Үш өлең жаздым. Қызық болсын деп. Үшеуінің де аты «Мысық», яки, үшеуі де мысық туралы. Әуелгісін Қадыр Мырзалиев «болып», екіншісін Тұманбай Молдағалиевтің, соңғысын Сағи Жиенбаевтың үлгісімен жаздым. Қадыр Мырзалиевтің «авторлығымен» жазғаным мынадай болды.
Шатырға өрлеп тырмысып,
Көзіндегі от қандай,
Келе жатты бір мысық.
Көздегені көп торғай .
Тайып кетіп табаны,
Мысық кенет секірді.
Домаланып барады,
Бейне шарик секілді,
Жорыған-ды ел өлдіге,
Қарай гөр сен мықтыңды,
Шыр айналып келді де,
Аяғымен тік тұрды.
Жаралған ба құрыштан,
Акробат нақ дерсің.
Шыға келіп бұрыштан,
Бір ит сол сәт тап берсін.
Жымырылды қос құлақ,
Айқастың ба, бол епті.
Тырнағымен осқылап,
Жолатпады ол төбетті.
Айтам сөздің турасын,
Әлсізге өмір – зор қайғы.
Мысық болып туғасын,
Пысық болмай болмайды.
Ал, мынау, «Мысық» Тұмағаңның шекпенінің етегінде ұйықтаған мысық.
Өзімдей жетім едің, сенгіш едің,
Және де аңқау едің, ергіш едің.
Жетімді жетім ұғар, бала мысық,
Көргеннен досың болғым келді сенің.
О, менің, зарлы күнім, жарлы күнім,
Бар еді-ау, кереметтей бал қылығың.
Дәуреннің пластмасса мысықтарын,
Немерем менікі деп алды бүгін.
Көңілдің жығылмады бәйтерегі,
Апаршы сол күндерге қайта мені.
Сені бір сипай салса несі кетті,
Мені бір мақтай салса қайтер еді.
Жетімдер жетіледі дедің маған,
Жүрдім ғой ақтаймын деп сенімді әмән.
Алатау оған куә мына тұрған,
Алматы біледі оны менің қалам.
Жылдар- ай, жылдар, жылдар барады ұшып,
Өлең деп жан берістік, жан алысып.
Жетімдер жетіледі деп келемін,
Мен сені ұмытқым жоқ, бала мысық.
Сағи ағайдың «Мысығын» былай жаздым:
Сонау бір бала шағымда,
Жұп- жуас өзі әдемі,
Жемнің бір арғы жағында,
Мысығым менің бар еді.
Жекіріп кенет қуса кім,
Қойныма оны тығар ем.
Жұп-жуас менің жұмсағым,
Жұмсағым менің бір әлем.
Болмаса- дағы жырынды,
Алдынан құс та өтпеді.
Құс түгіл, ұшқан шыбынды,
Қағып-ақ түсер епті еді.
Оймауыт бүгін жырақта,
Жабайы мысық көп дейді.
Көп болса болсын, бірақ та,
Бірақ та саған жетпейді.
Асығам ылғи ауылға,
Ауылдың жөні бір бөлек,
Жемнің бір арғы жағында,
Жұмсағым күтіп жүр ме деп.
Заман-ай десеңізші, ол кезде үшеуі де тірі, үшеуіне де оқып бердім. «Әзілің жарасса…» дегенге жығып. Бірақ, әзіліміз жараспады, әсіресе, Тұмағаңмен. Шалың шамданып қалды. «Сен, бала, менімен қалжыңдаспа. Жасыңда қалжың болсаң, өскенде мылжың боларсың» деген бар. Сен менің Құралайыммен қатарсың ғой. Онсыз да…» деп сөзінің аяғын жұтып қойды. Не айтқысы келгенін білемін, алдында ғана Жарасханның Тұмағаңа арнаған ащылау эпиграммасы жарияланған. Жығылғанға жұдырық, менің мынауым онсыз да құлазып қалған ағама ауыр тиді білем. Осы жерде айта кеткенді жөн санап отырмын, эппиграммаға келгенде менің мұным да, басқалардың бұрын соңғы әзілдері де, тіпті, Есенбай Дүйсенбайдың жалаң ұйқасқа құрып бүгінгі жазып жүргендері де Жарасхан жазған қалжың өлеңдердің қасында жіп есе алмайды, қазақта эпиграмманы Жарасхандай жақсы жазған ешкімді көрмедім. Жә, тақырыбымызға оралайық, жақсының ашуы шәйі орамал кепкенше деген, кешке Тұмағаңның өзі звандады. «Сен, бала, енеңді… неге маған жазасың-дағы, ала қойды бөле қырыққандай, Қадырға жазбайсың?» деп бастап еді, «жаздым, ойбай, Қадырға да, Сағиға да» деп шыр ете қалдым. «Ал, кәне, Қадырға жазғаныңды оқы!» деді. Оқыдым. Тұмағаң көңілденіп сала берді. «Жақсы екен. Енді мұныңды ағаңның өзіне оқып бер, сосын не дегенін маған айт» деді. Қадекеңе бардым, ол тыңдап алды да «Мұны сен Тұманбайға оқыдың ба?» деп сұрады. «Оқыдым» дедім. «Не деді ағаң?» «Жақсы екен» деді. «Е, оның әдеті, жақсы өлеңнің бәрін не Қадыр жазады, не Қадыр туралы жазылады деп ойлайды».
Екі ағаммен солай тарастым. Үшінші Сағи ағаға оқыдым. Жұмсақ жымиып күлді. «И-и-и, тұқымың көбейсін, тұқымың көбейгір, әйтеуір қарап жүрмейсіңдер ғой. Дегенмен, анау «шыбынды да жібермейді» деген жерді алып таста, оны сен емес, әуелі Қадыр айтқан, тұқымы көбейсін…» деді. Кейін «Мысықты» Өтежан Нұрғалиев, Мұхтар Шаханов болып та жаздым. Көшіп-қонып жүргенде ол «дүниелерімнің» қайда қалғанын білмеймін, алда-жалда табылса, оқырманға ұсынсам ба деп те ойлап қоямын кейде… «Бабамыздың бабасының бабасы сонау көне қыпшақтар заманында, Таңғажайып Отырар алабында, Бір керемет ақылды мысық бопты, Ақылдысың десе жұрт ісіп-кепті. Ісіп-кеуіп жүргенде қара басып, Байқаусызда құдыққа түсіп кетті…» деп Мұхтар Шаханов «болып» бастағаным өзіме ұнап еді, таба алмай жүрмін.
Ол кезде біз ауылдан енді келген баламыз, заман басқа, заң басқа, біздің жастығымыз шын мәніндегі жастық болып өтті, қамсыз қарекетсіздігімен, қателік кемшілігімен, аңқаулық албырттығымен, еркелік, еріншектігімен… Ол кезде жастар арасында бүгінгідей сауда-саттықпен айналысу, амалдың жоқтығынан тамыр- таныс қуалау, ағайын-жекжат жағалау, өзіңді өзің насихаттау деген ілуде біреу болмаса емге жоқ, есіл дертіміз – Өлең. Дүниеде өлеңнен басқа қызық жоқ. Дүниеде Өлеңнен басқа азап та жоқ. Сол азапқа азат басыңды өзің апарып құл ету неткен ғанибет еді десеңізші. Ағаларымызға қатты еліктейміз, олардың қай қайсысы да өз алдына бір төбе. Қай қайсысының да біз оқымаған өлеңі жоқ. Қай қайсысын да біз, әлбетте өз отырыстарымыз да жеке-жеке талдаймыз. Біздің отырыстар Жазушылар Одағынан гөрі сыраханаларда, қыздардың бөлмелерінде, жеке пәтерлерде, аялдама, жатақханаларда…өтеді. Кейде оларды «Абай жолындағы» кейіпкерлердің атымен атаймыз, ал, кейде өзімізше ат қоямыз. Мысалы, анау бір «көке» Тәкежан, қасындағы тоқашқа тойып алып Одақта алшаңдап жүретін семіз кедей Әзімбай, анау сұрамсақ, Жұман қырт секілді, мынау Бөжей, анау болса Шұбар, ортаға пәлен деген жазушы ағамыз өткен ғасырда туса кім болар еді деп сауал тастап, соған таласа-тармаса жауап тауып жатамыз немесе түген ақынды жеңгелері бала кезінде қалай атады екен деп өзіміз ойдан шығарған сұраққа өзіміз жауап іздейміз және табамыз да. Лақап есім дейсіз бе, псевдоним дейсіз бе, ол «аттардың» кейбірі болмаса көбі бүгінде ұмытылды. Ал, Сағи ағамызға бірауыздан қойған атымызды ұмытқан емеспін, ұмытпайтын да шығармын. Ол «Жұмсақ» деген ат. О баста бұл «атты» ойлап тапқан кім екені есімде жоқ, өз басым «авторлыққа» таласпаймын. Менің «авторлығымдағы» бір-екі «есім» болғаны рас, бірақ олардың өте-мөте «бездарный» болып шыққаны сонша, араға бір-екі күн салмай-ақ ұмытылды, содан бастап бұл «ойынның» менің қолым емес екенін түсіндім де іргемді аулақ салдым. Қалай десек те Сағи марқұмның екінші есімі оның мінезіне, болмысына, жүріс-тұрыс, жұртпен қарым-қатынасына, ең бастысы өлеңде ол жасаған Мінезге байланысты дәл қойылған ат еді. Бірде қызып алған бір жас ақынның оған, Сәке не Сағи аға деудің орнына шатасып Жұмеке, Жұмаға деп қалғаны да бар. Ертесіне қатты ұялып, қалай кешірім сұрарын білмей «Баспалар үйінің» бесінші қабатында қипақтап жүргені әлі көз алдымда. «Мына тұқымың көбейгір маған Жұмеке дейді, Жұмағали Ысмағұловпен шатастырып жүрсе керек, жоқ Жұмекен деп ойлап қалды ма екен, қасқаның баласы» деп күледі ештеңеден хабары жоқ ағамыз.
Сағидың өлеңдерін неге ұқсатуға болады? Бұның жауабы әрқилы болуы мүмкін. Меніңше оның өлеңдері жаңбырдан соңғы жұпар иісі бұрқырап шыққан далаға ұқсайды. Жеп-жеңіл, тап-таза бір әлем. Оны азыңқырап, қажыңқырап жүрген кездерде қолға алатынымыз да содан болар. Қара көлеңкеден жарыққа, лайсаңнан көкорайға, ызғардан шуаққа асыққан адамның жансерігі болатын поэзия.
Сағиды, қысқа қайырып айтсақ, Тазару үшін, арылу үшін оқу керек.
Балалық шақтары соғысқа тұспа-тұс келген ақындардың бәріне тән бір ортақ қасиеттер болады. Олардың қай қайсысы да жыл мезгілдерінен Көктемді ерекше шабытпен жырлайды. Әсте, тумай жатып қара суыққа ұрынып, қиын-қыстау, аш-жалаңаш тар жол, тайғақ кешулерге тап болғандықтан ба қайдам, әйтеуір Жылылық маусымы олар үшін ерекше қадырлы. Көктем, әлбетте бірінші кезекте Тұмағаңның маусымы, тіпті лирикадан гөрі салмақты ой айтуға машық Жұмекен мен Қадыр ағамыз да жазғытұрым десе сеңі бұзылған дариядай жібіп сала береді.
Сағи ағаның көктемі оның жанынан өмірбақи кетпейтін мәңгі бірге маусымы еді.
Сағи ағаның көктемі нұрлы көктем, жылы көктем еді.
Әсте адам жасы ұлғайған сайын Жылылықты ұнататын болуға керек.
Жап-жасыл…дүниенің жасыл бәрі,
Жап- жасыл бұлттар да анау асудағы.
Осынау кереметті көргісі кеп,
Дертіп тұр жасыл бүршік ашылғалы.
Немесе
Көктем зулап өтіп жатыр төбемнен,
Көкшіл булар көшіп жатыр белеңнен.
Белді буып бір жұлдызды бетке алып,
Бір сиқырлы жолға түсіп келем мен.
Осы жолда өтеді енді өмірім,
Осы жолда қартаяды серігім.
Менен бұрын кеткендер көп бұ жолмен,
Мен бұ жолға түскендердің соңымын.
Немесе
Көктемде бір көк тоғай
шуылдайтын,
Көктемде бір тұла бой дуылдайтын
Бетке жұққан даланың ақ тозаңы
Ақ жаңбырмен жумаса
жуылмайтын.
Көңілдің де,беттің де кірі кетіп,
Ағушы едік даланы дүбірлетіп,
Ақ найзағай секілді айқыш ұйқыш,
Ақ жауынның арасын тіліп өтіп.
Немесе
Көктемдей нәзік сезіммен,
Кеудені күйлер тербейді.
Қара бір жердің өзін де,
Қаттырақ басқың келемейді.
Сағи ағай, бәлкім алқын-жұлқын асау өлеңдер жазбаған болар, қолдан жасалған патриот ақын, ұлтшыл ақын деген анықтамалықтарда оның есімін кездестірмесеңіз таңқалудың керегі жоқ. Ондай қасиетті атты бүгінде екінің бірі егіздің сыңарына тели салуды дағдыға, әдетке айналдырдық, сондай «тізімге «оның аты ілікпеуі әбден мүмкін, бірақ «ұлтшылмын»деп айқайламай-ақ ұлы істер тындыруға болатынын бір үйренсек Сәкеңнен үйренуге болатын еді. Ертеректе оның Жем өзені туралы бір шағын өлеңі болды. Буырқанып, бусанбай-ақ, тасып-төгіліп, орай шауып, ойқастамай-ақ, тып-тыныш қана шымырлап ағып, талай мекенге нәр беретін, әр беретін дала өзенін әдеттегідей әдемі суреттеген еді. Бүгін қарап отырсақ, сол момақан өзен туралы жыр Сәкеңнің өзі туралы өлең екен ғой.
Мен ұлтшылдық туралы сөз болғанда бүгінгі екі иығын жұлып жеп, бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып қалардай аласұрып жүрген көзі тірі «жанкештілерден» гөрі өмірден өтіп кеткен момын ағаларымды көбірек ойлаймын. Адамды жас ұлғайған сайын сағыныш… ия, сағыныш деген бір дерт діңкелете түсетіні рас екен, қайран көкелерімнің қай қайсы да сағыныш туралы өлең оқысақ, неге ойланып қалатынын енді түсініп жүрмін. Ол кезде біз кімнің қадырын білдік, ненің парқына жеттік?!
Мен оның Әже туралы шағын ғана өлеңдерін басқалардың арыстандай ақырған, өлі әруақтарды шақырған «ұлтшыл» дастандарының ешқайсысына да бермес едім. Ол қазақ поэзиясында Әже бейнесін қайталанбастай ғып сомдай білді. Оның әжесі сенің де, менің де, оның да әжесі секілді әсер қалдырады. Ескі мақал «аспанда ай ортақ, көкте күн ортақ «дейді. Жерде жақсы адамдар ортақ. Таныс образ. Әлсін-әлсін қайталап оқып тұратын өлеңдерің болады емес пе, мен үшін сондай жырлардың бір оның «Ауылға барғанда» атты Әже туралы балладасы.
Өзімнің ғана балам деп,
Өсірген мені бауырында,
Бетімнен туған анам кеп,
Бір сүйген емес алдында.
Бар жоғы бір-ақ шумақ. Осы төрт жолда қазақ деген ұлтта ғана болатын Әже бейнесі бар. Көп сөз, артық бояу жоқ. Әжесінің бауырында өскен бала оқудан ауылға қайтып келеді. «Жеткізер емес жол да әлі, Жүрісі шабан нардың да, Ақ қайың құсап жондағы, Ақ әжем отын алдымда. Билік жоқ бала шағаға, Болады соның айтқаны Барыпты сонау қалаға Өзі алып мені қайтқалы» дейді. Кенет түтіні шұбап ауыл көрінеді. Етегіне сүріне-қабына бір әйел бұларға қарай жүгірді. Жолсерік пошташы шал «құдай біледі, шыдамай жүгіріп келе жатқан мынаның шешесі шығар» дейді. Айтса айтқандай, алқынып жеткен ана нардан домалап түскен ұлын құшағына қысып «құлыным»деп жылап қоя береді. Ана жүрегі деген осы. Ол керек десең тау бұзады, тас қопарады. Бірақ… Сол сәт түйе үстінен түйіле қараған кемпір:
– Болды ғой, деді соншама,
Қамкөңіл жандай зарыққан,
Күлмей ме мынау ел саған,
Ұялсаң нетті халықтан.
Алқынып сонша ұшпай-ақ,
Ауылда күтсең не етеді.
Белгілі сүйіп құшпай-ақ,
Баланың сенікі екені.
Біледі бүкіл қауым да,
Ашуы жоқ-ты мұншалық.
Қарамай тартты ол ауылға,
Қамшымен нарды бір салып.
Осындағы «белгілі сүйіп құшпай-ақ баланың сенікі екені» деген сөздің қаншалықты салмақты екенін сезу үшін Қазақ боп туу керек. Әйтпесе, «онда тұрған не бар, шыны сол емес пе?» деп желе жортып, сыдыртып өте шығуға болады. Ұлт ерекшелігі деген осы сынды өте нәзік иірімдерден құралатын болуға керек. Қазақ деген кім десеңіз, қазақ деген осы Әже. Оның осы бір сырт қарағанда зілсіз ашуында дүниені теңселтер күш бар. Оған қарсы тұру мүмкін емес. Ұлтымыздың ұят-иман, обал-сауап дейтұғын рухани әлемдік институттарын қалыптастырған да, оны ғасырлар бойы өзгерту, құбылту, модернизациялау сүргілерінен аман сақтап келе жатқан да сол күш. Сол күшті сезінбегендерді, сезбей өскендерді аяу керек. Түптеп келгенде әңгіме ұлтты сақтап қалу туралы болып отыр.
Арада жылдар өтті. Бала есейіп ер жетті. Әже о дүниелік болды. Кешегі келіншек бүгінде Әже. Кезекті сапардан ауылға оралған баланы тағы да ауыл қыр басынан қарсы алады.
Аймалап жатқан көппенен
Апам да бірге ұмтылды.
Қинады-ау, сол шақ өзін де,
Құшаққа мені ала алмай.
Аймалап жатқан кезінде,
Ақ әжем көріп қалардай.
Оның Әже туралы тамаша өлеңдері тек мұнымен шектелмейді. Әже туралы әрбір өлеңі ескі тақырыпқа арналғанмен шын мәнінідегі жаңа дүниелер болды.
Әженің жайлы арқасы,
Секілді мамық құстөсек.
Жабысып қолдар, айқасып,
Ертеден кешке түспес ек.
Шешеге бір сәт ұнамай,
Түнере қалса бұлт келіп,
Әженің бауыры ұядай,
Кетуші ек оған зып беріп.
Сәні еді ауыл үйдің де,
Жүруші ек оны пір тұтып.
Жеткізген бізді бұл күнге,
Жабағы жұлып, жүн түтіп.
Шынында, соғыс жылдары есейген ақындар үшін Әже ерекше тақырып. Мұқағали айтады:
Жетер енді, жел сөзді желпіді інің,
Жолаушы аға барсың ба, мен тірімін.
Атын былғап аман-сау жүрсің бе сен,
Қазақтың қасиетті кемпірінің.
Жұмекен ағамыздың әжесі әуелі өлеңдерінен көрінсе, кейін келе прозасына көшіп оқыған адамның жадында мәңгі қалатын образға айналды.Қадыр ағамыздың Әже туралы өлеңіне Нұрғиса Тілендиев ән жазды.
Күнделікті өмірде ыңғайға көнгіш, момындау, қақ соқпен ісі жоқ, дау-дамайға араласпай тыныш өмір сүретін «жұмсақ» ағамыздың қайыңның безіндей қатты, қара емендей қайсар мінез танытатын тұстары болды. Ол кезде былайғы жұрт Сағи ағаны тани алмай қалатын. Әңгіме қазақ өлеңінің тазалығы туралы болып отыр. Ол «Жазушы» баспасының поэзия редакциясын басқарып отырғанда қаптаған қалың халтурамен аяусыз күресе білді. Бұл айтуға оңай сөз. Принципті басшы болу деген қай кезде де жау көбейту дегенмен бірдей. Сол заманда әдебиеттің маңында жүретін кісілірдің бәрі білетін бір ақын болды. Ешкімге залал-зияны жоқ жақсы кісі еді марқұм. Әттең, өлеңі өте нашар болатын. Соған қарамастан қалай да кітап шығаруды мақсат тұтып, түрлі айла-шарғылар жасайтын. Оның қай қылығына да төтеп берген Сағи аға болды. Сағи аға бастаған поэзия редакциясының әділдігі арқасында ол кісі «заманның ұлы халтурщигі» атанды. Бірақ, ол бұл атаққа намыстанбайтын, күліп қойып, «шедеврларын» әрі қарай туындата берді.
Сондай бір «ұлы шығарманы» талқылауға қатысып отырсыз делік. Мынадай қойылымды көзіңізге елестетіңіз. 1980-жылдар… «Жазушы» баспасы. Поэзия редакциясы. Кезекті арыздан соң арнаулы комиссия құрылып, «ұлы ақындардың жаңа шығармаларын» талқылауға жиналған жұрттың арасынан, әлбетте бірінші боп Ғафекең, Ғафу Қайырбеков сөйлейді. Сөйлегенде не дейді?
– Сен, Сағи қарағым, қандай жігітсің өзің, сені біреулер қой аузынан шөп алмайтын жуас деуші еді, біреулер жуас қашаған деді, екеуі де емес, қолынан іс келмейтін бозбас біреу боп шықтың ғой. Егер поэзия редакциясын басқару қиын боп жүргенін өзің айтуға ұялсаң біз айталық Есағаңа (Есағаң – Есет Әукебаев, «Жазушы» баспасының сол кездегі бас редакторы) ертең-ақ приказ шығартады,-деп қаһарлана бастайды сөзін. Кең бөлме құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Сағи ағамыз сыр берер емес, төмен қарап жымиған қалпы міз бақпайды. Аға буын даудың арты не болар екен деп аңысын аңдып үндемесе, біз сияқты жастар бір бұрышқа тығылып демімізді іштен алып үргедектеніп отырмыз. «Шырағым Сағи», – деп жалғайды сөзін Ғафекең, біз сені бұл араға халтурамен күреседі деп отырғыздық, ал сен болсаң құлыннан сақау, құнаннан тісеу қалдырмай ойдан қырдан, Еділ, Жайық, Сырдан тіпті, понимаешь жерден көктен бүтіл халтураны жиып әкеліп біздің алтын уақытымызды алып талқылауға саласың. Алтай-Атырауда «Жазушыны» жағаламайтын халтөршік қалды ма өзі? Неменеге алыстан іздейсің ондайды, алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала дегенді айтқан ата-бабаң сен екеумізден гөрі ақылды кісілер еді десем бұған да дау айтатындар бар ма, со принциппен келгенде мына ортамызды толтырып отырған қадырлы Әбекең, Әбулақап Райымбеков ағаң кімнен кем, жоқ сен айт, сен айт қане, айтқанда дар алдында тұрғандай төмен қарап міңгірлемей, ар алдында тұрғандай басыңды көтеріп тұрып айт, естілік бәріміз, естісін Алаштың азаматтары, қайсысынан кем солардың мына отырған есіл Әбең? «Азаулының Стамбұлдан несі кем», безобразие, арғы бергіңде қырық мың жол жазған кімің бар, көлем жөнінен Гомеріңнің де енесін ұрып жібермей ме, Әбулақап ағаң. Жоқ, шырағым Сағи, сенде аға силау деген болмаушы ма еді, а?» деп бір қайырғанда зал толы жұрт не күлерін, не күлмесін білмей аңырып отырып қалады. Әбекең марқұм қожанасырлау кісі «Ғафеке, мен туралы Сағиға Хамаң да (Хамит Ерғалиев) айтқан, бұлар Хамаңа да құлақ аспай отыр ғой?» деп арқалана бастап еді, жұртқа ілесе Сағи ағай да күліп жіберді. Ғафекең болса, «Әне, Әбулақап, көрдің ғой, күлгені келіскені, басылады кітабың, басылмаса Хамаңды қоттап-қоттап қайта cаламыз, қорықпа» деп тағы күлдірді. Кейін Сәкең осы тақылеттес ситуациялар туралы: Бар екен ғой қызық қызық тіршілік, Тұр екен ғой сәуле шашып, күн шығып. Өмір бойы жүріппін ғой, обал-ай. Әбулақап арызына тұншығып деп жазды. Өмірінде кісінің бетіне жел боп тимеген момын ақынды осындай қатқыл шумақтар жазуға мәжбүрлеген нендей жағдайлар еді? Осыдан-ақ ахуалдың қаншалықты күрделі болғанын аңғару қиын емес.
Әлбетте, қысыр сөз күлмекке жақсы, анығында сіз бен біз тоқырау кезеңі деп есекке теріс мінгізіп қойған сол заманда әдебиеттегі халтурамен күрес аяусыз жүрді. Бармақ басты көз қысты, басқаны білмеймін, әдебиетте жоқ еді. Бәлкім қызметтен өсуде, ақша табуда, орден, атақ, шен шекпен, қаламақы, пәтер, саяжай, машина алуда заңсыздықтар болса болған шығар, бірақ Әдебиетті бағалауда халтураға жол берілмеді, поэзия ағайыншылық, жерлестік, жікшілдік деген дерттерден таза болды. Нәтижеде, қазақ әдебиеті осындай биік дәрежеге көтерілді, әсіресе поэзия жанры қатты өсті. Образ жасауда, көркемдік көкжиектерін кеңейтуде, техникалық, формалық ізденістерде бұрын-соңды болмаған табыстарға жетті. Сол екпінмен өткен 90-жылдардың орта шеніне дейін келдік, одан бергі жерде өз басым ілгерілеуді көріп отырғам жоқ, баяғы шалдар салып берген ескі сүрлеуді шиырлап келеміз. Қатал сын, әділ таразы жоқтың қасы. Есесіне бұрын соңды болмаған, көз көрмек түгілі құлақ естімеген артық бағалау, асыра мақтау, біржақтылық, одашылдық, ұраншылдық басым. Бұрын мұның бәрі ұят саналатын. Қазір осы тақылеттес өлең жазбасаң ұят. Шаруаң ілгері баспайды. Шалқаңнан түскеніңді аңғармай қаласың. Ең жаманы осындай моральдағы тұтас жас буындар қалыптасты. Ол кезде қазақ әдебиетінде жалғыз Әбулақап болды, бүгінде әр облыс, әр аудан, әр ауылдың өз Әбулақабы өсіп жетілді. Біздің Әбулақап жасамыс кісі еді, бүгінгі әбулақаптар жасарып келеді. Бұлардың біреуіне сын айтсаң, қалғандары Р. Киплингтің «Мауглиіндегі» бандерлогаларша шуылдайды. Ол кезде әдебиетке байланысты әрбір сыйлықтың өз салмағы болды, бүгінгідей балық үлестірген сынды қарбалас ол кезде болған емес. Әдебиет Әдебиет еді.
Қалай болғанда да, Сағи ағамдар бақытты ғұмыр сүрді. Мәнді, мағыналы Өмір кешті. Ол жаман өлең жазуға алдындағы Қуан ағаң Шаңғытбаевтан ұялды. Себебі Қуан ағаң қазақ жырына адал боп өтті. Оның кітабына «АР» деп ат қоюуына моральдық та, шығармашылық та толық құқы болды. Ол туралы кезінде Ұлы Мұхаң, Мұхтар Омарханұлы Әуезов айтты. «Сағиларға жүрмей-ақ аға болып, Өле өлгенше өтсем ғой бала болып» (Қ.Шаңғытбаев).
Мұқағали халтураға бармады. Алдында «ашулы Грозный патшаға ұқсап» Әбекем, Әбділдә Тәжібаев тұрды. «Жаман жыр жазған күні ақ таяғың, Арқамда ойнар ма деп қауыптенем» (Мұқағали).
Ия, олар бақытты адамдар еді. Мен суретші емеспін, суретші болсам таңғы таза ауамен тыныстап, жаңбырдан соңғы шықты кешіп келе жатқан, ақ көйлек киген бір топ адамның бейнелерін салар едім.
Сол кезеңнің ақындарының қай-қайсы да өзінен үлкен ағаларын кереметтей сыйлай білді. Сәкең Сырбай ағаға арнаған өлеңінде аға сыйлаудың қандай болуға керегін көрсете білді. Ал Досхан Жолжақсынов әнге қосып айтып жүрген «Ауыл қарттары» бүгінде классикалық туындыға айналғанын бәріміз де көріп отырмыз. Дүниеге келер бір рет, Дария – кеуде, тау мүсін. Құрыштан құйған құдірет, Қарттарым, есен-саумысың? Өздерің болсаң жанымда, Ел іші – жомарт, еңселі. Дән исі жүрген бұрқырап, Даламның бір-бір бөлшегі. Арада жылдар жөңкіліп, Алыстап кеттім біртіндеп. Айта алмай ауыз толтырып, «Ассалаумағалейкүм!»деп…
Мен Сағи ағамен көзі тірісінде көп араласпадым. Таныс-білістігіміз аман-саулық сұрасудан әрі асқан жоқ. Бірақ, неге – дүр, жыл өткен сайын, ағам алыстаған сайын мен оған жақындап келе жатқан секілдімін. Неге бұлай екен, а?
Есенғали Раушанов