Фото: © Sputnik / Владислав Воднев
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров табыстың көлеміне қарай салықты арттыру бастамасын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрлік Президент тапсырмасы бойынша салық салудың прогрессивті шкаласын, яғни табыстың көлеміне қарай салық төлеу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Оған сәйкес, белгілі бір сомадан асатын табыс үшін 15 проценттік салық төлеуге тура келеді.
"Қазіргі жоба бойынша шекті табыстың сомасы 480 ең төменгі жалақыны құрайды. Ол шамамен 40 миллион теңге. Мәселен, салық төлеуші жылына 50 миллион табыс көреді делік, онда ол 40 миллионнан артылған 10 миллион теңге үшін 15 процент салық төлейді", - деді Қуантыров сентта өткен үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, ондай шара салықтан жалтаруға септігін тигізбейді. Себебі ондай табыс табатын кәсіпорындар салықты уақытында төлеп тұрады.
Айта кетері, бұған дейін Қазақстанда прогрессивті шкала болған. Оның деңгейі 5-20 процент көлемінде белгіленген. Бірақ кейін алынып тасталды.