Көрнекі фото: Кирилл Кухмарь/ТАСС
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы 3500 гектар жер мемлекетке қайтарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық прокуратураның сайтына сілтеме жасап.
"Алматы облысының прокуратурасы ел басшылығының тапсырмасын орындау шеңберінде Еңбекшіқазақ ауданындағы 3500 гектар жерді қайтарып берді. Бұл жер 2017 жылы Forbes тізіміндегі белгілі кәсіпкерге шалғайдағы (маусымдық) мал шаруашылығына арналған жерлер құрамынан шығару жолымен заңсыз берілген.
Қазіргі уақытта үшінші тұлғаларға жерді қайта беру фактілерін болдырмау мақсатында аталған жерлерді жергілікті тұрғындар үшін қоғамдық жайылымдарға беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері жоғары лауазымды тұлғалар мен ірі бизнесмендерге тиесілі 26,8 мың гектар жер, кадастрлық құны 714 миллион теңге мемлекет пайдасына қайтарылған.
"Бұл жерлер жылдар бойы мақсатына сай пайдаланылмаған, жемшөп дақылдарын өсіру жүзеге асырылмаған, осы шаруашылықтардың балансында ауылшаруашылық жануарлары да болмаған. Ал басқа адал фермерлер егістік және жайылымдық жерлерге өте мұқтаж болған", - делінген хабарламада.