Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылды», - делінген мәліметте.
Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов 1975 жылы 23 қаңтарда ОҚО облысы Киров ауылында дүниеге келген.
1996 жылы экономист-бухгалтер мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 1999 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша мемлекеттік басқару неміс жоғарғы мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1996-1997 жылдары Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ассистенті болып бастаған. 1999-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің маманы, бөлім бастығы, төраға кеңесшісі, төрағасының орынбасары және төрағасы лауазымына дейін қызметтер атқарған.
2008 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің басшысы болып тағайындалды. Ал, 2013 жылдан 2015 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Айта кетейік, Ғ.Әбдірахымов Шымкент қаласын 2015-2017 жылдары аралығында, сондай-ақ 2018 жылдың маусымынан осы уақытқа дейін басқарды. 2017 жылғы қазан – 2018 жылғы маусым аралығында «Нұр Отан» партиясының хатшысы болды.
Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгерген. Отбасылы. Екі баласы бар. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін біледі.