Фото: astana-akshamy.kz
Үлкен проза жанрына ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бастап кіріскен Ілияс әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңмен ашқан. 1945 жылы «Сұлтан», «Айша» дастандары жарық көрді. Өлең-жырларын іріктеп, «Адамгершілік жыры» атты жинағына (1949) енгізді.
Шын талант иесі өз жолын табады, жасық, жайдақ жырсымаққа байланып қалмайды. Жас талап қанаттану кезеңінде-ақ үміт күтерлік сәулелі шумақтар туғызуын жиілетті. Алғашқы жинақтарынан-ақ ұлт тақырыбына айрықша ден қойғыштығы байқалып қалып жүрді. «Ұмытпаңыз ер қызды», «Әлия» деген өлеңдерінде күллі Шығыс әйелдерінің арасынан Кеңес Одағының батыры атанған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете сөйлегенде, олардың қазақ қызы екенін айрықша мақтан етті. Сол тұстағы жырларында жырымдап, тиіп-қашып қазақ тақырыбына айналып соғып отырды.
Жай оғындай көктен түсіп жан берген,
Ел аузында ән боп аты тербелген,
Ол кім еді? Жоқтар туған даласы, -
Нүркен атты ол қазақтың баласы.
Украин ақыны Владимир Сосюраның «Украинаны сүйемін» деген жыры үшін таяқ жейтін заманда, Ілияс ақын «күндей күліп, құстай желпініп», «Домбыра», «Күй», «Қобыз күйін тыңдашы» деген өлеңдерін туғызып, қазағының мәдени мұрасын насихаттады. Ол кездің өлшемінде ауызға алудың өзі күпірлік саналатын тосын тақырыпқа бару автордың тәуекелшіл мінезінің бір батыл көрінісі де еді. «Домбыра» кейін қазақ халқының сандуғашы Роза Бағланованың ғажайып даусы арқылы ел-жұртымыздың сүйіп тыңдайтын әніне айналып, жер шарының түкпір-түкпірінде шырқалды. Ілияс «Жаңа өлке», «Қыз арманы», «Тыңда көрдім бір қызды», «Құлпырады жасыл көктем», «Ақ қайың», «Көк кептер», т.б. қырық шамалы ән мәтіндерін жазды.
Саяси декламациялық өлең коллективтік «бізге» көшкен мезетте қайсар жас көп дүрмек ішінде кете бармауды ойлайды. «Жұртым, мен, Ілияс Есенберлинмін, өнер өлкесіне сапар шеккен жас талаппын» дегендей үн қатады. «Елге қайтқанда» өлеңі – жаралы жауынгердің туған еліне деген сағынышты сазы. «Бесік жыры», «Сүйген сәулем», «Бөбегіме», «Жарға» ақын менінің көкірегін жарып шыққан адал сезімдерінен жаратылған өлеңдер. Адалдықты еске алғанда, ақынның саяси лирикалық лебізі шын ақындық көңілден шымырлап шыққанын айтпасқа болмайды. Жинақтағы «Бақыр ақша» өлеңі – бұған жақсы дәлел. Көшеде келе жатып шаңға көмілген бақыр ақшаны қаражаттық құны оншама болмаса да, жерден көтеріп алады.
Орап алдым, тастағам жоқ.
Баспасын деп шаң-топырақ;
Бақырымда ССРО гербісі боп
Тұрғаннан соң балға, орақ.
Бұл жолдар қазір Кеңес Одағы тарап кеткен кезде де оғаш естілмейді. Өйткені Одақ жері барша кеңес жұртының Отаным деп қорғап қан төккен, шын жүректен сүйген елі болатын. «Адамгершілік жыры» кітабына операға арналып өлеңмен жазылған либреттоның қысқартылған әдебиеттік нұсқасы енгізілген. Либретто 1947 жылы Қазақ КСР Министрлер Советінің қаулысы бойынша пьесалар конкурсында үшінші бәйге алған шығарма болатын. Бірақ бұл материал негізінде опера жазатын композитор табылмады. Характерлері жұтаң, жақсының одан да жақсы боп көрінуін көрсетпекке құрылған жылымшылау дүниенің ғұмыры ұзаққа бармады. Өлеңдерінің де бірқыдыруы осының аяғын құшты. Тілі ауызекі сөзбен жұптас қайсыбір өлеңінің ішкі үйлесімі аз, тым жұпыны, қарабайыр.
І.Есенберлиннің төңкерісшіл Әділбек Майкөтовке арналған «Большевик туралы поэма» (1957), кейін «Әділбек» (1977) дастаны үстем идеологияның рупоры есебінде қабылданады. Ақынның поэзиялық лексикасына «обалың... тап жауыңа» деген секілді саясат сөздері кіргізілген. Және тап тартысы көркемдік тартыстың арқауына айналған. Жағымды, жағымсыз кейіпкер сыпаты оның тегінің қай таптан екендігіне тәуелді. Большевик, оқыған Әділбек «халқының, ақылгөйі, ақ айдыны», ал сол секілді оқыған Сойылбектің «берем деп теңдік қазақ баласына» деп жүргені өтірік боп шығады. Сойылбек «қазір Алашорда үкіметі». «Білері Алашорда адамының – жалғыз-ақ арақ пенен қатын ғана». «...Байлатып Әділбекті көгеніңе, Жеттің бе, «алаш ұлы» дегеніңе?» Алашты қазақтың «әйкәпірі» етіп көрсеткен мұндай өлең жолдары уақыт сынын көтере алмады.
1959 жылы жарияланған «Біржан сал трагедиясы», 1977 жылы өңделіп өзгертілген қалпында «Біржан сал» атанды. Дастан өлеңмен жазылған романдай оқылады. Бір жағы, Арқаның атақты әншісі өміріне, бір жағы, қиялға негізделіп жазылған лиро-эпостық поэма Сәбит Мұқановтың ертеректегі атақты «Сұлушаш» романына ұқсас көп оқиғалы. Сұлушаш, Біржан салдың ғашығы Бірлән – екеуі де бұла өскен бай қызы. Бұла өссе де, әлеуметтік жайы тым аянышты: бастарында ерік жоқ. Малға сатылудан қорланып, сүймегеніне қосылғысы келмей, Бірлән жардан суға құлап өледі. Сұлушаш қашып барып тығылып жатқан жерінде Жолбарыс кезігіп суға секірсе де, ажалы кездейсоқтыққа жатпайды. Екеуін де «тәнімді шал сыйпаған құрт жесін деп, Жартастан қыз құлапты терең суға» деп ұлы Абай толғап шешкен әлеуметтік коллизияның жаңа нұсқасы ма дерсің.
Кейінгі жылдар І.Есенберлин тап кегін шайқауға арналған шығарма жазуын күрт сиретті. Жалпы ұлттық, адамзаттық тақырыпты төңіректейтін ыңғай білдірді. Бұл, әсіресе, оның күнделікті өмір туралы дастандарына тән. Ақынның «Қазақ қызы» (1975) поэмасы ерлі-зайыпты Алтынай-Асылбек махаббатын қиын сынға салады. Жазылмас дертке ұшырап, Аралдың бір құпия аралындағы емханаға түскен Асылбек жарына «обалыңа қалмайын, басың бос» деген мазмұнда қоштасу хатын жазады. Алтынай баласын анасына қалдырып, өзінің де басын бәйгеге тігіп, Асылбегінің қасынан табылады. Ақын қайғыдан жасымайтын, шаттықтан тасымайтын, махаббатын ту етіп көтеретін асыл қасиетті қарапайым қазақ әйелінің «титтей жүрегінен» тапқанын мақтан еткен. Өлеңмен жазылған әңгіме тәріздес поэма ақынның тақырыптық өрісін кеңейтіп тұр.
Ақынның о дүниеге озарынан бес жыл бұрын, 1978 жылы «Көңіл – дастан» поэмасы туды. Жанрлық пішінін поэма-реквием десе ләзім. Күні кеше қасында жүрген қаламдас, достас замандастарының мазаратына зират етіп қайтқандағы ақын толғаныстары. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қапан Сатыбалдин, Зейін Шашкин, Қанабек Байсейітов, Шәкен Айманов, Жүсіпбек Елебеков, т.с.с. кешегі қасқа-жайсаңдарды еске алу. Поэма авторы очерк-портрет түрінде әрқайсысының ел тарихындағы, әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі орнын еске алып тебіренеді. Әрқайсысының дара тұлғасын шеберлікпен мүсіндейді. Көңіліңдегі ойын дөп басатын тіл табады.
Тұрдым мен пырағыңа басымды иіп,
Толқиды ақыл-ойым жанып күйіп.
Тайпы елдің құшағына сыймас тарлан,
Үш құлаш жерге қалай жатыр сыйып?!
Бұл - М. Әуезов туралы ой.
Күрескер болсын сондай ел ағасы,
Ақ жарқын құшағы кең, кең жағасы.
Жарқырай кіріп келсе, келген үйдің –
Кеткендей еді кеңіп қабырғасы!
Бұл кім еді? дей алмайсың. Сәбеңнен, Сәбит Мұқановтан басқа кім болушы еді?
Ілиястың таптық тұрғыдан емес, ұлттық, адамзаттық түрғыдан жазылған және бір дастандары соғыс тақырыбын қозғайды. Соғысты, басқа да тірлігін еске ала отырып, өзінің ащы-тұщы өміріне қорытынды жасайды. Мәз өмірі, жаз өмірі қайтқан қаздай қайырылмайтынын ойлап бір сәтке мұңаяды. Жалған дүниеде кейде шоқ басқанын, кейде от құшқанын, сөйтсе де қуанышы қасіретінен көп болғанын есіне алып күрсінеді. Соғыстың өрт-жалынында өзі де шарпылып шыққан ақын үшін майдан мәнісі – құр атыс-шабыс емес.
Тақырыбы татымды поэмалардың көркемдік сапасы әркелкі. «Айша» дастанының жаттанды, жорамал оқиғалары сырттан тон пішкендей әсер қалдырады. Көз тоқтатып оқитын деталь- штрихтары жоқтың қасы. Кей поэма оқиғасының («Намыс») дәлелдік, иланымдық жағы жетіспейді.
Соғыс туралы поэмаларынан жақсы аталатыны «Адам - мәңгілік» дастаны. Поэма ақын өмірмен мәңгі қоштасатын 1983 жылы жарық көріпті. Өсиеттік, тағылымдық сипаты басым дастанның ара-арасына сыналап екі-үш баллада енгізілген. Олардың бәрі соғыс шындығынан алынған. Қисынды, әдемі эпизодттар адам бойындағы жақсылық қасиеттерді дәріптейді. Адам үшін өмірден қымбат ешнәрсе жоқ. Бірақ балдай тәтті өмірді өлімге қиятын жағдай да кезігеді екен. Ондай жанкешті ерлік «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін қазақы биік мінезден туса керек. Ақын бұл ақиқатты асқақтата жырлайды. Немесе мына жолдарға көз тігейік.
Қаздар, қаздар,
Қаздар қайтып барады...
Жүдетіп бір,
Қоштасып ән салады.
Дейсің сонда:
Өтер бәрі
Тек қана.
Жақсы ісімен
Адам мәңгі қалады.
Бұл өлеңді оқыған жан ақынның «адам – мәңгілік» дейтін тезисімен келіседі. Өйткені өлең адамдық аталатын алтын сарай кілтін ұсынады.
Пайдаланылған әдебиет: "Қазақ әдебиетінің тарихы: Кеңес дәуірі"