Алматы облысында келесі жылдың сәуір айында картоп өңдейтін зауыт салынабақ. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов «Farm Frits Kazakhstan» ЖШС өкілдерімен кездесу барысында айтты.
Аты аталған голландық компаниямен арадағы картоп өңдейтін зауыт құру туралы келісімдер 2016 жылдың тамыз айында басталды. Соның нәтижесінде, бүгінгі күні Іле ауданындағы «Береке» индустриалды аумағында зауыт құрылысын салуға 25 гектар жер бөлінген. Сондай-ақ, компания мен мемлекеттік органдар жəне қаржы институттары арасындағы бірлескен жұмыстар сәтті жалғасуда.
Қазақтағы «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз қандай ақиқат болса, екі жақты келісіммен өмірге келген жобаның да жетер жетістігі аз болмаса керек. Бұл тұрғыда компания өкілі, жоба жетекшісі Йос дэн Боэр қазақстандық әріптестерінің іскерлігіне ризашылығын білдірді. Ол зауыт құрылысын жоспарлы жүргізу үшін қазақстандық «Евразия» компаниялар тобымен серіктес болып, бірлескен қызмет туралы келісімшартқа қол қойылғанын жеткізді.
Расында, бұл бағыттағы жұмыс облыста қарқынды түрде атқарыла бастады. Айталық, биыл Райымбек ауданында «Жетісу» ƏКК арқылы картоп шаруашылығын дамытудың сервистік-дайындау орталықтары құрылып, қажетті техника сатып алынған. Олар сəуірде гектарына 350 центнерден өнім беретін голландиялық сорттың 240 тонна сапалы тұқымын отырғызады.
Сонымен қатар, Қапшағай қаласы да картоп өсіруді дамытуда мол мүмкіндікке ие. Осы ретте, өңір басшысы голландық компаниямен бірлесіп атқарылатын ірі жобаның жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және диқандардың өнімін уақытылы өткізуіне тиімді көмек болатынын айтты. Әрі бұл мақсаттың үддесінен шығуда аймақтың әлеуеті мол екенін тілге тиек етті.
– Облыста қант қызылшасы мен жүгері шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мемлекет қолдауының арқасында ауылшаруашылығын дамытуға барлық жағдай жасалған. Бізде шаруалардың шикізаттарын қабылдап, дайын өнім шығаратын зауыттар бар. Сондықтан осындай ірі зауыт ашылатын болса, өңірдегі картоп өндірісін дамытуға ықпал етер еді, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Айта кетейік, компания жоба құрылысы сәтті аяқталған жағдайда 2020 жылдың қазанында алғашқы өнімін жұртқа ұсынбақ. Сонымен бірге, онда картоп өнімдері ғана өңделіп қоймай, дақылдарды өңдеп-өндіру көзделіп отыр.
Қозыбай ҚҰРМАН,
Алматы облысы