07 сәу, 2021 сағат 11:03

Иран Қазақстанмен ЕАЭО аясындағы ынтымақтастыққа жоғары мән береді - Мохаммад Джавад Зариф

Иран Қазақстанмен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастыққа жоғары мән береді. Бұл туралы бүгін елордада Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елдеріміз арасындағы мәдени, тарихи, саяси, экономикалық байланыстар өте жақсы әрі маңызды. Қазақстанның Сыртқы істер министрімен екі ел байланыстарының көкжиегіне шолу жасап, маңызды екіжақты, аймақтық және халықаралық мәселелерді талқыға салдық. Біз Қазақстанның халықаралық аренада Иранға және оның ядролық бағдарламасына қолдау көрсетіп отырғаны үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген бастамасын, ядролық қарусыз аймақ құру бастамасын қолдаймыз», - деді Иран Сыртқы істер министрі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне арналған мәлімдемесінде.

Сонымен қатар ол қазақстандық әріптесімен Ауғанстан дағдарысын, сол елде тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың теңдігін қамтамасыз ету мәселелерін талқыға салғанын айтты. 

«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестігіміз өте маңызды. Сонымен қатар Каспий теңізін Иран мен Қазақстанның және басқа да Каспий маңы елдерінің бейбіт мақсатта пайдалануы қажеттігін атап өттік. Каспий маңы елдері байланыстарын күшейту мәселесіне назар аудардық. Қазақстанның Бандер-Аббас портында көбірек болу мүмкіндігін қолдап, оған жағдай жасап отырмыз», - деді ол.