Танымал қазақстандық әншілер Dequine және Dose "Первый канал" телеарнасындағы "Вечерний Ургант" бағдарламасының қонағы болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Dequine (шын аты - Данеля Садықова) және Dose (шын аты - Айдос Жұмалинов) бұл шоуда "Ветер" әнін орындады.
Иван Ургант Dose жақында "Пока" альбомын шығарғанын айтты. Қазақстандық әртіс Сюзанна және Dequine сияқты талантты музыканттармен ән жазған.
Сонымен қатар, Ургант кеште Dequine-нің Мәскеуде өнер көрсететінін еске салды.
"Мен қазақтарға, олардың музыка саласында талантты екеніне таңғаламын", "Қазақтар сәнге айналды", "Қазақтардың танымалдығы сонша енді ВУ-да көрсетіліп жатыр","Олар әнді қалай таза айтты, әдемі ән, дауыстары керемет, енді жиі тыңдаймын", - деп қолданушылар видеоға пікір қалдырған.
Ал, Dequine өзінің Instagram парақшасында: "Қымбаттыларым, мен үнсіз отыра алмаймын, біз мұны іске асырдық!" – деп жазды.
Бұдан бұрын ресейлік танымал әнші Алла Пугачева "Музыкалити" шоуының эфирінде қазақстандық әнші Dequine-нің вокалдық мүмкіндіктеріне сүйсінген болатын. Баста композицияның жартысын тыңдағаннан-ақ мақтау сөз айтса, Ресей эстрадасының примадоннасы Данеляны америкалық поп-жұлдыз Rihanna-мен салыстырды.
"Өте жақсы орындады. Аранжировкасы да тамаша. Музыканттардың мықты екені көрініп тұр. Ол батыстық бір әншіні есіме түсіріп тұр. Мақамы да жақсы. Он ұпай", - деді Алла Пугачева.
Бірнеше күн бұрын ол Скриптонит шығармашылығын жоғары бағалап, оны "өзінің сүйікті ақыны" деп атады.
Қазақстандық әнші Dequine мансабын 2016 жылы бастаған. 2019 жылдың жазында ол "Фемида" композициясын шығарып, ол оған үлкен танымалдық әкелген. Ән Apple Music Kazakhstan топ-100-ге кірді. Кейін әнді естіген Warner Music Russia өкілдері орындаушыға хабарласып, 2020 жылдың басында олармен альбом шығару туралы келісімшартқа қол қойды.
Dose - қазақстандық әнші, 1993 жылы Павлодарда туған. Apple Music-ке берген сұхбатында "Пока" әнші мен продюсердің алғашқы альбомы екені айтылған. Бірақ оның музыкасы бұрыннан белгілі.
Қазақстандық әнші Скриптонит құрған "Jillzay" музыкалық лейблының әртісі болды. Ол Strong Symphony лақапатымен битмейкер ретінде T-Fest-пен "Улети", Pharaoh "Амнезия", Gruppa Skryptonite "Подруги" және Скриптониттің орындауындағы "Океан" танымал әндерін жазуға қатысқан.
Еске салсақ, жақында ғана дәл осы ресейлік шоуға отандасымыз Imanbek қатысып, өзінің Grammy музыкалық сыйлығын жеңіп алғаны туралы әңгімелеп берді.