
Бүгін «Астана Аренада» елордалық «Астана» командасы Сербияның «Партизан» командасын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
1-турда «Манчестер Юнайтедтен» ұтылған астаналықтар бүгін жеңіске жету үшін барын салатыны о бастан белгілі еді. Алайда, ойындағы алғашқы голды қонақтардың шабуылшысы Омар Садық 28-ші минутта соқты.
«Астана» футболшылары гол соғу үшін қанша талпынғанымен, партизандардың қарымта шабуылдары қауіпті болды. 73-минутта сондай шабуылдардың тағы бірі голмен аяқталды. Бұл жолы да Омар Садық гол авторы болды. Ол үшінші рет те гол соғып еді, бірақ офсайдта тұрғандықтан, төрешілер голды есепке алмады.
«Астана» жағдайды реттеу үшін барынша шабуылдады. Стадионға келген жанкүйерлер сүйікті командасының голын 85-ші минутқа дейін күтті. Көп шабуылдың бірінде Р. Сигурьонссон гол соғып, есепті қысқартты. Ойын 1:2 есебімен аяқталды.
Екі ойында да жеңіліске ұшыраған «Астана» L тобында 4-орында қалды. «Партизан» 4 ұпаймен кесте басына шығып алды.
