Желіде Алматыда қару ұстаған бұзақылардың полицейлер мен әскерилерге таяқ пен арматурамен шабуыл жасаған видеосы пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кадрда топтасқан бүлікшілердің полицейлер мен әскерилерді қоршап алғаны бейнеленген. Олардың формасы мен погонын жұлып алып, соққыға жыққан. Әскерилердің қалқаны мен басқа да қаруларын тартып алған.
«Сарбазды бәрі жабылып ұрып жатыр. Таяқпен, аяқпен», - деп пікір білдірді видео авторы.
Әскери қызметшінің қаны сорғалап аққан сарбазды алаңнан әкетіп бара жатқанын көруге болады. Видеоға тағы бір әскеридің жарақат алған сәті түсіп қалған. Түнге қарай бұзақылар мен бүлікшілер шоқпармен және қалқанмен қызметтік автокөліктерді қирата бастаған. Радикалдардың қарулы тобы барлық әйнектерді қиратып, машиналардың үстіне секіріп, әкімшілік ғимараттарды жаққан.
Еске салайық, 1 қаңтарда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сағат 17:20-да қала әкімдігінің алдында тұрғындар жиналды. Олар ел басшылығына видеоүндеу жасап, сұйылтылған газ бағасын түсіруді сұрады.
Сол күні сағат 18:00-де адамдар тарады.
Содан кейін 2 қаңтарда наразылық білдірушілер саны бірнеше жүздеген адамға артты, ал акцияға қатысушылар ішкі жолды жапты. Құқық қорғау органдары күш қолданған жоқ.
3 қаңтардан бастап наразылық білдірушілер басқа қалаларда және өңірлерде шыға бастады. Сол күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында басқа жеті өңірде - Атырау, Ақтөбе облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, БҚО, Алматы облысы мен ШҚО-да «бейбіт» митингтер басталды.
4 қаңтарда митингілер жалғасты, ал оған қолдау білдірген өңірлер саны 11-ге жетті. Қатысушылар саны 37 мың адамға дейін өсті. Алматы мен Шымкентте қарулы шабуылдар жасалды.