фото:gorvesti.ru
Ақтауда қандаланы улаймын деп 2 бірдей сәбидің өліміне себеп болған әйел сотталды. Бүгін Ақтау қалалық сотында 48 жастағы әйелге қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Сот ашық түрде өтіп, айыпталушы мен оның туыстары қатысты. Ал жәбірленуші тарап сот барысын онлайн түрде көрді.
Ақтау қалалық сотының судьясы Ақмарал Хасенованың мәлімдеуінше, сотталушының кінәсі толық дәлелденген.
"Сотталушы Қылмыстық кодекстің 304-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын Қылмыстық кодекстің 46-бабы 5-бөлігінің 1-тармағына сәйкес қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеу белгіленсін. Сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қолданылған үйқамақ бұзылсын. Сот залынан қамауға алынсын", - деді судья.
Айта кетейік, қайғылы оқиға осыдан 3 ай бұрын болды. 7-шағынаудандағы 14-үйдің 8-қабатындағы пәтерлердің бірінде қандалаға қарсы дезинфекция жүргізіліп, пәтер иесі оны көршілерге ескертпеген. Салдарынан удың иісі үстіңгі қабаттағы пәтерге жетіп, бүкіл бір отбасы уланып қалды. Иіске тұншығып, оқиға орнында 2 жарым жастағы және 10 айлық бала қаза тапты. Кәмелетке толмаған тағы 2 бала мен ата-анасы және атасы ауруханаға жеткізіліп, 6 жасар бала ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылды.
Тексерулердің нәтижесінде көршінің үйінде белгісіз препаратпен дезинсекция жүргізілгені анықталды. Пәтер иесі қандаладан құтылу үшін 39 таблетка қолданған. Соның салдарынан жоғарғы қабаттағы пәтерге аммиак көп тараған.