Сөз жоқ, бүгінде «G20» клубының әлем экономикасындағы рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі оған кіретін мемлекеттер жаһан халықтарының жартысынан көбін қамтып, әлемдік сауда-саттықтың 80 пайызын бақылап отыр. Ал «G20» самиттерінде қабылданатын шешімдердің осы сауда-саттыққа ғана емес, саяси қарым-қатынастарға да ықпалы зор. Қазақстан аталған ұйымға кірмесе де, соңғы жылдары жаһандық проблемаларға қатысты өз ұстанымын ашық әрі батыл түрде көрсете білді. Ашығын айту керек, шетелдің алпауыт мемлекеттері соның бәрін сөз жүзінде мойындаса, іс жүзінде іске асыруға асықпайды. Дегенмен, көрші Ресей мен Қытай сияқты ірі державалар Қазақстанды қолдап қана қоймай, «G20» клубының құрметті қонағы ретінде көруді құп көретінін тағы бір мәрте көрсетті. Осы жолы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинь өз жерінде алғаш рет өткізгелі отырған «G-20» саммитіне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты шақырды. Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің шақыруымен Санкт-Петербор саммитіне қатысып қайтқан болатын. Арман Асқаров «G20» клубының қазіргі қызметін сараптап, ондағы Қазақстанның орнын бағамдап көрді.
Жаһандық дағдарыстан шығу жолдарын ұсындық
2013 жылы Ресейдің солүстік астанасы – Санкт-Петербор қаласында өткен саммитте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық дағдарыстың басты себебін айқындап, әлем қауымдастығын осы мәселеге баса назар аударуға үндеген еді. Сол кезде Президент экономиканың нақты секторымен байланысы жоқ қаржы ұйымдарының тым көбейіп кетуін жаһандық дағдарыстың бірден-бір себебі ретінде белгіледі. Себебі ондай ұйымдар «сабын көпіршіктері» сияқты, күндердің күнінде жарылып, жоқ болады. Бұдан бөлек, Н.Назарбаев әлемдік экономикадағы қарыз алу және оны бақылау тетіктерін жаңартуды ұсынып, дағдарысқа қарсы күрес жолында аймақтық интеграцияның маңызды рөлін атап өтті. Осы орайда Елбасы Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдері құрған Кедендік одақты (бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ – авт.) мысал ретінде келтірген болатын.
«Өкінішке қарай, маңызды әлемдік шешімдерді қабылдағанда, көп жағдайда, дамушы мемлекеттердің ұстанымы ескерілмейді. Осындай елдердің дауысын жеткізу үшін біз G-GLOBAL жобасын қолға алдық. Бұл G8, я болмаса, G20-ның баламасы емес. Ол – ақпараттық-коммуникациялық алаң. Ол жерде кез келген мемлекеттің өкілі жаһандық дағдарысқа қатысты өз пікірін білдіріп, одан шығу жолдарын ұсына алады. G-GLOBAL-дан бөлек, Қазақстанның бастамасымен әрі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қолдауымен Астана қаласында Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция ұйымдастырылған болатын. Оған 104 елдің экономикалық ведомство басшылары қатысты», - деді Н.Назарбаев.
Осылайша, Мемлекет басшысы сан алуан халықаралық деңгейдегі диалог алаңдарын ұйымдастыру арқылы Қазақстанның жаһандық дағдарыстан шығуға қатысты өзіндік көзқарастың қалыптасқанын жеткізіп, әлемдік қаржы-валюта жүйесін жүргізу кезінде барлық елдердің мүддесі ескерілуі қажеттігіне баса назар аудартты.
Орталық Азиядан тек Қазақстанды ғана шақырды ма?
«Көрші ақысы – Тәңір ақысы» демекші, осы жолы тағы бір алпауыт көршіміз – Қытай Халық Республикасы G-20 саммитіне шақырып жатыр. Аспан асты елі ұйымның төрағасы ретінде алқалы жиынды өз жерінде алғаш рет өткізгелі отыр. ҚХР төрағасы Си Цзиньпинь осы қуанышпен ҚР Президенті Н.Назарбаевпен бөлісіп, оның саммиттің құрметті қонағы болуын қалады. Әлбетте, Ресей болсын, Қытай болсын, Қазақстанның Орталық Азиядағы беделін, жаһандық бастамалар саласындағы белсенділігін де ескеріп отыр. Себебі биылғы саммитке Орталық Азия аймағы бойынша жалғыз Қазақстанды ғана шақырып отыр.
«Бүгінде Қазақстанда Астана экономикалық форумы сияқты халықаралық маңызы бар іс-шаралардың жиі өтіп тұратынын бәрі жақсы біледі. Оған көптеген мемлекет басшылары мен Нобель лауреаттары қатысып, экономикалық даму мәселесін тек Қазақстанның аясында ғана емес, аймақ шеңберінде, тіпті әлемдік деңгейде қарастырып жатады. Бұдан бөлек, ел басшылығы қаржы жүйесін өзгерту, долларға тәуелді механизмнен бас тарту және тағы басқа көптеген жаһандық бастамаларды көтерген еді. Шыны керек, ол жағынан барлық посткеңестік елдердің ішінде Қазақстан ерекше көзге түсіп келеді. Себебі үнемі бір ғаламдық ұсыныстарды жасап отырады. Жалпы, посткеңестік аймақта экономикалық жағынан тиімді екі-ақ мемлекет бар. Олар – Қазақстан мен Ресей. Енді, Ресейдің нарығы үлкен. Біз болсақ, шетелдік инвестицияларды тарту жағынан мықты болып тұрмыз. Сосын Қазақстан әлемдік экономикада көшбасшы болып отырған барлық мемлекеттермен жақсы қарым-қатынаста. АҚШ болсын, Қытай болсын, Еуропа елдері болсын, барлығымен достық байланыстар жақсы дамыған. Әрине, өз жерімізде өткізіп отырған халықаралық шаралар және өзге елдерде өтетін жиындарға белсене атсалысумыз өз жемісін беріп отыр. Осының нәтижесінде Қазақстанды G-20 саммиті сияқты маңызды басқосуға шақырды», - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Сарапшының сөзіне қарағанда, бүгінде әлем қауымдастығы Қазақстанды Орталық Азия аймағының күн тәртібін белгілейтін мемлекет ретінде қарастырып отыр. Сондықтан осы аймақтың атынан жалғыз бізге ғана шақыру келді.
Айта кеткен жөн, қыркүйектің 4-5 күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін кезекті G20 саммитінің тақырыбы – «Инновациялық, адал әрі инклюзивті әлем экономикасын құру». Сөз жоқ, осы жолғы жиында да ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тың ұсыныстарды жасап, жаңа бастамаларға ұйытқы болады.
G30-ға Қазақстан да мүше болар ма еді...
Жалпы, G20 клубының тарихына үңіліп қарасақ, бас кезінде аталған ұйым «G7» - «Үлкен жетілік» болып құрылған болатын. Оған Канада, АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Италия мен Ұлыбритания кірген. Алайда уақыт өте келе, аталған мемлекеттер шағын құрамда әлемдік экономиканың барлық мәселелерін шеше алмайтындарын түсінді. Содан клуб мүшелігін кеңейтіп, қатарына Оңтүстік Корея, Түркия, Сауд Арабиясы, Аргентина, Оңтүстік Африка Республикасы, Мексика, Бразилия, Индонезия, Индия, Австралия, Қытай, Ресей мен Еуропалық одақты қосып алды. Осылайша, G20 ұйымы құрылды.
Әрине, қазіргі кезде Қазақстанның экономикасы G20 елдерімен бәсекеге түсе алмайды. Ол ұйымға жердің территориясына қарап қабылдаған жағдайда біз бірден он мемлекеттің құрамына кіретін едік. Дегенмен, еліміздің қазіргі жаһандық бастамаларына әлем қауымдастығының құлақ асып жатқаны қуантады. Соның барлығы іске асып жатса, Қазақстан экономикасынан да сырт айналып өтпейді.
Кім біледі, болашақта G20 тағы кеңейіп жатса, еліміз G30, я болмаса, G40-тың қатарынан көрінуі әбден мүмкін. Ондай экономикалық беделі бар мемлекетте халықтың әл-ауқаты да жоғары болады.
Фото: kz.troniks.kz, 7news.kz, russian.china.org.cn, cntv.ru, rus.ozodi.org