Фариза Оңғарсынова халық қалаулысы, қоғам қайраткері ретінде мемлекеттігімізді нығайтып, тәуелсіздік мұраттарын орнықтыру ісіне үлкен үлес қосты. Ақынның әр кезеңде айтылған орамды ойларын, тұшымды пікірлерін тағы бір мәрте еске алуды жөн көрдік. Құнды ой — уақыт талғамайды. Махамбеттей өткір ақын, Ақ Жайықтай асау ақын былай деген екен…
***
Әдебиетте талғам жоқ. Бәрін ақша шешетін заман туғасын, қалталы жұрттың бәрі том-том кітап шығаратын болды. Біреу ата-бабасын мақтайды. Ал, біреулер өмірбаянын жазады дегендей. Олардың кітаптары толған анекдот па, адамның жүрегі айнитын кілауыз сөздер ме – бәрі бір. Айтып отырған пікірлеріңнің бәрі дұрыс. Әдебиет — оқырманның тәрбиешісі. Әдеби шығарма ортаңқол оқырманға түсінікті болу үшін оның деңгейіне түспеуі керек. Ә дегеннің бәрі Әміре емес, кітап шығарғанның бәрі ақын не жазушы емес екенін қалың оқырман ұқпайды. Арзан, түсінікті дүниесымақтарға қол соғады.
***
Қазақта балаларға арнап ешкім дүние жазбаса, мен не айтамын. Бердібек Соқпақбаев ағамыздың «Менің атым Қожа», Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің басынан кешкендері» секілді ұлы дүниелер жоқ. Гарри Поттер деген бір сұмырай шығып, жұрттың бәрін есалаң етіп болды.
Балаларға арналған шығармалар өз деңгейінде бағаланбайды, оларға мемлекеттік сыйлық берілмейді. Қазіргі заманға лайық ертегілер, бастауыш класс мұғалімінің күнделігі секілді дүниелер жазылса ғой.
***
Қазіргі базар экономикасының заманы талғампазсыздыққа, жақсы мен жаманды ажырата алмауға тәрбиелеуде. Ана бір жылы мен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына «мемлекеттік бір баспа болу керек, оның жанында редакциялық беделді кеңес болғаны дұрыс, ол баспадан тек биік деңгейдегі шынайы дүниелер шығар еді» деп ауызша ұсыныс айтып едім. Әлі де сол пікірдемін.
Бұрын мектептерде, ауылдық, аудандық, облыстық, республикалық кітапханаларды әдеби конференциялар, викториналық кештер ұйымдастырылатын. Қазір олардың бәрі ұмыт қалды. Теледидар каналдарынан ақын-жазушылардың кештері көрсетіліп тұратын. Оларды халық соншалықты ықылас-ынтамен сүйсініп көретін. Мұның бәрі халықтың рухани өсуіне, жастарды тәрбиелеуге арналған құралдар еді, амал не, бұл күнде оған мән берілмейді.
Кітап оқымаған адам – тамырсыз қаңбақ. Өркениетті мемлекет болу үшін жеке пенделерді ғана байытып отырған материалдық байлық емес, ол мемлекет адамдарының рухани байлығы керек. Кітап – сол рухани байлықтың негізі бөлімі.
Қазір мені көп ойландыратын – бастауыш қазақ сыныптарына (жоғары сыныптарда да солай) арналған оқулықтардың жайы, себебі, немерелерім қазақ мектептерінде оқиды. Осыған байланысты олардың оқулықтарымен таныспын. Бала түгілі, мен өзім әрең түсінетін өлең, әңгімелер, бүгінгі баланың ұғымына сай келмейтін шығармалар беріледі. Бұл жас сәбидің кітап оқуға деген құштарлығын құртады.
***
Өзің секілді кімнің кім екенін білетін, бағасын беретін оқырмандар сирегені рас. Себебі қазір кітап оқымайтын болды ғой, әсіресе жастар жағы. Интернет деген ғаламат шықты да, адамдарды «дуалап» жатыр.
Компьютер, интернет дегендер кітаптың беретін білімін бере алмайды, адамды дайын асты іше салуға баулиды. Мысалы, қазіргі оқушы, студент жастардың дені тест сұрақтарына жауап беру үшін барлық жауапты интернеттен көшіріп алады. Олар сөйлеуді білмейді, себебі әлгі сұрақтарға қосу немесе басқа белгілерді қояды.
Ал, кітаптың беретін ілімі ананың сүті тәрізді бойға, қанға сіңеді.
Қазақта Абай мен Мұқағалидан басқа ақын жоқ секілді. Өзің айтып отырған Сағидың, Жарасқан мен Кеңшіліктің, Дәуітәлі мен Серік Томановтың өлеңдері қандай!
Екіншіден, қазір жұрттың бәріне уақыт жетпейді, жанталасқан тірлік, жағаласқан өмір. Кітап оқуға кісінің қолы тимейді. Қоғамдық жүйе адам баласын осыған тәрбиелеп отыр. Қараңыз, министрліктерде, банктерде, тағы басқа мекемелерде таңғы 9-дан түнгі 10-11-ге дейін қызмет істейді. Ел аман, жұрт тыныш, соғыс жоқ, бірақ адамның жан дүниесінде рахат сезім жоқ. Адамдар бала-шағасын көрмейді, Ал, жанұя деген мемлекет, біздің мемлекетті сол шағын мемлекеттер құрайды ғой.
Міне, осының бәрі елді ойсыздыққа, тек күнделікті күйбең тірлікке тәуелді етуге тәрбиелейді.
***
Ұлтта рухани сілкініс болмаса, 1986 жылғы Алматыда басталып, қазақ даласына ұран салғандай әсер еткен революция қайдан шықты? Тәуелсіздігімізге бастау болған сол емес пе еді?
Сен «тоталитаризм» атап отырған кеңес саясатының заманында Жазушылар Одағы шын мәнінде қазақтың мешіті болды. Тіліміздің, табиғи болмысымыздың сақтаушысы ақын-жазушылар, олардың шығармалары болғаны шындық.
Ал сенің көңілің толмай отырған жайлардың бірнеше себептері бар. Халық сілкініп сөз айтуға қорқады: әркімнің бала-шағасы бар, солардың тағдырына сөзімнің зияны тиіп кете ме, солар жазым бола ма деп биліктен сескенеді. Үрей жүрген жерде үстемдік болатыны белгілі.
Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, әйел атаулының бәрі шашы ұзын, ақылы қысқа салпы етектер емес. Сондай-ақ олардың әрқайсысы Томирис немесе Әлия мен Мәншүк екен деп те ойлауға болмайды.
Бірақ әйел де – жаратушының перзенті. Олардың арасында да даналар мен даралар болады. Тек кімнің қандай екенін бағалай білу және тани білу керек.
Индира Ганди, Маргарет Тэтчер, Беназир Бхутто – бәрі де халқына, адалдыққа қызмет еткен ірі тұлғалар деп білемін.
Жалпы әйелдің басқару ісіне араласуының ешбір оғаштығы жоқ. Ақылды әйел жүрген жерде үйде болсын, мекемеде болсын жарасымды тірлік болады. Ұяттылық, жауапкершілік, тиянақты тәртіп те есті әйелдің күн тәртібінен түспейді. Әңгіме ел басшыларының соларды көре білуінде.
Мысалы, біздің елімізде облысты немесе қаланы басқарып жүрген бір де бір әйел заты жоқ.
Біз «байтал шауып бәйге алмас», «алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» дегенді принцип етіп келеміз. Шығыс халқымыз, мұсылмандық қағида бойынша әйел заты әулие болса да, бөрік кигендерден именуді парыз дейді, өзі парыз демесе де, орта мәжібүр етеді.
Қоғам әйел, еркек деп жынысына қарап емес, ақыл-ойына, білгірлігіне, адами қасиеттеріне, алғырлығына қарап бағалауы керек. Ер-азамат пен әйел заты бірдей деп ғасырлар бойы айтылып келеді, алайда жер бетінде адамзат қоғамы пайда болғалы еркектер әйелдерді қанаумен келеді. Әлі де солай. Бұл – әлемдік дәстүрге айналып отыр.
Әрине, әйелдің бірінші парызы – ана болу. Сонымен қатар оның таланты, адами қасиеттері болса, неге ұжымды, қаланы, облысты, мемлекетті басқармасқа?
Топтастырған: Ұлт порталы
Сұхбаттар fariza.kz сайты бойынша сұрыпталды