Өскемен жұрты үш күн бойы керім өнердің кереметіне кенелді. Тұңғыш рет өткен Рүстем Есдәулетов атындағы республикалық жастар мен студенттер театр байқауы мәреге жетті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, марқұмның балалары мен жары Маржан қатысты.
Асығып кетті арадан
Өскемен жұрты жасындай жарқ етіп, өнер саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырған талантты перзентін қатты сағынса керек, байқаудың ашылу-жабылу сәттерінде театрдың әйдік залында инешаншар орын болмады. Тіпті, кешігіп жеткен кейбір көрермендер есіктен қайтты. Есіктен кіру мүмкіндігіне ие болғандар ең әуелі театр фойесіне қойылған Рүстем Оразбайұлының мүсініне тағзым етіп, қысқа ғана ғұмырда артына қалдырған мол еңбегінен сыр шертетін көрмеге көз сүзді.
Егер Рүстем тірі болса, біздің өңірдің мәдениеті, поэзиясы, театры бұдан бір саты жоғары тұрар ма еді деген өкінішпен әлі күнге бармағымызды шайнаймыз. Бұл өткен жылы өңірімізде өткен үлкен фестиваль кезінде түйген ой болатын. Байқауға жастар мен студенттерді шақырып отырғанымыздың да өзіндік мәні бар. Өйткені, Рүстемнің арманының бірі – осы қазақтың қаракөздерін көтеру болатын. Болашақта бұл фестивальдің деңгейін, географиясын кеңейтуге жұмыс жасаймыз, - деді Жақсылық Омар құттықтау сөзінде.
Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш шараның идея авторы және осындай ауқымды түрде өтуіне мұрындық болған, Рүстемнің өмірінің соңғы сәттерінде тізе қосып, бірге қызмет атқарған досы – Жақсылық Омар.
Байқау шымылдығы марқұмның өмірінен сыр шертетін «Бөрінама» атты деректі фильммен ашылды. Алты жылдан бері ардақты ұлын сағынған жұрт фильмді ерекше ыждағатпен һәм махаббатпен көрді. Көңілі бос кейбір жандардың жанарына жас ілінді.
Зайсан өңірінің Қаратал ауылында педагогтар әулетінде өмірге келген болашақ режиссер ат жалын сол жерде тартады. Оразбай ақсақалдың кенже ұлы ерке болмады деп айта алмайсың, бірақ білсем, үйренсем деген ұлы мұқтаждық оны қатарластарынан ерте есейтті. Ауылдағы, мектептегі әртүрлі шаралар «сегіз қырлы, бір сырлы» Рүстемсіз өтпейтін болды. Міне, сол кезден-ақ ата-анасы мен ұстаздарына өзінің тегін адам болмайтынын бірден аңғартады.
Сауырдай киелі тұғырдан қанат қаққан ақүрпек Алатауға бет бұрады. Арманы – алдыңғы аға-әпкелеріндей қаламды серік ету, журналист болу. Бірақ театр дейтін сиқырлы әлем бозбаланың көңілін арбап, жүрегін жаулайды. Сонымен Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясындағы Маман Байсеркеұлының режиссура бөліміне оқуға түседі. Текке түспепті, бастапқыда аздап қиналғанымен, көп өтпей тағы да қатарластарынан қара үзеді, қағілездігін танытады. Бала күнгі арманына да қиянат жасамай, «Қазақстан» ұлттық арнасында жұмыс істейді.
Рүстемді Алматыдағы жайлы жұмыспен, үлкен әдеби ортаның қызығынан гөрі туған жердің руханияты көбірек алаңдатса керек, көп кешікпей Өскеменге бет бұрады. Мұнда жаңадан құрылып, аяғын апыл-тапыл басып жатқан жас театрдың көп жұмысы күтіп тұрған еді оны. Асығыс жұмысқа кірісті, он жылға жетпейтін уақытта жас театрды жасамыстардан оздырды, алдыңғы қатардағылардың сапына қосты. Өскеменде қазақ жастарының әдеби-мәдени ортасын қалыптастырсам деп зыр жүгірді. Поэзияға да уақыт бөлді. Иә, барлығына үлгірсем деп асығып жүретін. Асығып аттанып кетті... азғана уақытта асыл азаматтың осынша істерін көз алдарынан өткізген көрермен терең бір күрсініп алды.
Бас жүлде Астанаға бұйырды
Байқауда бес театр өнер көрсетті. Бесеуі де жас театр болатын. Бірақ олар жаспыз деген жоқ, театр өнеріндегі өзгеше бағыттарымен, өзіндік қолтаңбаларымен халықты қайран қалдырды, қазылардың оң бағасын алды.
Шараның жабылу салтанатына арнайы келген байқау иесінің ағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет інісіне деген елдің ілтипатына, билік тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын айтты. Театр туралы тың өлең оқыды. Рүстем жайлы арман-тілегін айтты.
– Шынын айтқанда, Рүстем қайтыс болғаннан кейін аты аталмай да бара жатыр еді. Бүгін оның атында үлкен фестиваль өтіп жатыр. Оралхан Бөкей қайтыс болған соң да бес жылға жуық ескерусіз қалған. Сол кезде «Оралхан оқуларын» өткізейік деп жалпы бағдарламасын жасаған мен едім. Енді Рүстемді де еске алып жатыр. Бұл байқау кеңге қанат жая береді деп үміттенемін. Әлеуметтік желіде Рүстемнің аты аталса, оның таныстары мен жанкүйерлері осы театрдың атын неге Рүстемнің атымен атамасқа деген сұрақтары мен ұсыныстарын айтып жатады. Мен бұл мәселені осы жерде отырған Рүстемнің досы Жақсылық Омар бауырымның назарына ұсынғым келеді, – деді Ұлықбек Есдәулет.
Байқауға келген қонақтардың құрметіне облыстық театр ұжымы Р.Есдәулеттің «Атымды адам қойған соң...» спектаклін сахналады.
Бұдан кейін байқауда ерекше өнер көрсеткен актерлер мен актрисалардың һәм театр ұжымдарының жұлдызы жарқырады.
«Ең үздік ер адам рөлі» аталымын Тәттімбет өнер колледжінің «Q» студенттер театры қойған «Қорқыттың көрі» қойылымындағы Қорқыт рөлін сомдаған қарағандылық Ахан Ерасыл еншіледі. Бұл Иран-Ғайыптың драмасы болатын. Ал «Ең үздік әйел адам рөлі» аталымын «А.И музыкалық театр орталығы» сахналаған М.Әуезовтің «Қаракөз» қойылымындағы Мүжан рөлі үшін Дина Заитова қанжыға байлады. Алматыдан келген бұл өнер ұжымы сонымен қатар «Ең үздік актерлік ансамбль» аталымын да еншіледі. Көкшетаудан Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесін» әкелген Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің «Жас толқын» театр студиясы «Өзекті тақырыпты меңгергені үшін» аталымымен марапатталды. Өңірдің намысын қорғаған Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің «Дәуір» студенттік театры «Ең үздік поэтикалық спектакль» аталымына ие болды. Олар М.Шахановтың «Танагөз» спектаклін қойған болатын. «Рүстем Есдәулетов атындағы бас жүлде» аталымын И.Сапарбайдың «Шәмші» («Сыған серенадасы») қойылымы үшін Қазақ ұлттық өнер университетінің «Студенттік лабораториясы» алды. Астаналық жастар бірінші рет өткен байқаудың жеңімпазы деген атақпен қоса 500 мың теңге жүлденің сертификатын алды. Қалған марапаттанушылар да ақшалай сыйлыққа ие болды. Бас жүлдені Рүстемнің соңында қалған тұяғы Олжас Оразбай табыстап, көрермен мен ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Байқауды қорытындылаған қазылар алқасының төрайымы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс Рүстемнің өнегелі өміріне, оның студенттік шақтары мен Жамбыл атындағы театрды басқарған сәттеріне тоқталды. Бүгінде Рүстем Есдәулеттің шығармашылығын зерттеуді жары Маржан қолға алып жүргенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бұл байқаудың дәстүрлі түрде өтіп тұруы жайында өзінің пікір-ұсыныстарын айтты.
Иә, «Өскеменім, қашан сенен қазақы от көремін?» деп жырлаған ақын Рүстемді туған жері осылай еске алып жатыр. Торқалы тойына жиналған халықтың қарасына қарасақ, ақынның бұл арманы да іске асқан сыңайлы. Рүстем жаққан Өскемендегі өнердің оты ешқашан сөнбесе екен.
Мұратхан Кенжеханұлы