Фото: pikabu.ru
Бүгін Сенатта өткен "дөңгелек үстелде" салық саясаты мен салықтық әкімшілендіруді жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, қымбат тауарларға салынатын салықты қалай көтеру жоспарланып отырғаны туралы айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амриннің айтуынша, сән-салтанат тауарларына қатысты бөлек салық салу туралы сөз жоқ – бұл тауарлардың жекелеген санаттарына қосымша салық салу. Атап айтқанда, яхталар мен ұшақтарға салынатын көлік салығын айтарлықтай арттыру көзделген.
"Бізде меншігінде ұшақтар мен яхталары бар салық төлеушілер бар. Олар бойынша, егер қарасаңыз, бір нысанға төленген сома - бар-жоғы 13 мыңға жуық. Мұнда, әрине, айтарлықтай көтеру керек (салық. - еск.). Біз бұл жағдайды түзетеміз, яғни яхталар мен ұшақтарға көлік салығын көбейтіп, арттырамыз", - деді Амрин.
Вице-министр келтірген мәліметтерге сәйкес, 490 яхта - жеке тұлғалардың меншігінде, ал 176 яхта - заңды тұлғалардың меншігінде. Сондай-ақ, қазақстандықтарға 248 ұшақ тиесілі, тағы 665 ұшу құралы заңды тұлғалардың меншігінде.