Олимпиада кезінде спортшыларымыз жеңген сайын "бұл - бүкіл елдің жеңісі" деп дүр-дүр ету негізінен спортты саясиландырып, мемлекет қарауына алған Ресей мен Қытай бастаған пост-советтік және социалистік елдерге ғана тән бе деп қалам. Күніне алтынды уыстап алып жатқан Батыс елдерінде қандай да бір жеңіс ең әуелі сол бір жеке спортшының маңдай терінің нәтижесі ретінде қабылданады. Ол жеңіс тұтас мемлекеттің "үстем" екенін, халқының "сапалы" екенін, билігінің "ерекше қамқор" екенін көрсетпейді. Ел ішінен шыққан жеке бір чемпионның жігерлі, қажырлы, қайратты, талантты һәм еңбекқор адам екенін көрсетеді. Сол себепті Ұлыбритания мен Германия спортшысы, я командасы финалда кездесіп қалса, жанкүйерлер ең әуелі екі күш иесінің немесе екі ұжымның бәсекесін бақылайды. Спортшылар да, олардың қолдаушылары да өткен тарихта Ұлыбритания мен Германияның арасында болған қисапсыз қырғын, небір соғысты жадында қайта жаңғыртып, бір-біріне кектене қарап, кемсіте сөйлеп, "жаман немістен жеңілдік-ау", я болмаса "тәлпіш ағылшынның астына түсіп қор болдық-ау", "басқаны жеңу бір бөлек те, ағылшынды тұқырту бір бөлек қой, шіркін!" деп кіжінбейді:) Жеңген жақ та, жеңілген жақ та жекпе-жек, жарыс, я матчтан соң төс қағыстырып, "күш атасын танымас" деген - осы" деп жылы жымиысып тарайды.
Батыс елдерінде олимпиада құрамасын мемлекет емес, халық қаржыландырады. Мысалы, олимпиада жақындаған кезде АҚШ-тың банктері барлық клиенттеріне арнайы хат жібереді. Соның бірнешеуін өз көзіммен көрдім. Қысқаша баяндасам, былай деп жазылған: "Құрметті Пәленше! Алдағы олимпиада кезінде ұлттық құрамамыздағы спортшыларымыздың маңдайы жарқырап жүруі үшін, спорттық формасы ерекше әдемі болып тігілуі үшін, жатын орындары жайлырақ, ас-сулары құнарлырақ, құрал-жабдықтары толығырақ болуы үшін қайырымдылық қолын созсаңыз. Жоспарымыз - 1 доллардан жинау. Егер 2 долларыңызды қисаңыз - құба-құп. Құрметпен, банкіңіз". Сол себепті де миллиондаған америкалықтың қаржысымен жарысқа аттанған олимпиада құрамасы шынайы "халық командасы" болып қабылданады. Олимпиада жеңімпаздарына Ұлыбритания үкіметі көк тиын төлемейді. Өйткені чемпиондар елге оралғасын оларға еркін нарық заңдарымен іс қылатын жергілікті небір бизнес компаниялар мен брендтер тауарын насихаттау үшін "жарнамамызға түссеңіз" деп жата кеп жабысады. Кейбір атағы шыққан жүлдегерлер тиімді контрактілер арқылы миллиондап та пайда табады. Былайша айтқанда, айналып келгенде тағы сол қарапайым тұтынушылардың - халықтың арқасында еңбегінің жемісін, бейнетінің зейнетін көреді. Сондықтан билікке жалтақтамайды, президентке алғыс айтпайды, үкіметтің пиар акцияларына пысқырып та қарамайды.
Батыс елдерінде олимпиада құрамасына іліну үшін жеке-жеке әуесқой спорт клубтарының арасында әділ бәсеке өтеді. Олимпиадаға кім баратынын құраманың бас бапкері шешпейді, бәсеке шешеді. Сол себепті кейбір жарыс түрлері бойынша бір елден бірнеше спортшы жолдама алып, қатар қатысып жатады. Бұның бір жақсысы - жанкүйерлер арасында "Түгенше мықтырақ еді, бас бапкер өз кандидатына бұра тартып, құрамаға алмай қойды" деген әңгіме тумайды.