"Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Гиннестің рекордтар кітабына енді", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Бұл туралы GGG командасының ресми өкілі Жанар Өтешева Instagram желісіндегі өзінің парақшасында жазады.
Оның айтуынша, спортшы рекордтар кітабына нокаут пайызы ең жоғары орта салмақтағы әлем чемпионы ретінде кірді. Ал, нокауттарының қатынасы 91,67 пайызды құрайды екен. Айта кетейік, Головкин қазіргі уақытта WBA (Super), IBF, IBO және WBC нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы. Қазақстандық боксшы 36 жекпе-жек өткізіп, 36 жеңіске жеткен. 33 кездесуін нокаутпен аяқтаған.
Голливудта өтіп жатқан WBC-дің жыл сайынғы конвенциясында Головкинге Гиннес рекордтар кітабының сертификаты табысталды. Сонымен қатар, осы шарада қазақстандық боксшы тағы екі жүлдеге ие болды. WBC Головкинның Келл Брукпен өткізген жекпе-жегін "Жыл оқиғасы" деп мойындады, сондай-ақ GGG-ге басымдығы артық боксшы ретінде арнайы сыйлық табысталды.