Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Есенғали Раушанов биыл мерейлі 60 жасқа толады. Атаулы датаға орай 16 тамыз күні Астана қаласында арнайы кеш өтпек. Өлең кеші туралы жақын күндері толығырақ хабарланады. Ал, бүгін біз ақынның "Амал деген айыңыз..." атты жаңа кітабынан бір топтама ұсынуды жөн көрдік. Кітап алдағы уақытта жарық көрмек.
* * *
Амал деген айыңыз – жаңбырлы ай бұл,
Жаңбырлы ай бұл – жылаулы тағдырдай бір.
Мен риза жылаулы тағдырыма,
Өтіп жатқан шөлімді қандырмай бір.
Амал деген айыңыз – мына келген,
Күн қабағын ашар ма сұрағанмен,
Жаңбыр кешіп жүгірген балалық-ай,
Құлыншақтай құлдырлап құба белден.
Иен дала жаңбырмен жуынғанда,
Ен салатын ауылда құлындарға.
Құлағынан қан саулап қасқа құлын,
Дірілдейді, қорқады қыбырларға.
Құлағынан қан аққан құлын дене,
Кетпей қойды көзімнен бүгін неге.
Кісінейтін сияқты қыр астында ол,
Сатырлаған нөсердің үнін бөле.
Осы менің тағдырым неге бұлай,
Көз алдыма кіл жетім келеді ұдай,
Өңірімде шынымен аз болды ма?
Өрен жүйрік, шоң мен би, өрелі бай.
Көз алдымда сай-сайдан өрген елес,
Көш, көш бұлт, елесті өңгере көш.
Не бар сонша бүлінген – амал келді.
Амал келіп жылап тұр – ол мен емес,
Жылай берсін!
* * *
…Содан кейін жаңбыр жауа бастады,
Көкте бұлттар жошы ұрып.
Жылап тұрды Алматының аспаны.
Екеумізге қосылып.
Жауды жаңбыр – ақ тамшылар секіріп,
Сөне берді отты үміт,
Сізбен бірге бара жатты Өтірік,
“Бақытты бол” деп күліп.
Бұрын оны көрмесем де таныдым,
Суық екен күлгені.
Алдында әлі кездесерін тағы мың,
Бала жүрек білмеді.
Бала жүрек қалды езіліп ұядай,
Құлап түскен ағаштан.
Қапияда тамып кеткен сиядай,
Кітабына жаңа ашқан.
Жүре берді сол өтірік жайылып,
Ғадауат боп біз сорға.
Ол не тапты сізді менен айырып,
Не таптыңыз сіз сонда?
Бүгінде оны ұмыттыңыз, білем мен,
Жаңбыр жасын төгеді.
Көресіз бе, күз келіп тұр түнерген,
Сүйем әлі мен оны.
* * *
Әжем аспанға қарайды.
Ай қараңғы.
“Жалғыз ұлдың сүйегі қайда қалды?!”
“Мен де айырылғам ботамнан” дегенді айтып,
Адасқақ нар боздайды сайдан арғы.
Жаңбырсыз жаз, көл құрғап, көнек кепкен,
Құдық жақта құлын-ау шелек тепкен,
Жарық астау дүңк етті – құдай білед,
Адасқақ нар оралды бөлек кеткен.
Үйге кіріп сары тазы жылмаң қағып,
Жата қалды бөстекке жылдам барып,
Неге әжемнің жалғызы оралмайды,
Біз ел жаққа көшпейміз құмнан нағып?
Ай туады ақыры сарылдырып,
Бәрін көріп жатырмын бәрін біліп.
Әжем келіп иіскейді, жасын тиып,
Жадыраймын қайтадан жаным кіріп.
Өтті менің бал күнім жұлынбай-ақ,
Әжемді аяп, нарды аяп, құлынды аяп,
Жар басында жарбиып мұңаятым,
Қиялыммен қызылдың құмын бояп.
Мені аңсайтын не қалды – жал ма, сор ма?
Өкінішті өткен шақ – ол да сонда.
...Түннің исі болатын жұпары өзге,
Сол иісті сағынам анда-санда.
КЕМПІРҚОСАҚ
Аялда, бір сәт аялда.
Тыныстайыншы, саябыр тауын саяңда.
Кемпірқосақ деп ат қойған саған кім екен,
Кемпірі несі, қосағы несі, әй, Алла!
Өгей қызына “Өлсін” деп ныспы бергендей,
Аспан тұр марғау шеніне ғалам тең келмей.
Айнама лайық әйбәт бір есім тапқанша,
Өлермен бұлттар өрді де кетті өңмеңдей.
Тасып сөйлемей, сасып сөйлеген астарлай,
Заманнан қажып, бас ауған жаққа қашқанда-ай,
Саяси баспана сұрасам ба деп жүруші ем,
Сенің де жылың белгілі болды, Аспан-бай.
* * *
Азаудың Стабулдан несі кем?!
Доспамбет
...Астананы сүйем мен
Аманхан Әлім
Азау, саған не дейін,
Алабыңды алты мәрте айналдым.
Жас тығылды көзіме.
Жетінші рет тағы да бір көрейін
Ащы өксікке кептелсін,
Тас тығылар көмейім.
Мына көк жондағы көп мешіт,
Көлең-көлең көзді алса.
Көркем белге шыға алмай
Көрт түйеде бұраңдай
Қора айналып ез қалса
Ер Доспамбет садағына сары шіркей балалап.
Есіл Азау суды жағалап.
Алшаң басқан жер еді-ау,
Келбеті бөлек кез нарша.
...Есесі кеткен еліне,
Есенғали айта алмаған сөз қанша.
Азау, сені қайтейін,
Азау емес, басқасың,
Арамызда қара жартас, қасқа шың.
Ай, алаштың баласы,
Беліңді жау баспасын.
Кеше Арқаға қарай Астаналап көшкенде ел,
Азау тұрды ойымда,
Аға, сен нені ойладың – айт сана,
Айтатұғын жастасың!
“Бұл Астана деген қаласы,
Асты лай да, үсті мұз,
Сазға орнаған қала екен.
Мәз болмаған қала екен.
Есіл де, Есіл, Есіл су
Үйрек ұшып үдере,
Қаз қонбаған сала екен”, –
Деген сөзді айтырмас,
Азау – менің алыста қалған ағаекем.
АБЫЛАЙДЫҢ АСЫНДА АЙТЫЛМАҒАН СӨЗ
Қамшың жылан еді,
Атың құлан еді,
Жауың бұлан еді-ау, хан ием.
...Сол кеште асуылы қазаның қалып,
Қаша көштің Арқадан,
Алдыңа жығылмады қазағың нағып,
Ашуы ертесіне-ақ тарқаған,
Қазақ деуші едің ғой, хан ием.
Көкшеде көп айдын қалды көпіріп салқын,
Көк орман бойлап өрт кетті,
“Түркістан ауған кешегі опырық сартың,
Бір қатын үшін мерт бопты».
Дермене жусан теңселеді жамырай қалың,
Бақыл бол қайран ер соңы
...Далада өлді данагөй Абылай ханың,
Қазақ, білемісің сен соны.
...Ас өтіп жатыр Арқада.
* * *
Пай-пай, пай-пай, тәңірдің бергенін-ай,
Көкте – Құдай болғанда жерде мұнай –
Қазақ атты бір ел бар ортасында,
Қордалы би дейді оны көмбелі бай.
Үш қиянның көмбесін толғап айттық,
Көкке бір-ақ шығыппыз.
Зорға қайттық.
Көкте – Құдай болғанда жерде – мұнай,
Ал сол мұнай жоқ делік.
Сонда қайттік?
Ата қоныс дегенім – ар-намысым,
Сағана там, тарғыл тас, таңбалы шың.
Сені өзгеге қиям ба, кермек теңіз,
Жатқа сені берем бе, жарқамысым.
Кепкен шыңырау – алдыңннан о да шығар,
Еңку-еңку еңіске жол асығар.
Байлық та жоқ, бақ та жоқ – жұртың отыр,
Таусылмайтын, әйтеуір тобасы бар.
Шеккен мехнат кешегі, көрген азап, –
Бодауынан жарар ма көмбе ғажап,
Сол көмбесі болмаса болмасын-ақ,
Көкте құдай болғай да, Жерде қазақ!.
ПОЭЗИЯ
Сәуірдің түні. Қыздың деміндей жылы ауа,
Дүние түгел ән салғысы кеп тұр-ау, ә.
– Адалмын, – дейді келіншегіне үздігіп,
Қаңғыбас күйеу оралып үйге түн ауа.
Жан-жары үнсіз. Тіс жармай қойды күйдіріп,
Себеп жоқ, тегі, салайын десе қиғылық.
– Қайда жүрсің деп сұрамай ма екен, ой, Алла-ай,
Адалсың ба деп тергемей ме екен шүйлігіп.
– Е, мейлі, мейлі, арам дейсің ғой сен енді,
Кешігіп қалдым... Көрмейін, тегі төбемді...
Ақ адал жардың арындай аппақ төсекке,
Кіретін кезде кібіртіктейді неге енді.
Дегенімменен жүрегім таза, жолым ақ,
Арқанын үзіп ұзаған аттай сонылап,
Алыстап кеттім, ғарыштап кеттім мен сенен,
Сенен ғана ма,
Сенен ғана ма, о, бірақ?
Алдыңа келсем, түседі төмен өр еңсем,
Айыбымды айтшы, көрейін бірге не көрсем,
Есіктен бері неге аттатасың сен мені,
Неге үндемейсің, Өлең сен!
* * *
Әрине, менің әнім емес бұл ән,
Өтірік өзімді алдап елес қуам.
Шеберді шеңберінен шығармай жүр,
Баяғы сол ескі дау, сол ескі лаң.
Әрине, менікі емес мына қала,
Ал сонда кімдікі деп сұрама, аға,
Қызыл тіл таңдайыма жабысып тұр,
Айта алмай екі ауыз сөз құрамаға.
Әрине, білем бәрін, ұғам, аға,
Мына той, мына думан, мына қала,
Болмайды бір күнгідей – қалады ертең,
Мен кетем түпсіз терең құламаға.
Соны ойлап арпалысам, жанталасам,
Секілді тарқап кеткен бар тамашам,
Дүние шыр айналар секілді еді-ау,
Қап тауын “Я, Бекет !” деп арқаласам.
Талабым – қырсық шалған жуас ауыл,
Қай молда жолым кесті дуасы ауыр,
Жарқ етіп алдан жарық күн шығардай,
Ойпаңнан ой өргізем құла-шағыр.
Біз-дағы көштен қалған бір жаман нар,
Жын-пері өркешінде ыржалаңдар,
Сонау бір асқар таудың аржағында,
Дариға-ай, көрсем деген нұр заман бар.
Нұр деймін түнек деуге аузым бармай,
Гүлдері мен барғанша қаузын жармай.
Күтеді күндей келіп күллі жұрты,
Жүкті алып иығымнан тау зілмәндай.
Әзірге...
Ық-панасыз.
Сыз.
Қара күз.
Түсе алмай ұлы сорап ізге нағыз.
Ымыртта батпақ кешіп тапырақтап,
Арығың алға ұмтылған біз боламыз.