29 қар, 2018 сағат 13:24

Есенғали Раушанов. Қараша

«Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бəрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып, елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ та Ерəлінің кең жазығында көп бұлаңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңада атқан. Салқын түннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып, шашасына шейін суландырған».

1980 жылдардың бас кезі еді...

Бір кезде Жəнібек хан салдырды дейтін алтын тəжді Астрахань шаһарынан бері қарай бүгінде қазақ жері. Əрі қарай ормандай қалың орыс тұр. Бабалар «Қайран да менің Еділім, мен қалмадым, сен қалдың» дейтін Ана Еділдің бір сағасы – Бозаң. Суретші табиғаттың Бозаңнан өтерде жеті бояу салған қоржыны қапияда суға ағып кетіп, бері қарай созылып жатқан маң даланы əбеқоңыр түспен шимайлай берген секілді. Оның үстіне таң атқалы себелеп тұрған мына бір суық жаңбыр да жердің миын шығарып, Мұхаңның, Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы» романында айтылатын күңгірт, бұлыңғыр аспан еңсеңді езе түсердей. Мұхаң сөзбен салған осы бір суретті іштей қайталаумен совхоздан совхозға өтіп Гурьевке келе жатырмыз. Еділдің жоғарғы салаларындай сыңсыған орман, көкорай шалғын мұнда аз. Əр жер, əр жерде жалғыз-жарым жеке өскен сексеуіл мен жетім бұйырғын қарауытады, жердің бетіне шыққан жарасындай боп, ойдым-ойдым ала сор алыстан ағараңдайды. Гурьевке жеткенде табиғат сізді аса көңілдендіре алмайды.

Гурьевтің ол кезде, шынын айтсақ, қала сиқы шамалы. Жер асты сулары тым жақын болғандықтан ба – көшенің тал-терегі биік боп өспейді, шерміш баладай жатаған. Əсем жаратылыстан гөрі əлжуаз тарбиған-тарбиған аурушаң бір əлемнің ішіне кіріп кеткендей көңілің əлем-жəлем болады. Қарашаның қақ ортасы болса да біз тоқтаған үйдің дəлізінде сары маса өріп жүр, жертөледен қолқаңды қабатын жаман иіс келеді. Ол кезде Қазақстан облыс орталықтарының арасында ең нашар қалалар Гурьев пен Қызылорда еді. Гурьевте адам көз тастап қарайтын жалғыз ғана ғимарат бар – ол да болса орыстың шіркеуі екен дейді жолсерік орыс журналист терезеден сыртқа қар- ап. Онысымен қоймай тағы да, пердені ашып шіркеуге бара жатқан кемпірлерге «С параздником Вас, ведь, сегодня Гурьев день» деді айқайлап. «Знаем, сынок, знаем» дейді кемпірлер көңілденіп. Қараша айының 28-ін орыстар «Гурьев күні» деп ерекше қастерлейтінін кейін білдім. Дəл осы күні қар түссе ол қашан күн жылынғанша жатады дейді екен. Тағы бірде «Ала байтал мінген Гурий жын-шайтанның бəрін жерге тықты» деп те жоритын көрінеді.

Ала байтал дейтін себебі – бұл айда қар түсуі мүмкін, қар түспеген күннің өзінде шөп басын қырау шалары анық. Жер ала дейтін шақ осы. Қара алтынның Отаны атанған қайран аймақтың мына ахуалы шынында аянышты еді. «Қайтеміз, өз байлығың өзіңе бұйырмасын» деген қарғысқа ұшыраған ел болар- мыз, əсте» дейміз іштей.

Біздің қазақтың «Қараша келеді, жақсылыққа бақса бетегеден биік, жусаннан аласа келеді, жамандыққа бақса қары мен жаңбыры таласа келеді» дейтін айы осы ай. Байқап отырсаңыз, көшпелі ел он екі айдың ешқайсысын да жамандамаған. Қараша тұрмақ, қаһарлы қаңтардың өзінен жылылық тауып, қыстың жазға бергісіз май тоңғысыз күндері деп сүйсінеді.

Сүйсіне білгенге не жетсін. Сол жылы Гурьевтің аяқ алып жүргісіз батпақ көшесін кешіп келе жатып, Жайық бойында өсіп тұрған жалғыз түп талшын ағашын көргенім есімде. Шулы қалада күтпеген жерден ескі танысыңды кездестіргенде əуелі абдырап қаласың ғой, сəлден соң құшақтар айқаса кетеді. Жалғыз талшынды көргенде дəл сондай күй кештік. «Жазған-ау, сен мұнда қайдан жүрсің?». Мұны мен айттым ба, жоқ ол айтты ма? Əсте, мен айтқан болармын, себебі талшын ағашын Жайық бойынан кездестірдім десеңіз табиғаттан азды-көпті хабары бар адамның ешқайсысы сенбес еді. Əсте, сол замандағы жас натуралистер станциясы түлектері ме, əлде солтүстік жақтан не Кавказдан көшіп келген ағайындардың бірі əкеліп отырғызып, күтіп баптады ма екен – əйтеуір сұрғылт түман басқан суық кеште сүп-сұр үйлердің арасынан нарттай жанып шыға келген талшын ескі таныстай көзге оттай басылды. Ол – бір жылда түсін үш рет өзгертетін ағаш. Көктемде жаңғақтың жапырақтары сияқты жайылып өседі де, қызыл күрең түске енеді, жаз ортасында ашық көк, күзде сары алтындай жарқырап алыстан көз тартады. Осының бəрі бір ағашқа тəн бояулар екеніне сенудің өзі қиын. Қарашада талшын жаңғағы пісіп, жерге төгіледі. Бүгінде Ал- матыда талшын көптеп отырғызыла бастады. Мысалы, соңғы төрт-бес жылда тартылған əл-Фараби даңғылы жағасының екі беті қаз-қатар талшын. Күтімі тəуір болса тағы бірер жылдан соң шырқап көкке жайылып, шынардай сұлу боп бой түзеп кетері сөзсіз. Содан бері талшын десе Киев те, Алматы да, Бішкек те, Стамбул да емес, сонау ит арқасы қияндағы Гурьевте көрген жалғыз ағаш есіме түседі. Адамның басы – Алланың добы дейді. Адамның көңілі ше? Күтпеген жерден жолыққан жетім тал көңіл күйімді көтеріп жібергені есімде. Мен енді қарашаның өңі қап-қара емес, бұның да өзіне тəн түрлі бояулары, алуан нақыш-саздары барын ойлай бастадым. Сол күні кешке Жайықтың төменгі ағысынан аққулар ұшып өткенін естідім. Ол жылдары аққулар бүгінгідей Маңғыстау жарты аралында қыстамайтын. Сұлу құс, құпия жұмбақ құс іңкəр көңілді одан сайын ынтықтырушы еді. Қайда қыстайды олар, қайдан келеді бізге?

Сол Гурьев бүгінде айдынды Атырау шаһары боп адам танымастай өзгерген. Ұлы өзгерістің басында қазақтың аймаңдай азаматы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов тұрғанын бүкіл Алаш біледі. «Болар істің басына жақсы келер қасына», қолға алса бітпейтін шаруа болмайды екен. «Бұ дүнияда екі қала ешқашан көгермейтін болса бірі Гурьев» деген сөз əшейін бозада айтылар бос сөздің бірі болды.

Сол жолы біз қаланың сары масасына таланып келе жатып осы айда Алтай мен Жетісу тауларында шыбынсыз жаз өтіп, алтын күз сапарын аяқтап, қыс келетінін ойладық. Адам қысты да сағына ма екен? Сағынады. Қарашаның қара лайсаң жолы, суық жаңбыры жалықтырғанда ақ қар жапқан тауларды аңсайсың. Таулар қай кезде де əдемі.

Қыпша бел өзен жақта анау,

Сайрады сол құс тіл безеп.

Қыламықтаған ақ қар-ау,

Кідіре тұршы бір мезет

 

Қайтпайтын шақты сағынып,

Қайғысын шегіп арманның,

Қараша қарын жамылып

Қамығып əнге салған кім,

десек, ол құс, əлбетте сушылқара. Сушылқара өзенде мұз қатқанда келіп, суық суға сүңгіп қорек іздейтін ерекше құс. Осы бір ақ төс қоңыр торғай туралы əңгіме де, аңыз да көп.

Қарашада келетін тек бұл ғана емес, сондай-ақ қайшы ауыз, əсемшымшық, суықторғай, сарышымшық, шекілдектер алыстан келсе, саңырау құр, шіл, тентекқұс, сарыторғай, қарақұр, қарға, сауысқан, торғайлар қыстап қалады. Дегенмен, жаздың кеткені білінеді. Алда не күтіп тұр? Көңіл алаң. Əлденені күтесің, сағынасың.

Көп ағаның арасындағы жалғыз қарындастай аяулы Жайық, ақ Жайық ағады бұлаңдап.

Иə, қарашада қайтатын құстар қайтып болады. Бұл əлімсақтан əлбетте аян жəйт. Ал енді қарашада біздің өлкемізге келетін құстар бар десем сенер ме едіңіз? Қарашаны кейде «жылдың өліарасы» деп те атайды. Жылдың өліарасы осы кезең болса, айдың өлірасы деген не? Осы туралы бір ауыз сөз. Қазақ жаңа ай туардан бұрынғы үш күнді өліара дейді. Жаңа ай дегеніміз бүгінгі сіз бен біз қолданып жүрген күнпараққа сай келмейді. Бұл жерде қияқтанып туатын жартыкеш Айды (кейбіреулер шатасып жүргендей он бесінен толған Айды емес) айтып отырмыз. Осы үш күнде аспандағы Ай көрінбей «жасырынбақ ойнап» жатады. Осы үш күнде көбінесе күн райы бұзылады. Мысалы 2014, 2016, 2017-жылдардың қарашадағы өліаралары осындай күрт құбылуларымен есте қалды. Бірақ былтырғы жылы Алматыда, қара- шаның күн райы жиырма тоғыз, отыз дəреже ыстық боп басталды да, он алтысы күні аздаған қар аралас жаңбыр жауды. Ертесіне қайтадан ашылып кеткені есімізде. Шымкентте тұратын жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбайдың есебі бойынша осы айдың 23-і не 24-інде Ай мен Үркер бір сызықтың бойымен жүріп келіп, бір бірімен бет- теседі. Тоғыс дегеніміз осы. Екеуі өткен айдың яки қазанның 25-і күні тоғысты. Бұл есепке дау айтушылар болса, тыңдауға əзірміз. Бір адамның есебінен гөрі екі адамның есебі əрқашан да тура шығады ғой. Нұрғабыл ауа райын бақылаумен отыз жылдан бері айналысады. Қазір ол марқұм Назарбек Қожамсейітовтен кейінгі бірден бір жұлдызшы боп танылып жүр. Болжамдары көбінесе дəл келіп жатады. Алғашқы мақалалары кезінде республикалық «Зерде» журналында жарияланған кезден бастап-ақ ол ел назарына ілікті. Бүгінде көптеген шаруалар Нұрғабылдың есебіне жүгінеді.

Біз тоғыс туралы келесі мақалаларымыздың бірінде басқа да есепшілердің болжамдарына құлақ түре отырып кеңірек айтатын боламыз. Шығыс философиясында қарғыстың жаманы «өтпелі кезеңде өмір сүргейсің» деген екен. Қараша байғұс, сол айтпақшы, «менде жазық жоқ, бар күнəм сонда – өліара кезеңді атқару маған нəсіп болғаны» дегендей көз жасын көлдетіп ұзап барады. Осы кезде оның қайғысын жеңілдете, қайғыға демеу болайын, көңілін сергітейін дегендей алыстан ұшып жететін бір құс бар. Оның аты – самырқұс. Осы бір аласапыран шақта алдыңнан шығатын самырқұсты Жайық бойынан қанша іздесем де көрмедім. Əдетте қараша айында олар шетен дəндерімен қоректену үшін қаптап ұшып келетін. Қомағайлығы сонша, тəтті дəнге құнығып кетіп күпті боп қалады да, ағаш басынан жерге топ етіп құлайды. Сырын білмейтін адам өліп қалған екен деп ойлауы мүмкін. Бірақ, ол тірі. Дəнекке түйіліп демі жетпей жерге құлады. Сəлден соң кішкентай ғана асқазаны үздіксіз жұмыс істеп, тал қоректі жылдамдата қорыта бастайды, ұзамай құс есін жинап қайта ұша жөнеледі. Əсіресе, балапан самырқұстар тойғанын білмейді.

Самырқұс келсе сəн келеді,

Самырқұс келсе əн келеді.

Мырзашөл қазақтарының «Қараша топар аяқ сүйретілген, Кіреді жылан інге иретілген» дейтұғын кезі бұл. Басқа аймақтарда жылан ініне қыркүйек өте-ақ кіріп алуы мүмкін. Жыланның уы шоқтай, қаны мұздай. Оның дене қызуы сыртқы ортаның қызуына байланысты. Күн ысыса ол, бабына келеді, уы күшейеді, ауа салқындаса керісінше əлсірейді. Бұл айда күн қызуы бар болғаны 15 дəрежеде болса жылан жұтқан асын қорыта алмай, əлсіреп жатады, ал 10 дəрежеде ғана болса əрең қозғалады, 2-3 ғана дəреже жылыда иретіліп, белін жаза алмай жатып қалуы əбден мүмкін, күн жазатайым 4-6 дəрежеге суытса серейіп қатып қалуы кəдік. Бұдан жылан тек күн ыстықта ғана өмір сүреді екен деген тоқтам шықпауы керек, шамадан тыс ыстық та ол үшін қауіпті. Мысалы, ғалымдар 43 дəреже ыстықта күн көзінде қал- ған жыландардың жаппай қырылғанын бақылаған. Мырзашөл демекші, бұл аймақта кешегі кеңес заманында мақта жинау науқаны қарашаның орта шеніне дейін жалғасатын. Бұл іске жаппай жұмылдырылған мектеп оқушылары оқу бағдарламаларынан көп артта қалып келді. Нəтижеде білім сапасы төмендейтіні дау тудырмаса керек. Бүгінде мақта жинауға «жаппай жұмылдыру» əдісі жоқ. Оңтүстік диқандарының арасында «қырықпа қауын» аталатын қауын түрімен (Ел арасында «Дүнияда шырын қауын қырықпа деймін, Қырықпаңыз жүдə ұнамды жұртқа деймін, Қырықпаңыз сықпаңызбен таяр болса, Не бопты ұшырардай жұтқа деймін» дейтұғын өлең бар) «қара дарбыз» немесе «күз тарбыз» дейтұғын қарбыз түрін де осы кезде жинай бастайды. Бұл екеуін жер еміп өскен ағайындар айнытпай, бұзбай сақтап келіп жаңа жыл мейрамында дастархан мəзіріне қосады. Тəшкеннің Алай базарында өзбек ағайындар осы екі сортты наурыз мейрамында да сатып тұрады.

Жиын-терімнің толық аяқталар кезі осы кез. Көне Рим қағанатында, тіпті одан арғы Вавилон елінде де қарашаны «салық айы» деп атапты. Неге дегенде, науқан аяқталғаннан кейін түсім-пайда, зиян-шығынның есеп қисабы безбенделеді емес пе? Абай «Қарашада өмір тұр, Тоқтатсаң тоқсан көнер ме, Арттағы майда көңіл жүр, Жалынсаң қайтып келер ме?» дейді. Күз келсе адам неге осы ойшыл боп кетеді ек- ен деген сауалға ешкім жауап берген жоқ. Ең бастысы, кісінің өзіне қояр сұрағы көбейеді. Көбейген сайын жауап табылмайды. Абай айтпақшы, жалынсаң да. Шыныңызды айтыңызшы, солай емес пе?

Есенғали РАУШАНОВ