27 нау, 2017 сағат 19:30

Файзулла Төлтай: "Жан азабы сорғалап жанарымнан..."

Меніңше, өмірде де Өлеңдегідей еш өлшемге сыймайтын мінез болады. Дара мінез. Әрбір жас қаламгер әлемді өзінше түсінеді. Әм өзіне ғана тән әлей әлемі қалыптасады. Кеше алдымызға ағалап келген інішек «бір күнде бес өлең жаздым» деп, бұрқыратып тұрып оқитын. Бүгін бәрі басқаша. Осы бір өмірден титтей ған адалдық пен ізгілікті іздейді. Рас, көзде күнә жоқ! Тек, жыр пәк болса деймін. Өмір мен Өлең бір арнаға тоғысқан жағдайда ғана шынайы. Біздің қатарымызда «Өлең деген...», «Ақын деген»... деп әңгіме бастайтындар жетерлік. Алайда, тындырған түктері де жоқ. Әрі кетсе Пәленше Түгеншеұлы деген «Ғаллламат ақын» деп пікір айтқан. Ал, қоғам соған иланады. Жә, жарар! Мен сенемін күні ертең бір өлеңмен бәрін өрелейтін бір ақынның келетініне. Біздің өлкеде Бауыржан Үсенов деген ақын өткен. Бір жырында «...Көрсетер ем қыранның өлімін мен, жазылмаған бір өлең болмаса егер» деп жазады. Сол секілді Жамбыл топырағынан түлеген қаламгердің не ақын, не батыр болмауы мүмкін емес. Ал, бұ жастың жырларында кетіп жатқан кішігірім қателіктер әдеби сынның жоқтығы деп білерсіздер. Өлең оқыңыздар, достар!

Нұрболат Жолдасбек

 

ЕССІЗДІК 


Сен кеткелі ... 

Жұлдыз – Өлең. 
Түн – Өлең. 
Іңір – Өлең. 
Шарасыздан өтуде күнім әрең. 
Бәлкім, бізді: 
– Қосылса, бақытты боп 
кетеді, – деп, қорқады, бүкіл әлем. 
Иманымдай сенуші ем, 
жүрегіммен 
жыр егілген, 
жаныммен, 
жігеріммен. 
...Біз ақымақ екенбіз – 
адалдықты, 
ізгілікті іздеген, мына өмірден. 
Жоқ! 
Бар амалы. 
Бәріне келістім мен. 
Бұлдыр дүние біз үшін теріс мүлдем. 
Қаһарына ұшырап Хақ Тәңірдің, 
Кетейікші қуылып Жер үстінен. 
Мүмкін, сонда Жанымды өбесің кеп. 
(Қалуымыз шарт емес ел есінде) 
...Сен қасымда қала гөр, 
Қалсаң егер 
Маған Тозақ – 
Жұмақ қой, сенесің бе? 
Ғашықтардай алғашқы, 
Дүрмекті біз, игере алмай қойдық қой. 
Құрметті қыз – 
...тек екеуміз мәңгі бір болу үшін 
Қандай күнә жасауға міндеттіміз?! 


ҚАСІРЕТ 

Көкірегін нәби мұң тінтіп өтіп, 
өкінетін, 
бір жігіт жыр түлетіп, 
пәк жанымен. 
(бәріне сеніп өткен.) 
Кімді күткен, белгісіз, нені күткен?! 
Көкке қарап ерінін жыбырлатып 
жүргеніне, 
міне енді, екі көктем. 
«– Көп қажыма, 
қайғырма, 
жассың әлі. 
Жалғыз сен бе жоғалтқан өз сыңарын?!» 
деп оны жұбатқанмен дос–жараны, 
қиын еді аузынан сөз шығару. 

...олар үшін барлығы бөлек еді. 
Бөлек нұрға екеуі бөленетін. 
Бөлек - қала. 
Бөлек - бақ. 
Бөлек - көше. 
Бөлек көше көгінде кенет нөсер... 
« – Мейлі, аспан – егілсін, еңіресін. 
Қызғанады дейсің бе, тегі несін?! 
Жалқын уайым сені де иектесе, 
тек жылама, 
өтінем, 
керек десең – 
құйып алам көзіме кіл жасыңды, – 
деушім еді ғой, 
астында қолшатырдың. 
Сол шағымның бәрі де ғайып болып 
Ішінде қалғаным не мұнша мұңның?! 

Жан азабы сорғалап жанарымнан, 
Босат мені, Өмірім, қалауыңды ал. 
Бұл көктемде тағы да тапқан гүлім 
гүлдемейді. 
Шаршатты, жаттанды күн. 
– «Уақыт – емші» ұмытар, – деп жүргенде, 
Уақыт мені кеміріп жатқандығын 
сезбеді ешкім. 
Сезбеді. 
Білмеді де. 
Құлағымда жаңғырып күлгені кеп 
тұрады ылғи. 
Қайтемін, тағдыр басқа. 
Сыңарым ед бақ тілеп, Тәңір қосқан. 
Екі көктем – бұлттар сап суретіңді 
Екі көктем – шырқады әніңді аспан. 
...Шапағатын әр атқан көріп таңның, 
сағынышым бойымнан ерікті алды. 
Біз әу бастан бірге едік, 
Біргеміз де... 
Кешіріңдер», – деді де, өліп қалды. 




*** 

...хат жазбаймын деп едім. 
Кешір, күнім. 
Құрметтеймін мен сенің шешіміңді. 
Терезеге деміммен жан бітіріп, 
Жабыққанда жазушы ем есіміңді. 
...жалқы күндер – жылдарға жалғасты кеп. 
Артық шығар ақылдан алжасты деу. 
Мен – 
Сүюді, 
жылауды, 
қайғыруды, 
мұңаюды 
сезіндім алғашқы рет. 
Өмірімді қолыңа бермек түгіл, 
өлуге де даяр ем, Сен... деп тұрып. 
(...менімен жағаласып 
Көргенсіз жел – 
көйлегіңнің етегін ермек қылып 
ойнаушы еді.) 
Есімде. 
Есіңде ме? – 
Ессіз түндер – таңдарға көз ілмеген. 
Сен – 
Тәңірдің нұрысың! 
Көрмейді оны, 
көшкен бұлттың қисынсыз көшіндегі ел. 
Бір сәтке ұмыт қылып Жан атауын, 
Ымырт түсіп, 
күн батып, 
таң атарын. 
Оны және Өмірді сүю үшін, 
Тек менің көздеріммен қарағаның 
дұрыс шығар. 
Кім білсін?! 
...құшағына тығылып қара түннің, 
Құсалықтан қуарып баратырмын. 
Ақ жейдеме жағылған далабыңды, 
Ерініме тигізіп алатынмын 
сағынғанда. 
..мен бәрін кеш ұғындым. 
Өміріңе тигізбей кесірімді 
саған енді ешқашан 
өлең арнап, 
хат жазбаймын деп едім. 
Кешір. 

– Кімді..? 



ТҰТҚЫН. ҚҰДАЙ. 

Жаза бастым. 
Жаңылдым. 
Жазаландым. 
(Өлмедім). 
Күндерімді білмейсің өтіп жатқан сен менің: 
Талықсыған Үмітім – 
Алты қырдың астынан шырылдайды күні–түн. 

...Жаратқанның өзі боп, жеті әлемді билеген, 
Бір мазасыз күйге енем – 
Құлдарымды көргенде шынжырларын сүйреген. 
Дәргейіме бас ұрған дәрменсіздің сөзінен, 
Өзім құрған түрменің тұтқыны боп сезінем. 
Адамдықты үйретер, мына әлемге бөлек тым, 
Тағы да бір пайғамбар жіберуім керек-ті... 

...Көз алдыма елестеп, әлдебіреу түсі аппақ, 
Қорқыныштан отырам, қу тіземді құшақтап. 
Сөз ұқпаған баладай, 
жоқ бақытқа алданып, 
Жалғыздығым жылайды, жер тепкілеп долданып . 
Сақ-сақ күліп, 
Сірейген көлеңкелер мазақ қып, 
Маңдайыма тас атты. 
– Мыналардан құтқар, –деп, жанарымнан жас ақты. 
Қорқыт шалдай бәрібір құтылмаспыз біз бұдан. 
Құлағымды жауып ап, бар даусыммен шыңғырам: 
– Құтқар, құтқар! 
Құтқара гөр, өтінем. 
Құлы болып құлқынның, құдайсыз боп кетіп ем. 
Амалым не... 
Бетіңе тастар едім түкіріп, 
Естимісің, 
алжыған, ееей, қарабет өмірім?.. 

...Кенет, 
Маған әлдекім, 
желп еткізіп бұрымын, 
Көзін сүзіп қарайды, будақтатып шылымын. 
Желік қуған кемпірдей жастық шағын қимаған. 
– Бұл кім екен? 
– Өмірің, баянсыздық сыйлаған. 
Менен басқа бара ғой, құшағында өбсе кім?.. 
Енді өзіңе жоқ сезім, – деді-дағы, 
бұрқылдап 
Бұрқ-бұрқ етіп барады, былқ-былқ етіп бөксесін. 

...Менің жалғыз білгенім – 
Біз бәріміз тұтқынбыз, өмір деген түрменің. 
Шыда, жаным, шыдай түс. 
(Менде де бар жұрттағы әл). 
Мына Өмірден біздерді Өлім ғана құтқарар! 

...Бұрышында түрменің, 
(Әз жүзімде шырай жоқ). 
Отырамын бүрісіп, қиялымда Құдай боп: 
- Жаратқанның өзімін
жеті әлемді билеген. 
Құлдарымды көргенде, бір мазасыз күйге енем. 
Ей, көлеңкем жүре бер, жетегінде шыдамның, 
Мүмкін ертең пайғамбар жіберетін шығармын.. 
Мүмкін... 



КАТАРСИС

Бәрі – бөтен. 
Бәрі – жат. 
бір өзгеше күйге еніп, 
Өмір жазған Өлеңнің шимайына иленіп 
отырамын – 
адамдай Жалғыздығын жерлеген. 
Қанды аңсаған қанжардың иесі едім. 
Мен деген – 
Дәруішпін адасқан. 
Жол көрсетші ақық түн. 
Өз ішімнен Өзімді іздеймін деп жалықтым. 
Жалғыз Үрей – 
мұң тұнған жүрегімнің ішіне 
бір құдайды таппаймын Шам жарығын түсірер. 
Панасы жоқ пақырдай шағамын кеп Айға мұң. 
Түбі мені құртады шөл мінезді Ойларым: – 

...құдіретті Сөздердің тасасына тығылған, 
менің аппақ періште – әлемімді ұғынған 
бір Жан болса, 
мәңгілік кетер едім соңынан. 
Сол арқылы іздеген Тәңіріме жолығам: 
«–Тәңірім–ау, Ғайыптан Нұр дарытсаң сен егер – 
Ақ әлемнің өлшеусіз мейіріміне бөленем. 
Бір–ақ сәтте кеудемнен Хақты аңсаған көгершін – 
Бұлт сабалап ұшады тұңғиыққа, көрерсің. 
Сонсоң келіп қып–қызыл аспандағы әр шырақ – 
Мөлт–мөлт етіп тұрады жанарымнан тамшылап.» 
Тәңірім –ау, 
Тәңірім... 

Екіжүзде–бір ғұмыр... 
Бізді қайда жетелеп апарады бұл дүбір?! 
(Білмейді олар! 
Білмейді – 
бейуақытта құлазып, 
қай құдайға Құл болып жүргендігін мына жұрт.) 
Мен жеңілдім 
Адастым... 
Бөзге оранып, 
Жыр өлді. 
кеткім келіп соңынан аңқам кеуіп жүр енді. 
– Өмір ғой, –деп, арқамнан қағатұғын көп пе айлаң?! 
Бәрібір де біздікі – жеңімпазы жоқ майдан! 
Тәңірім –ау, 
Тәңірім... 



ЖОҒАЛТУ 

Бәлкім, уақыт: 
– Қате, –деп, тапқан шығар ісімізді. 
...Ұмытпайды бұл жылдың Күзі бізді – 
Қос білегің асылып иығыма: 
- Қорқамын, - деп, тұрушы ең 
өзіңізді 
жоғалтудан, 
һәм, аға, жоғалудан. 
Ойым күпті, 
Уайымшыл, 
Жан ауырған. 
...Менің кінәм шығар-ау, 
өлмейтұғын, 
Махаббатты іздеген әр арудан. 
Кешір мені! 
Мен бейбақ- 
бейуақытта үнсіз қалып, 
өкініп ем. 
Өмір ғой... 
Тылсым бәрі- 
(...мойныңдағы мөрімді, 
Бұрымыңмен, 
Естелік қып, жасырып жүрсің бе әлі?!) 
Сылқым гүлдер, 
Жұлдыздар, 
Күн, 
Ай, 
маған: 
Үнемі жыр оқитын мұңаймаған. 
Біздерді бақытты етер Дүниені, 
Құдай-ау, қызғаншақ деп кім ойлаған. 
Тау-тасы, 
Өзен-көлі, 
Тоғайынан: 
Бір жылулық күтіп ем талайынан. 
Сен – Күн едің... 
Бұлттарды бүркеніп ап, 
Жоғалып кеткеніңді, қалай ұғам?! 
Қабат-қабат қайғыдан жамалған өң. 
Жанның мұңы үймелеп жанарға кеп, 
бармағымды тістеймін. 
Одан өзге, 
Менде ешқандай үміт те, амал да жоқ... 

Кешір мені... 

 

Файзулла ТӨЛТАЙ – Жамбыл облысы Жаңатас қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда М. Х. Дулати атындағы ТарМУ –да филология мамандығы бойында білім алуда. 


Ұлт порталы