқарушы органдар қатысқан.

Әуе кемелері өрт ошақтарына барлығы 87 рет 102-ден астам тонна көлемінде су төкті. Сонымен қатар аэровизуал барлау жүргізілді. Ұшу нәтижелері бойынша жағдай тұрақты.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та өрт бүгін сөндіріледі деп сендірген.