
Иранда коронавирус жұқтырғандар саны 91472-ге жетті, деп хабарлайды ИРНА агенттігі.
Қауіпті індеттен 5806 адам қайтыс болып, 70933-і емделіп шықты. Бұл туралы дүйсенбі күні Денсаулық сақтау және медициналық білім беру министрлігінің Қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Киянуш Джаханпур хабарлады.
«Соңғы тәулікте 991 коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелді. Індетке шалдыққандардың жалпы саны 91472 адамға жетті», - деп мәлімдеді Джаханпур баспасөз мәслихатында.
Ол өкінішке қарай, соңғы тәулікте 96 адам өмірден өтіп, қайтыс болғандардың жалпы саны 5806-ға жеткенін атап өтті.
Джаханпурдың сөзінше, 3011 науқастың жағдайы ауыр. 70933 адам індетті жеңіп шыққан.
Жаңа коронавирус 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Орталық Қытайдың халық тығыз орналасқан Ухань қаласында (12 миллион тұрғыны бар) пайда болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық дәрежедегі төтенше жағдай жариялады. Вирус ҚХР-дан тыс әлемнің 200-ден астам еліне тарады.
