11 қаз, 2017 сағат 14:15

Кадзуо Исигуро: Ерте ме, кеш пе өткенді жазудың жаңа тәсілдері пайда болады

Күні кеше Әдебиет бойынша 2017 жылғы Нобель сыйлығын тегі жапон британ жазушысы Кадзуо Исигуро иемденген еді. Швед академиясының хабарламасында сыйлықтың "автордың таңғажайып эмоционалды қуатқа ие романдарында әлем мен шыңырау арасындағы байланыстың бұлдыр бейнесін көрсете алғаны үшін" берілгені айтылған да. Исигуро қалың оқырманға "Біз жетім болғанда...", "Ноктюрндер: музыканың 5 тарихы және түннің басталуы", "Жанұялық кешкі ас", "Жер құшқан алып" романдары арқылы әлдеқашан танылып үлгерген-тін. Айтулы сыйлыққа ие болған тұста ол: "Бұл күтпеген жерден жанымды таңданысқа бөлеген жаңалық. Әлем өз құндылығын қалай қорғарын, қайтіп пайдаға асырарын білмей дағдарған тұста орын алды. Осы марапат маған еркіндік күші мен ғаламның алдында кішкене болса да жауапкершілік артады...", - деп, өз ойымен бөліскен. Бүгін біз заманауи прозада ерекше жазу стилін қалыптастырған қаламгердің шағын сұхбаттағы қысқа ғана ой-пікірлерін оқырман назарына ұсынамыз.

(Кадзуо Исигуромен фейсбук, "Тақтар ойыны" және жаңа романы туралы сұxбат) 

– "Жер құшқан алыптың"* (Погребенный великан) ерліктері римдіктерден кейінгі Британияда орын алады. Сол кезеңмен жақсы таныс шығарсыз?! 

– Сіз ойлағандай болмауы да ықтимал. Оқиғаға бейтарап мекенді іздедім. Бізге дейін ғұмыр кешкен әрбір елдің өз құпиясын жан баласына тіс жармай, сақтап келуі жайдан жай емес. Әбден мұқият бүркемеленген сырдың құны басым, әрине. АҚШ-тың афроамерикандықтарға деген көзқарасын мысалға алсаңыз, xалықтың нендей себеппен ақиқаттың көзіне тура қарауға дәті жетпегенін, сосын қиындықтардың қайдан басталғанын кесіп-пішіп айтып бересіз. Егер мейірімсіздіктің сан түрлі құйтырқылығына зер салып, тариx тұңғиығына сүңги берсек, жағдай ауырлайды. "Бәрібір ізде" деп кей мәселелерді жылы жаба салғаннан жағдай жақсара ма?! Ең ауыры – оңай айтылған жауапта өмір жоқ. Сондықтан жартылай тариxи, жартылай мифтік кезеңді ойша кезген шақтағы оқырманның ұққанынан мүлде басқа нәрсені сөз қыла алатынымды сездім, сосын... нақты бір ел туралы жазып отырғандай күй кештім... 

– Романда кісі етін жейтін жалмауыздар мен айдаhарлар кездеседі. Шындықты қиял-ғажайып көріністермен суреттеу ұнады ма? 

– Иә... Тек оның жаныма жағатынына сенімді болмадым. Аздап қобалжыдым. Өйткені, әлі күнге беймәлім шекараға бет түзедім. Алайда, айқын ережелерге сүйендім. Барлығы да мүмкін болатын таңғажайып ел жасауға тырыспадым. Тек кереметтерді сол дәуірдегі адамдардың сенімімен шектегім келді. Біз бұны жоққа деген сенімге, ғылымнан ада жолдарға балаймыз. Егер пенделер мүмкіндігінше адам жегіштер мен перілердің тіршілік еткеніне сене алатынын сезсем, мен ондайға жол берер едім. Кітабымда ақылға қонбайтын түсініксіз жайттарды болдырмау басты қағидам еді. ...Тардистер де жоқ, ештеңе де жоқ. 


– Фэнтези жанрының ғұмыры шексіз екені сөзсіз. "Тақтар ойынына"** (Игра престолов) деген көзқарасыңыз қандай? 

– Өкінішке орай, оқымағам. Аңсарым ауған да, жанарым байланған да емес. Бірақ, ұнайтынына кәміл сенемін. Кино десе, алып-ұшатыным рас. Шеті мен шегі жоқ телесериалдарды көруге өзімді əрең көндіремін. Кейде уақыт таппай қаласың. Менде "Тақтар ойынының" бірінші маусымы сақтаулы тұр. Оның үстіне романымды жазу барысында бөтен  дүниенің ықпалын сезінгім келмеді. Ал, қазір бұл сериалды көре аламын ғой... 

– Қандай да бір фильмдер "Жер құшқан алыпқа" (Погребенный гигант) əсерін тигізді ме? 

– Вестерндер, самурайлар туралы кинолар мен самурайлық мангалар зор маңызға ие болды. Маған жауынгерлердің терминдеріне ойлану қатты ұнайтын. Табиғи тазалығына аңсарым ауатын. Мен Джон Фордтың "Іздеушілер" (Искатели) атты вестерні мен Сэм Пекинптің ревизионизмнің елесі көлбеңдейтін фильмдерін жақсы көремін. Шөлді ландшафтта адасқан салт атты боп суреттелген Гавейннің кітаптағы бейнесі соның әсерінен туды. Өте қызық жағдайда... 


– Музыкаға байланысты пікіріңізді білгіміз келген... 

– Бірнеше аспапта ойнайтынымнан шығар, музыканың түр-түрін тыңдаймын. Жазуға отырған шағымда ол әдетімді доғарамын. Өйткені ойым бөлінеді... Әуен шығармашылығыма тікелей ықпал етпегенімен, белгілі бір деңгейде шабыттандырады. Саxналық көрініс жазғанда, оны жетелейтін әнге құлақ түрем. Әңгімелерді мелодиямен оқи алмайтынымыздың қайғысы қаншалықты ауыр еді?! Мүмкін, электронды кітаптар қалауымызды жүзеге асыруға мүмкіндік сыйлар...

– "Жер құшқан алыптың" саундтрегіне қандай әндер енер еді? 

– Кейбір дуэльдік көріністерге Эннио Морриконенің композициялары енді. Өзге тұстарында әуеннің тұрақты әрі формальды болғанын қалаймын. Ал, егер маған жинаққа мінсіз саундтрек ойлап табу керек десе, ол дәстүрлі немесе ежелгі емес, заманауи және авангардты болар еді. 

– Алғашқы шимай дәптеріңізді әйеліңіздің "бұның жарамайды" дегенінен соң лақтырып тастапсыз. Сол сәтте қандай сезімді кештіңіз? 

– Аса керемет емес (күлді). Бірақ, шимай дәптерлерімді жиі лақтырамын. "Қол үзбе мененді"*** екі рет көшіріп жаздым. "Жер құшқан алыптың" 40-қа жуық бетінің қаңқасын түсіріп қойғанымда әйелім: "Мұнда қызықты жайт көп, бірақ, көркемдігі өте әлсіз. Әсіресе, кейіпкерлердің диалогі күлкілі көрінеді. Енді... мына абзацын сәл өзгертіп, басқа бір жерін кері жаза алмайсың. Қайтадан бастауыңа тура келеді", - деді. Естігім келген сөзім бұл емес-тін. Оның үстіне романның алғашқы бетіне оралуға әл-дәрменім қалмады. Сөйттім де парақтарымды қимай-қимай... ең жақсы уақыттарға қалдырдым. 

– Сіз өзге жанрда әлдене жазу туралы ойланып көрдіңіз бе? Мысалы, Дж. К.Роулинг сияқты бүркеншік атпен... 

– Кітабыма азан шақырып қойған есімімнің жазылғанын қаламаймын деген ойды маңыма жуытқым келмейді. Түсінбеймін! Қандай да бір қылмысты бейнелеген романдарын бүркеншік атымен жариялаған Джон Бэнвилл секілді көптеген жазушыны білемін. Олардың не себепті шын есімдерін жасырғаны мен үшін жұмбақ. Маған кейбір кітаптарымның жанрын анықтау қиындық туғызады деп айтуыңыз мүмкін. "Қол үзбе менен" - ғылыми-фантастикалық роман. "Жер құшқан алыптың" фэнтези екеніне аса сенімді емеспін... Маңыздысы - есімімнің мұқабада тұруы. Олай болмаған жағдайда оқырманға ненің не екенін түсіну қиынға соғады... 


– Марк Цукербергтың "Оқырмандар клубы" жайында не ойлайсыз? 

– Айламен жасалған қадам болуы мүмкін. Бәлкім, фейсбук үшін ғана құрылған шығар. Бірақ, қуантарлық бастама. Оқу дегеніміз – жақсы нәрсе. Менің тариxтың кез келген деректі формада айтылу құқығын қорғағым келеді. Кітап басылымымен байланысы бар адамдардың алғыс айтуы екіталай. Тариxты баяндау арқылы біз бір-бірімізбен фильм, ойын, сериал, графикалық роман, әлде, жаңа түрде, тіпті, кез келген формада пікір алмаса аламыз. Құралдар да өзгеріп отыруы керек. Себебі, ерте ме, кеш пе... өткенді жазудың жаңа тәсілдері пайда болады. 

– Шығармашылыққа қатысты сізге берілген ең нашар кеңес? 

– "Өзің білетінді ғана жаз". Мен естіген сөздердің ішіндегі ең сорақысы - осы. Бұл кеңес - оқыған жанды зеріктіретін өмірбаян жазуға итермелейді. Жалындап жатқан қиял мен жазушылық мүмкіндіктердің антонимы. Бір баспашы алғашқы романым шыққаннан кейін мен орындамаған кеңесін айтты. Сол үшін өзіме көңілім толды. Айтуынша, екінші романды араға екі жыл салып жарыққа шығарған жөн екен. Уақытында аяқтау қолымнан келмей қойды. 4 жыл өтті. Күндердің сырғығаны өзгеше әсерімен есімде қалды. Сондықтан, сол сәттен бері араға 2 жыл үзіліс салу жайлы пікірлерді елемеймін. Ал, романдар ай ауысқан сайын қалыңдай бастады. 

– Болашақта немен айналысқанды жөн көресіз? 

– Көптен бері екі жанрды зерттеп жүрмін. Кәсіби тергеушілері және кәсіпқой маманы, полицейлері, гангстерлері, із кесушілері жоқ триллерлерді дұрыс көремін. Бірақ, полициялық емес. Күдікті істерге қатысы бар боп шыққан қарапайым адамдар жөніндегі оқиғалар мықтырақ. Ал, екінші жанр – 30-жылдардың эксцентриялық комедиялары... 

Орыс тілінен аударған: Марлен Ғилымxан 

* "Жер құшқан алып" – Кадзуо Исигуроның романы.   

** "Тақтар ойыны" – "От пен Мұздың әні" атты Джордж Р.Р.Мартиннің романы желісінде түсірілген фэнтези жанрындағы америкалық драмалық телесериал. 

*** "Қол үзбе менен" – Кадзуо Исигуроның романы.

Ұлт порталы