09 жел, 2025 сағат 12:33

"Ізді жасыруға тырысқан": Шымкентте жас ананың ай-күні жақындағанда сәбиі шетінеп кетті

Шымкентте жаңа туған нәрестенің өліміне әйелдің туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр. Туыстарының айтуынша, әйел бірнеше рет дәрігерлерден шара қолдануды сұраған, деп хабарлайды Ult.kz Алматы телеарнасына сілтеме жасап.

Қала тұрғыны бір ауруханада баласынан айырылды. Туыстары медицина қызметкерлерін салғырттық танытты деп айыптап, оқиғаны жан-жақты тексеруді сұрап отыр. Нәресте жатыр ішінде шетінеп кеткен. Босануға санаулы күндер қалғанда осындай қайғылы жағдай орын алғанын әйел көз жасымен жеткізді. Оның айтуынша, уақытында кесір тілігі жасалғанда, бұл трагедияның алдын алуға болар еді.

Шымкент тұрғыны Назерке Пірімбетова қалалық №2 ауруханада босануы тиіс болған. Ол медициналық мекемеге алдын ала жатқызылған. Туыстарының айтуынша, Назерке ол жерде бір айдан астам уақыт жатқан. Босану уақыты жақындаған сайын оның жағдайы нашарлай берген. 30 жастағы әйел бірнеше рет дәрігерлерден шара қолдануды өтінген. Алайда, туыстарының сөзінше, оған тек шыдауға кеңес берген. Нәтижесінде, көптен күткен сәбимен қауышудың орнына, әйел баласын мүлде көре де алмаған — нәресте жатырда шетінеп кеткен.

«Оны 5-6 рет тексерді, КТ-сы дұрыс шықпай жүрді. Түнде мазасызданатын. Біз мұның бәрін дәрігерлерге айттық, бірақ олар мүлде қараған жоқ. Соның салдарынан мен баламнан айырылдым», – дейді зардап шеккен әйелдің күйеуі Абай Бердібек.


Туыстарының айтуынша, нәресте шетінегеннен кейін дәрігерлер нақты түсініктеме бере алмаған. Керісінше, жауапкершілікті басқа жаққа аударып, «бала толық жетілмеген» деген уәж айтқан. Сонымен қатар, олар әйелді журналистерге сұхбат бермеуге үгіттеп, тіпті палатада ұстап қалған, дейді жақындары.

«Палатаға кірсем, онда бас дәрігердің міндетін атқарушы, акушерлер, медбикелер және тергеуші жиналып отыр. Олар қарындасыма сәбиді мәйітханаға бермеуді айтып, ондағы мамандар баланың денесін тіліп тастайды деп қорқытқан. Меніңше, олар мүрдені ашуға жол бермей, ізді жасыруға тырысқан. Істі жабық күйде қалдырмақ болды», – дейді зардап шегушінің ағасы Асанәлі Пірімбетов.


Қазір факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция дәрігерлердің іс-әрекетін тексеріп жатыр. Баланың денесі, плацента және кіндік ішінара сараптамаға жіберілді. Ол нәрестенің нақты неден шетінегенін анықтауы тиіс. Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасы кесір тілігі жоспарланғанын мәлімдеді.

«Кесір тілігін осы аптада жасау жоспарланды, себебі алдымен ұрықтың өкпесін дайындау қажет болды. Бірақ плацентаның өзіндегі және оның тамырларындағы мәселелерге байланысты плацентарлық қызметтің декомпенсациясы орын алған. Соның салдарынан 3-нен 4 желтоқсанға қараған түні антенаталдық өлім тіркелді», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі Инна Глазебная.

Қайғылы оқиғадан кейін перзентханада бақылау күшейтілді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті оқиғаның барлық жай-жапсарын анықтау үшін тексеріс жүргізуде.