Астана аспанында қаламгер сөзі қалықтаған әдеби форум да аяқталды. Алғашында дүбірі мен күбірі көңілді елтіп, сол бір әсерден айыға алмай қалғанымыз рас. Бұған себеп те жоқ емес. Тойдың боларынан боладысы қызық тұста мұндай ірі жиынның жарты ғасырға жуық уақытта болмағанын жарыса жаздық. Расында қаламгерлер қауымы үшін өткеннен өкініш іздемей, ертеңге үміт арқалатқан оқиға еді бұл. Күнтізбеге көз салсақ, 1973 жылы Алматыда өткен Азия және Африка жазушыларының V конференциясынан кейін сөз өнерінің майталмандарына мінбер ұсынбаған екенбіз. Күлтөбенің басында күнде кеңес құрып жатсақ та, тура мағынадағы рухани жаңғыруға мойын бұрғанымыз осы. Мұның бәрі айналып келгенде ақыл-ой қуаты мен сана модернизациясының сәулелі сәті салтанат құра бастағанынан хабар берсе керек-ті.
Сөйтіп, Елордада екі күн бойы «Қазіргі заманғы сөз энергиясының» қуатын саралап көрдік. Оған Иран, Әзербайжан, Беларусь, Түркия, Моңғолия, Тәжікстан, Латвия, Молдова, Башқұртстан, Мажарстан, Қырғызстан, Ресей, Польша, Армения, т.б елдерден және еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген қаламгер қатысты. Қазақ әдебиетінің кесек тұлғалары шетелдік делегаттармен бірге жалпыадамзаттық мәселелер төңірегінде талқы жасап, өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды. Жиынның негізгі мақсаты да осы еді. Яғни, біртұтас еуразиялық әдеби кеңістік құру, Еуразия халықтарының көркем әдебиеті үлгілерін насихаттау, ұлттық мәдениет өкілдіктерінің қарым-қатынасын нығайту.
Бұл ретте форумның әр сәтіне аял қылмай, мәні мен мазмұнына бойлап көрсек. Көпшілік үшін де кеңесте айтылған көркем ойлардың маңызы ерек екені айтпаса да түсінікті.
Форумды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып берді. «Қазақ әдебиетінің бүгінгі хәл-ахуалы баршамызды алаңдататыны даусыз. «Ел әдебиетін қайтсек әлемге танытамыз?» деген мәселе баршамызға ортақ. Ендеше түрлі мемлекет өкілдерімен мәдени және әдеби байланыс орнату мақсатында өткізіліп отырған бүгінгі шараның орны ерекше», - деді ол.
Пленарлық отырыстың «Әдебиет және жаһандық мәселелер» деп аталатын бірінші бөлімінде әлемдік мәселелердің әдебиетпен байланысы кеңірек айтылды. Модератор – Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.
Иран жазушылары қауымдастығының Төрағасы Хади Саеди Киасари «Заманауи әдебиет: Өркениеттер қақтығысындағы адам мәселесі» деген тақырыпта баяндама жасады.
Хади Саеди Киасари мырза өркениет пен адам ұғымын тереңірек талдады. Ол өз баяндамасында бұл екі ұғымның дихотомиялық тұжырымдамасын жасауға талпыныс білдіргенін айтады.
«Әр өркениет «Мен кіммін?» деген сұрақтың жауабын табуға тырысады. Осылайша, бұл сауал грекиядағы мифтік дәуір адамдарынан, жаһандық философиялық идеялардың бастау алуынан (Сократ, Платон және Аристотель көзқарасындағы) бастап, орта ғасырдан кейінгі еуропалық ағартушылық дәуірге дейінгі адамдардың көкейінде болды», - дейді ол.
Иә, адам болмысының бүгінге дейінгі өзгерісі түрлі өркениеттердің сүзгісінен өтсе де, әлі де зерделей түсуді қажет ететін тақырып.
Ирандық қаламгер «Жазушы – адам жанының инженері» деген теңеуді мысал етпесе де, қалам ұстаған қауым үшін адам жанының жұмбақ сыры тереңірек бойлауды қажет ететін мәңгілік тақырып екенін тұспалдағандай.
Екінші болып сөз алған жазушы Төлен Әбдік «Қазіргі әлемдегі әдебиеттің жағдайы қандай?» деген сауал көтеріп, өзінше тарқатып берді. Қаламгер қазақ әдебиетінің бүгінгі жағдайын бағамдап, оның әлем тілдеріне аударылу мәселесін көтерді.
«Кеңес заманында тамаша шығармалар жазылды. Бірақ біз әлемдік әдеби аренаға шыға алмайтынбыз. Қазір тәуелсіз ел атансақ та, өз қазанымызда қайнап отырмыз. Алайда сең қозғалды» деп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан қазақ әдебиетінің әлемнің алты тіліне аударылу бастамасын меңзегендей болды. Десек те, бармақ басты, көз қыстылыққа салынбай, қазақ әдебиетінің нағыз жауһарларына ғана тәржіме жасалуы қажет екенін алға тартты.
«Бүгіндері үздік шығармалар ғана аударылуы тиіс. Аударманың көркемдік деңгейі өте жоғары, түпнұсқаға мейлінше жақын болу керек. Бізде тұпнұсқадан, мәселен қазақ тілінен ағылшын немесе француз тілдеріне шығарманы аударатын адамдар жоқтың қасы. Сондықтан жолма-жол аударманы пайдаланамыз. Бұл аудармадан аударма жасау болып кетеді. Мұның өзі проблема туындатады», - деді ол.
Сондай-ақ жазушы елімізде кітап нарығының жолға қойылмағанын сынап, қаламақы мәселесінің де күрделі тұстары бар екенін айтты.
Әзербайжан жазушысы Юнус Оғуздың «Әлем қауіпсіздігі және әдебиеттің рөлі» деген тақырыптағы баяндамасы әсерлі болды. «Бүгін біз өте қауіпті әлемде өмір сүріп жатырмыз» деп бастады ол сөзін.
«Кеңес Одағы кезінде әлем екі полюсті болды: бір жағында қаруын көтерген кеңестік идеология, екінші жағында ақша мен материалдық құндылықты Құдайдың өзінен артық қойған АҚШ және Батыс мемлекеттері. Бұл айқастың нәтижесінде қарулы Кеңес Одағы құлап, екі полюсті әлем жойылды. Алайда қарулы қақтығыс әлі де жалғасып жатыр. Әлем бір полюсті болғанына қарамастан, одан қанның иісі мүңкиді, әр бұрышын өлімнің үрейлі елесі кезеді. Қандай жолмен болса да әлемді билеп, өз мақсаттарына пайдаланғысы келетін қара ниеттілердің қарқыны қатты», - деп күңіренді.
Әрмен қарай ол жаһандағы геосаяси, геоэкономикалық, әскери-геостратегиялық қақтығыстардың құрбанына айналған елдердің қазіргі хәл-ахуалына алаңдаушылық білдірді. Теорорлық топтардың зардабы тиген Таяу Шығыстағы мемлекеттер мен ондаған Африка елдерінің гуманитарлық апатты бастан кешіріп, туған топырағынан қашуға мәжбүр болып жатқанын тілге тиек етті. «Ең қорқыныштысы, бұл адамдар бір мезетте моральдық террорға ұшырап жатыр», - дейді ол. Расында, бәрінің көз алдында бүтіндей бір отбасы опат болып, бейкүнә сәбилер қыршыннан қиылып жатыр. Моральдық террордың кесірінен адамдар азаттығынан айырылып, еркін өмірінен қол үзуге мәжбүр.
Юнус Оғуз мырза әзербайжандық көрнекті ақын әрі драмматург Гусейн Джавидтің «Егер кімде-кім мына тоқтаусыз аққан қанды тыя алса, ол әлемнің ұлы құтқарушысы болады» деген сөзін мысалға келтіріп, «құтқарушыға» айналу үшін ең алдымен мәдениетаралық байланыстарды нығайту керек деп байлам жасады. Жазушы жанайқайы бірлікке, бір мүдде жолында қызмет етуге шақырады. Форумның да негізгі мақсаты мәдени-әдеби қарым-қатынастардың биігінде еуразиялық ортақ кеңістік құру болатын.
Юнус Оғуз көтерген мәселенің бізше бір түйіні «Адамзаттың бәрін бауырым деп сүю» болса керек.
Моңғолиядан келген жазушы Гун-Аажавын Аюурзана баяндамасы мүлде қызық болды. Оның тақырыбы: «Әдебиеттегі транцформация һәм жанрлардың бәсекеге қабілеттілігі».
Жазушының пайымдауынша, әдебиеттегі «жанр» ұғымы анықтамасынан ауытқып барады екен.
«Біздің дәуірдегі уақыт мәшинесі көз ілеспес жылдамдықпен, зымырап барады. Көп нәрсе өзгерді, соның ішінде әдебиеттің жеделдігіне қайран қалуға болады. Бүгін біз «заманауи әдебиеттің бағыт-бағдары», «осы заманғы әдебиеттің басты жанры», «жаңа поэзия» делінетін қартаң ұстаздың семестрден семестрге дейін секірген шұбалаңқы, таптауырын лекциясының күні келмеске кеткенін көрдік. Бағдар сәт сайын өзгеріп, «жанр» деген ұғым анықтамасынан ауытқып барады. Әсіресе поэзияның қай жағы жаңа, қай жағы көне, қайсысы жасанды екенін айыру қиынға соғуда. Жазушы тұрақты үлгіден кетіп, оқырман өз ләззатынын айырылды», - дейді ол.
Аюурзана бұрынғы социалистік елдердің оқырманның жеке әлемімен санаспай, бірқалыпты, қасаң қағидалардың шырмауынан шыға алмағанын айыптады.
Моңғолиялық қаламгер: «Жанр» дегеніміз қандай да бір шығарманың мызғымас анықтамасы еді. Көсемсөз зергерлері мен әдебиетшілер жаңа шығармасын жарияларда «трагедия», «сатира», «батырлар жыры», «тарихи төңкерістік», «тұрмыстық», «лирикалық» деп лақап атау беруі міндетті болатын. Ал, оқырман қауым қандай шығарма оқитынын, қандай пьеса көретініне психологиялық тұрғыда даярланатын-ды. Әдеби оқулықтар жоғарыдан төмен қарай бірқалыпты түсіндірілетін. Бұл әйгілі «1984» романынан бастап, «Фарангейттің 451 градусына» дейінгі шығармаларда көрініс тапқан таныс құбылыс. Тоқсаныншы жылдардан бастап шығармаға мұндай анықтама беру мән-мағынасынан алыстады. Басқа халықтарды қайдам, Моңғолияда кейбір жанрлар атымен жойылды. «Тарихи төнкерістік» шығармалардың оқырманы жоғалып, бір кезек «саяси жанр» пайда болды. Одан кейін барлық шығарма тек «лиризмге» ауысып, соңынан оның да мәні жоғалды», - деді.
Аюурзананың айтуынша, түр жағынан поэзияда «өлең», «поэма», «өлең роман» деген белгілі үштіктің соңғы екеуін таңдап жазып отыратын «мақұлық» біржола ғайып болды. Ал, проза тек қана «әңгіме», «повесть», «роман» атты үш бөлек түр кейпінде қалды. Бірақ, ортанғысымен де қош айтысар кезіміз жақын секілді. Осылайша, жазушының пікірінше, жалпы әдебиетте «өлең», «әңгіме», «роман» атты үш қана жанр қалған.
Жанрлардың «жаназасын» шығарып, трансформацияға терең бойлаған Гун-Аажавын Аюурзана ойларын саясаттанушы, публицист Расул Жұмалы сабақтады.
«Ғасырлар бойы әдебиет адамның ойын жеткізуші, адалдыққа үндеу жасаушы жалғыз платформа болды. Алайда бүгінде әдебиеттің ағартушылық, тәрбиелік мәні бұрынғыдай соншалықты айқын емес. Оның орнын көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары басып келе жатыр. Тиісінше, жазушылар мен ақындарды қолдау төмендеп келе жатқаны тағы бар. Сондықтан болар 20 ғасырдан бүгінгі заман әдебиетінің айырмашылығы жазушылардың ықпалы төмендеді. Сөзсіз «авторитет» саналған көркем сөз иелеріне қатысты ұлттың ар-ожданы деген анықтама бұрынғыдай айтылмайды. Хемингуэй, Бродский, Әуезов, Айтматов, Гамзатов секілді алыптар азайды. Бұл жағымды құбылыс па, керісінше ме, әркім өзі шешсін», - деді Расул Жұмалы.
Саясаттанушы бұл ретте уақыттың күрт тығыздалуына байланысты ірі поэмалар мен көптомды романдар дәуірі біртіндеп өтіп бара жатқанын айтты.
Тиісінше, алдыңғы шепке повесьтер немесе әңгімелерге негізделген шығармалар шығып жатқанын сөз етті.
Расул Жұмалының баяндамасы «Әдебиет және идеология: мемлекеттің рөлі» тақырыбында болды.
Біз жоғарыда сөз еткен баяндамалар пленарлық отырыстағы бірінші бөлімнің ғана еншісіндегі дүние. Одан кейінгі бөлім «Аймақтық әдебиеттердің дамуы» деген тақырыпта өтті.
Бұл бөлімде әдебиеттанушы, аудармашы Сафар Абдулло «Жаһандану заманындағы Орталық Азия халықтарының әдебиеті», Еуразиялық Жазушылар одағының Төрағасы Якуб Өмероғлы «Түркі дүниесі әдебиетінің даму перспективалары», «Роман-газета» журналының бас редакторы, жазушы Юрий Козлов «Жаңа замандағы орыс әдебиеті», саясаттанушы, публицист Айдос Сарым «Ұлттық код және мәдениет. Сана модернизациясы», ақын Мейірхан Ақдәулет «Қазақ әдебиеті және қазіргі әлем» тақырыбында баяндама жасады.
Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым да осы форумда мазмұнды баяндама дайындап, қатысушылар мен оқырман қауымды елең еткізді. Ол осы бір еркін пікір алаңында сөз сөйлеуге мінбер ұсынған ұйымдастырушыларға алғысын айтып, әлем халықтарының көпшілігінің өмірі, саясаты мен әдебиетінде ерекше рөл атқарып, үлкен өзгерістердің басы болған 45 жыл бұрынғы Азия және Африка елдері қаламгерлерінің 5-ші Алматы Конференциясын еске алды.
«Сол айтулы конференцияның жұмысына әлемнің 70 мемлекетінен келген 215 қаламгер мен қоғам қайраткері қатысты. Олардың арасында Африка және Азияның 55 мемлекетінен 180 ақын-жазушы болды. Сонымен қатар, дәл осы күні бұл қозғалыстың дүниеге келгеніне 60 жыл толғанын да атап өткен жөн шығар. Ол бар болғаны, 30 жыл жұмыс істеді. Еске сала кетейін, Тұңғыш конференцияның тұсауы 1958 жылы Ташкент қаласында кесілді. Оған 37 мемлекеттен 204 әдебиетші-қаламгер қатынасты. Сол жиында «Ташкент рухы» Декларациясы жасақталып, бекітілді. Одан бөлек отаршылдық пен империалимзге қарсы қарар қабылданып, Азия және Африка елдері жазушыларының Ассоциациясы құрылды. Ассоциация жанынан «Лотос» әдеби-саяси журналы шығып тұрды. Артық айтқаным болмаса, аталған форум жұмысы Азия мен Африка елдерінің біразының тәуелсіздік алу жолындағы қадамдарына ықпалын тигізді», - деді ол өз сөзінде.
«Интернет пен ақпараттық технологиялар заманында Әлемді мәтінді жазған және тарихты жеткізген адамдар билемек. Сол себепті «адам өзі оқыған һәм жете түсінген кітаптардың салмағы» десек те болады. Ал, жазушылар – олар жәй ғана әлем емес, жаңа ғаламшарларды жаратушылар. Яки адамзаттың шарықтауы я құлауы - жазушылар мен ғұламалардың ойларының тереңдігі мен кеңдігіне байланысты. Адамзат тарихы – бұл, ең алдымен, идеялар мен мағыналардың тарихы», - деп өз ойын түйіндеген саясаттанушы арғы-бергі тарихқа шолу жасап, шараның мән-маңызына тоқталды.
Сондай-ақ, ол әдеби форумның негізін қалаған қаламгерлердің есімін елеусіз қалдырмай, еске алып өткенді де жөн санады.
Мейірхан Ақдәулетұлы бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйін жасырмай айтып, жауапкершілік жүгі туралы тұщымды пікір айтты.
«Қанша «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампитар» дегенімізбен, әдебиетіміздің қадірі қашыңқырап бара жатқаны рас. Көп оқимын, өзім үшін, не үшін өмір сүріп жатқаным үшін, әдебиеттегі тенденцияларды білу үшін. Содан білетінім, дәл біз сияқты томаға-тұйықтыққа салынып жүргендер жоқ. Біз көп мәселеде тыйым салынған кеңес заманында да ұлы әдебиетімізді қалыптастырдық емес пе? Кейін жаңа заман келді. Алайда соңғы 20-25 жылда кітап оқуды қойдық.
Өз арамызда әдебиет туралы айтпайтын болдық, жазған адамның бәрі гений, оған бір нәрсе айтсаң өзара айтыс басталады. Біз бүгін билікке ренжиміз, ал кешегі кеңес билігі тұсында жаңбыр-жаңбырдың арасында жүріп, әдебиетті әдемі көтердік емес пе? Ал бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын барынша пайдаланайық. Сөйтіп, әдебиеттің жауапкершілігін күшейтейік. Әдебиетке дарынды жастар келе жатыр, бірін білсек, бірін білмейміз. Себебі бір-бірімізді оқымаймыз, ал бізге бірінші кезекте рухани бірлік, рухани сүйеніш керек, әркім қолынан келгенін жазсын да, халыққа ұсынсын», - деп ағынан жарылды ақын.
Мейірхан Ақдәулетұлы: «Біз әлеммен салыстырғанда кішкентай халықпыз. Әдебиетіміз, мәдениетіміз көп елден басым. Бірақ бізден басым елдердің әдебиетіне еліктейміз. Көбінесе өз атымыз шыға бермейді. Қазір шығармамыз басқа тілге аударылса, соған мәз боламыз. Осындай жиналыстарда «кітабым бәлен тілге аударылды» деп мақтанамыз. Қазақ әдебиеті ең алдымен қазақтарды көтерсін. Әдебиетіміз керемет аспандап тұрса, өзге ұлттар өздері іздеп келіп, аударып алады. Бізде үлкен потенциал бар. Бастысы, жастарды жасытып алмайық», - деді.
Жарыссөзбен жалғасқан үшінші бөлімде де түрлі ойлар айтылды. Қазақстандық қаламгерлерден бөлек, Низом Қосим (Тәжікстан), Sandra Ratniece (Латвия), Валерий Мошняга (Молдова), Акбар Рысқұлов (Қырғызстан), Нора Майораш (Мажарстан) сынды шетелдік қонақтар да сөз алды.
Бұл – тек бірінші күні айтылған ойлардың бір парасы ғана. Ең бастысы, баяндамашылар айтылуға тиіс бүгінгі мәселелерді бүкпесіз айтты. Көпшілік талқысына тастады. Сөзден қуат таймағанын, қаламгерден қауһар кетпегенін сезіндірді. Және ең маңыздысы, ғаламдық проблемалар басқа-басқа емес қазақ топырағында, тәуелсіз қазақ елінің төрінде көтерілді! Қазақ ұлтының жалпыадамзаттық мәселерді қаузайтын зор әлеуетке ие екендігін көрсетті. Еліміздің әлемдік әдеби кеңістіктегі интеграциясына өз себептігін тигізіп, руxани-әдеби келбетін айқындай түсті.
Үзілісте бір-бірімен шұрқырай көрісіп, бұрыш-бұрышта қауқылдасып жатқан қаламгерлерді көріп, көңілді ерекше бір толқыныс биледі. Жастар жағы ағалардың маңайын төңіректеп, әр әңгімесіне ынтызарлықпен құмартады. Бәрі де бұл жиынның ертең-ақ тарихқа айналарына кәміл сенетіндей.
Форумның екінші күні жанрлар бойынша (поэзия, проза, драмматургия, аударма) секциялық отырыстар болды. Бұл жерде де ауқымды мәселелер көтеріліп, қызу пікірталастар болды.
Қазақстан Жазушылар одағы мен Иранның Жазушылар қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
P.S. Сөз басында 1973 жылы Алматыдада Азия және Африка жазушыларының V конференциясы өткенін айтқанбыз. Сол жиынның өтуіне атсалысқан көрнекті ақын Олжас Сүлейменов араға 45 жыл салып ұйымдастырылған форумға қайта келіп, сөз сөйледі. Мұндай әдеби басқосулардың ұлттық әдебиетіміздің дамуына һәм әлемдік деңгейде насихатталуына сеп боларына тілектестік білдірді. Бұл жиын қаламгер қауымға жаңа үміт, жаңа сенім арқалатқандай болды. Сең қозғалды. Жауапкершілік жүгі арқаға ауды. Қазақ әдебиеті бір шеңберді ғана шиырламай, жалпыадамзаттың ортақ құндылығына өз қазынасын қосуы тиіс. Уақыт – күттірмейді. Жаңа ғасыр жаңалыққа зәру. Ендігі кезек - қаламгерлерде...
Шерхан Талап,