Күдіктілерден 107 млн теңгеден астам сомаға бағаланатын ұрланған мүлік алынды. Бұл туралы ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Басқа да тонауға қатысқан адамдар анықталып, жауапкершілікке тартылып жатыр. Осы жылдың 1 ақпанында Қызылордада жаппай тәртіпсіздік кезінде ломбардтардың бірінде ұрлық жасаған осы қаланың екі тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұсталғандардан 160-тан астам алтын бұйым алынды. Алматыда тонауға қатысқандардың бірі «Искер Ломбардқа» 41 млн теңгеден астам шығын келтірген. Күдіктіден ұрланған заттың бір бөлігі тәркіленіп, оның кінәсі бейнежазбамен дәлелденді», - деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, күдіктілерден барлығы 107 млн теңгеден астам сомаға бағаланатын ұрланған мүлік алынды.
«Оның ішінде 8 автокөлік, 360 тұрмыстық техника, 200-ден астам зергерлік бұйым, 460 киім атауы, 238 ұялы телефон, сондай-ақ 15,5 млн теңге сомасындағы қолма-қол ақша тәркіленді», - деді департамент басшысы.