«Бүгінде әлемдік экономиканы жандандыру бағытындағы сапалы шаралар ретінде жаңа индустриялық төңкеріске, сандық экономика мен инновацияға басымдық жасау ұсынылады. Бұл амалды толығымен қолдаймын. Бұл міндетті жүзеге асыру инклюзивті ұстанымда ғана мүмкін болмақ. «G-20» мен дамушы елдердің арасындағы сұхбат орталығын айқындап алу қажет. Бір нұсқа ретінде Қазақстанда құрылып, барлық қатысушылары үшін ашық G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаңын ұсынамын. Бұл алаң 140 елдің 30 мыңнан астам сарапшысының басын қосады», - деді Елбасы саммиттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді саммитке шақырғаны үшін және Ханчжоу қаласында қонақжайлылық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
ҚР Президентінің атап өтуінше, осы жолғы «G-20» саммиті өте қиын кезеңде өтіп отыр әрі зор үміт күттіреді. Өйткені, әлемдік экономиканың өсімі, сауда көлемі, капитал қозғалысы қарқыны төмендеу үстінде. Бұл миллиондаған адамның әл-ауқатына әсер етуде.
"Жаһандық мәселелерді шешу жолдары"
«Жаңа трансқұрлықтық сауда-инвестициялық бірлестік құру ДСҰ рөлін төмендетуге және әлемдік экономиканың бөлінуіне әкелуі ықтимал. Бұл үдерістер әлемдік нарыққа ықпал ету жолындағы күрестің жаңа кезеңінің бастауы болуы да мүмкін. Жаһандық даму жүріп өтетін жол көп жағдайда барлық әлемдік қоғамдастық іс-қимылының реттілігіне байланысты», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
«Біздің көзқарасымызша, экономика мен қаржыны жаһандық реттеуде бірыңғай жаһандық ұйым жетекші рөлге ие болуы тиіс. Мұндай құрылымды БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесі де қайта құру жолымен жасақтауға болады. Оған Жаһандық экономикалық реттеуші қызметі жүктелуі қажет», - деді Елбасы.
Н.Назарбаевтың пайымынша, монетарлық және фискалдық саясатты үйлестіру, құрылымдық реформаларды түбегейлі жүргізу қажет. Бірақ, ол ұзақмерзімді преспективада тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз.
«Дамушы елдерді қоса алғанда бүкіл әлемде айырбас курсын тұрақтандыру бойынша барынша елеулі ұсыныстар әзірлеу керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Елбасы Қазақстан қазіргі уақыттағы ең өткір мәселелерді шешудегі өз көзқарасын «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінде ұсынғанын еске салып, «G20» тарабынан ядролық қарудан және өзге де жаппай қырып-жою қаруынан азат әлем құруда әрі Манифест идеяларын жүзеге асыруда қолдау болатындығына сенім артатындығын баса айтты.
«Терроризмді толығымен жеңу үшін G20-ның барлық мүшелерінің және басқа мүдделі елдердің күшін біріктіру жақсы бастама болар еді. Мұны барша әлемдік қоғамдастық күтіп отыр», - деді Н.Назарбаев.
"Еліміз үшін елеулі "ЭКСПО-2017"
Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «G-20» саммитінде барлық мемлекеттерді «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне белсенді қатысуға шақырып, оның аясында үлкен жиырмалықтың қамқорлығымен арнайы шара өткізуді ұсынды.
«Қазақстан БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын, Париж келісімін және «жасыл экономика» ұстанымдарын жүзеге асыруға белсенді жәрдемін береді. Оған 2017 жылы Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесі де септігін тигізеді. Мұнымен қатар біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрамыз. Барлық мемлекеттерді Астанадағы «ЭКСПО» көрмесіне белсенді қатысуға шақырамын. Оның аясында «G-20» қамқорлығымен сәйкесінше іс-шаралар өтізуге де болар еді», - деді ҚР Президенті.