Бүгін Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімов дүние салды. Ел басшының қазасына байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бурхановты бір-екі ауыз сөзге тартқан едік.
- Өзбекстан жұртшылығы бүгін 27 жыл ел билеген басшыларымен қоштасып жатыр. Сіздің ойыңызша, осы жылдар арасында Кәрімов өзбек елі үшін қандай елеулі жұмыстар атқарды?
-Ең алдымен бауырлас өзбек жұртына қайғыра көңіл айтамын. Өзбек елінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан, ел бірлігінің, татулығының ұйытқысы болған Ислам Кәрімовтың қазасы жалпыға оңай тиген жоқ. Иә, Кәрімов Өзбекстан мемлекетінің ұлт болып қалыптасуы жолында аянбай тер төккен тұлға. Оның саяси, экономикалық тұрғыдағы маңызды қадамдары, Өзбек елін Орта Азиядағы қауқарлы державалардың біріне айналдырды. Елдегі діни араздықты ауыздықтап, сыртқы күштердің ықпалын тежеді, халықтың әлеуметтік жағдайының оңалауы үшін үлкен істер атқарды. Өзбекстан шегаралық мемлекет болғаннан кейін, оның тұрақтылығы басқа елдер үшін маңызды. Халық санының көптігін айтпаса да білесіз. Солтүстігінде Қазақстан, арғы бетінде Ауғанстан, Түркіменстан, тәжік елі бар, оның қасында қырғыз жұрты бар. Барлығы үшін елдің тыныш болғаны, іргесінің сөгілмегені маңызды. Өзіңіз де білесіз, ол жақта көптеген қазақтар, орыс, кәріс, т.б. ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Сондықтан Қазақстан да өзбек ағайындарының берекелі, тату-тәтті өмір сүруіне тілектестік білдіреді.
- Өзбекстан мемлекетінің әлемдік саясаттағы, Орта Азиядағы ықпалы Ислам Кәрімовтың есімімен байланысты. Елдің ендігі басшысы Кәрімов жолын лайықты жалғастыра ала ма?
- Кәрімовтың Орта Азиядағы бет-беделі, ролі өзінше бөлек. Келесі басшы да бұл үдеден шығады деп үміттенемін. Елдің конституциясы бойынша, Президент өз міндеттерін атқара алмаған жағдайда, оның құзыреті уақытша Өзбекстан Республикасы Жоғарғы мәжіліс Сенатының төрағасына жүктеліп, «Өзбекстан Республикасының Президентін сайлау туралы» Заңға сәйкес үш айдың ішінде сайлау өткізіледі. Өзбек халқы негізгі заң аясында ұлт лидерін сайлап, қалыпты жолды жалғап кетеді деген ойдамын. Билік басына қандай адам келсе де, Өзбекстанның жарқын болашағы үшін қызмет етеді деп сенемін.
- Кәрімовтың кетуімен елдегі басқару жүйесінде қандай да бір өзгерістер болады деп ойлайсыз ба?
- Нақты болжам айту қиын. Мемлекет басшылығына қандай адам келмесін жаңашылдығымен, өзіндік ұстанымымен келеді. Алайда бұрынғы дәстүрді, салынған сара жолды бұзып, мүлде басқа нәрсе жасау үшін біраз уақыт қажет болады.
- Елбасы Кәрімовтың қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Қазақ «өзбек - өз ағам» дейді. Кәрімовтың қазаққа қатысты айтқан тамаша сөзі де ел жадында. Болашақтағы қазақ-өзбек қатынасынан қандай өзгерістер күтесіз?
- Өзбекстан мен Қазақстан бауырлас мемлекет. Екі елдің достық қарым-қатынасы біраз жылдан бері халықтың көз алдында. Қандай басшы келсе де, қос мемлекеттің достық қатынасының беріктігін жоғалтпауы тиіс. Кәрімовтың қазаққа қатысты айтқан сөзін жақсы еске салдың. Қазақ-өзбек достығының бұзылмауы үшін жаңағыдай сөздерді ел зиялылары, ақын-жазушылар, ғалымдар да айтуы керек. Бізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жақсы жұмыстар жасап жатыр. Олардың істеген ісі бір қарағанда көрінбеуі мүмкін. Алайда Ассамблея елдегі ынтымақтың, татулықтың темірқазығы болып отыр. Сондықтан ұлттар ынтымағы үшін бәріміз де атсалысуымыз қажет.
Сұхбаттасқан: Ұлт порталы