
Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында қыздар арасындағы футболдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалының жеребесі тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жарыстың аталмыш сатысында қазақстандық «БИИК-Қазығұрт» Германияның «Бавария» қыздарымен шеберлік байқасады. Алғашқы ойын 16 немесе 17 қазанда Қазақстанда өткізілсе, қарымта кездесу Германияда 30 немесе 31 қазан күндері болады.
Шымкент қаласының «БИИК-Қазығұрт» командасы топтық кезеңде алтыншы топта сынға түсті. Онда Финляндияның ПК-35, Эстонияның «Флора» және Фарер аралдарының «ЭБС Скала» командаларын артқа тастап, өз тобында бірінші орын алды. Одан кейін қазақстандық футболшылар Бельгияның «Андерлехт» командасын (1:1, 2:0) жеңді.
«БИИК-Қазығұрт» командасы ел біріншілігінде 16 мәрте чемпион атанған. 2003/2004 жылдан бері Еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып келеді.
Ал «Бавария» 1970 жылы құрылған. Содан бері өз елінде 3 мәрте чемпион атанған. Соңғы жылдарда бұл команда Еурокубок ойындарында өз елінің намысын қорғап келеді.
