Коллаж: Ulysmedia
Jusan Bank тобы қазақстандық юрисдикцияға қайтарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Әділет министрлігіне сілтеме жасап.
"2021 жылы жоспарланған іс-қимылдар нәтижесінде Jusan Bank және телекоммуникация, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардың бірқатар ірі активтерін қамтитын Jusan тобы шетелдік юрисдикцияға шығарылды. Қазақстан үкіметі іс жүзінде топқа бақылауды жоғалтты.
ҚР Әділет министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қабылдаған шаралардың нәтижесінде Jusan тобын қазақстандық юрисдикцияға қайтаруға қол жеткізді. Қажетті құжаттарға қол қойылды" - делінген хабарламада.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, топ Үкіметтің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың бақылауымен жұмыс істейді.
Ведомство мәліметінше, Jusan Bank қазақстандық білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыру бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Банк бұрын алған мемлекеттік көмек мерзімінен бұрын қайтарылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының шығарылған активтерді қайтару туралы тапсырмаларын іске асыру жалғастырылады.